Аймақтар • 15 Қаңтар, 2023

Қызылшаға – іскерлік көзқарас

334 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісуда маусым қорытындысы бойынша тәтті түбірден гектарына 427 центнерден өнім алып, 182 мың тоннаға жетті. Облыс үшін стратегиялық маңызы бар дақыл қант қызылшасын биыл жергілікті шаруалар 4 264 гектар алқапқа өсірді. Көксу қант зауытына 163 мың тонна тәтті түбір дақылдары жеткізілген. Бұл – өңірдегі 143 ірілі-ұсақты шаруа қожалығының ерен еңбегінің жемісі. Осы ретте өткен жылды қорытындылауды жөн санап отырмыз.

Қызылшаға – іскерлік көзқарас

Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков

Алдымен Кербұлақ ауданындағы «Қызылшоқы» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының қант қызылшасын өсірушілеріне тоқталғымыз келе­ді. Өңірде дәстүрлі дәнді дақыл­дар мен картоп өсірілетініне қара­мастан, жергілікті шаруалар биыл да қант қызылшасын егуге бел бу­ған. Дегенмен, алдын ала үлкен дайын­дық жұмыстары жүргізілді. Ма­мандар топырақты зерттеп, 12 жаңбыр­латқыш сатып алып, орнатты. Жоламан массивіндегі 300 гектар егістік алқапты суарды. Диқандар бұл табысты дақыл алдағы уақытта барлық шығынды өтейтініне сенімді болған. Айтпақшы, келесі жылы тәтті түбірдің егіс көлемін 500 гектарға жеткізу жоспарлауда.

Ескелділік диқан Айхан Би­мұратов өмір бойы мал шаруашы­лығымен айналысып, мал азығына қажет дақылдарды өсірумен айналысқан. Енді қант қызылшасын егіп көрейін деп шешіп, оны 80 гектар жерге еккен екен. Шаруашылық бүгінде әр айналымнан 500 центнерге дейін өнім алып, жалпы өнім 4 мың тоннаға жетіпті. Бұл алғаш қызылшамен айналысқан шаруа үшін үлкен нәтиже.

«Қызылша шығымының жақсы болуы үшін ең алдымен жерді уақытында тыңайтып, дақылды дер кезінде сеуіп, агротехнологиялық талаптарды сақтау керек. Алқапты суару, шөптеу жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылуға тиіс. Соның бәрі талапқа сай болса, жер жомарт қой, өнімді үйіп береді», деді «Мирас» шаруа қожалығының басшысы А.Бимұратов.

Ақсу ауданындағы «Әлихан» шаруа қожалығы да қант қызылша­сынан рекордтық өнім алды, яки гектарына – 711 центнер. Шаруа қожалығының басшысы Берік Тынышпаев атап өткендей, басты сыр – мол өнім алудың алғышарты болып табылатын агротехникалық шаралардың уақытында орындалуы. Бұл ретте Көксу ауданындағы «Жұлдыз» шаруа қожалығының басшысы Абдул Зейналов та 20 гектар жерге қызылша егіп, мол өнім алғанын мақтан тұтады. Агротехнологиялық талаптарды сақтаудың нәтижесінде өнімділік гектарына 800 центнерге жеткен.

Тәжірибелі шаруа иелері қант өнеркәсібінің табысты дамуы үшін агротехнологияларды сақтау, мемлекеттік қолдау және қажыр­лы еңбек қажет екенін атап өтті. Қант қызылшасын өсіру қиынның қиыны болғанымен, басқа егістік дақылдардың ішінде ең табыстысы болып саналады.

Жаздан бері Ақсу ауданында жер­гіл­ікті қант қызылшасын өсіруші­­лер­мен бірге тәжірибе алмасып, тех­­­но­­логияларды үйрену үшін Сол­түс­­тік Қазақстан облысынан кел­ген Да­вид Адамов та осындай пікір­де. Бұл кезеңде шаруа жерді дайын­дау­да, жеке техникасы бар және суа­ру­ды қамтамасыз ету үшін жаңбыр­лат­қыштар орнатуды жоспарлап отыр.

Жетісу облыстық ауыл ш­аруа­шы­лығы басқармасының мәлі­ме­тін­ше, маусымда Ақсу ауда­нын­дағы «Әлихан», Ескелді ауданын­дағы «Романенко.В», «Нам», «Дүйсенбинов», «Досанов», Қаратал ауданындағы «Орленок», «Сейд Оғлы Мұстафа», Сарқан ауданын­дағы «Самал», Талдықорған қала­сын­дағы «Самай» шаруа қожа­лық­тары әр гектарына  600 – 837,8 центнер аралығында өнім алып, жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Бұған шаруалардың өз кәсібіне тыңғылықты қарауымен қатар қызылша өсірудің тиімділігін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған тиісті көмектің де ықпалы зор болды. Мәселен, 2021 жылы қызылшаның бір тоннасы зауытқа 22 мың теңгеден қабылданса, 2022 жылы бұл сома 30 мың теңгеге арттырылған, соның 15 мың теңгесі зауыттан, 15 мың теңгесі – мемлекет субсидиясы. Енді келесі маусымда бұл көрсеткіш тоннасына 40 мың теңгеге өсірілетін болды, яғни мемлекет өзі беретін субсидия көлемін тағы 10 теңгеге арттырып отыр деген сөз.

«Жетісу» ӘКК мен Көксу қант зауыты бірлесе отырып, фьючерстік келісім негізінде шаруашылықтарға жыл сайын шетелдік селекция тұ­қымын береді.  Минералды ты­ңайт­қыш­тар мен гербицид құны­ның 50 пайызы субсидияланды. Көктемгі-күзгі егіс және жиын-терін кезінде дизель отыны жеңілдікпен берілді.

2022 жылы көктемгі дала жұ­мыстары үшін Көксу қант зауыты қызылшашыларға әр гектарына 100 мың теңге көлемінде қар­жылай қолдау көрсеткен. Зауыт жол шығыны үшін де төлем жасады. Ауданның алыс-жақындығына қарай әр тоннасына 1 мыңнан 5 мың теңгеге дейін төлем қарастырылған. Қазір қант қызылшасына арналған ауыл шаруашылығы техникаларын субсидиялау көлемін 25 пайыздан 50 пайызға дейін өсіру туралы бас­тама қарастырылуда. Бұйырса, келер жылы қантқа қарық боламыз!

 

Жетісу облысы