29 Мамыр, 2010

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ПЕН ОЙЫНДАРДЫҢ БАҒЫН АШСАҚ, ҚАНЕ?

1211 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Алматыда өткен алқалы жиын осы көкейкесті сауалға жауап іздеді Қазақта бұ­рын өзінің төл спор­ты­ның нешеме түрі болған. Спорт­пен егіз қозыдай үйлесіп жатқан ұлттық ойындарымыз қаншама. Еуропа мүлгіп жатқанда күміс өмілдірікті аттың құлағында ойнап, үзеңгіні шіреп, адырнасын ала өгіз­дей мөңірете садақ тартқан біздің бабалар емес пе еді? Ендеше, садақ атудың бүгінгі әлемдік сайыста­ры­нан қазақ оғландары неге көрін­бейді? Көкпар тарту, теңге алу, жамбы ату, аударыспақ, қазақ күре­сі, хан дойбысы, тоғызқұмалақ. Қа­зақи спорттың қан базарын қыз­дыр­ған Балуан Шолақ есімі елі­міз­дің ең үлкен Спорт сарайына бе­рі­луі де тегін емес. “Қансонарда бүр­кіт­ші шығады аңға” деп ұлы Абай жырға қосқан саятшылық. Ежелгі қыпшақтарда “Жылқы теат­ры” болған дейді көне тарих жәд­і­гер­лері. Ал енді қазақтың ұмыт бол­ған беймәлім ұлттық ойындары неше сан. Осынау бабадан қалған бекзат өнерлердің бағын ашатын, дем беріп тірілтетін, әлем жұрт­шы­лығына насихаттап танытатын да өзіміз емес пе. Шүкір құдайға, ұлттық спорты­мыз бен ойындарымыздың іздеу­ші­сі бар екен. Оның бүгінгі хал-жағ­дайы мен болашақтағы дамуына тол­ғанатын мүдделі жанашыр­лар­дың жанайқайы жақында өткен “Ұлттық спорт пен ойындардың бү­гіні мен болашағы” атты ғылы­ми-тәжіри­бе­лік конференцияда кеңінен естілді. Пленарлық мәжі­лісте – 8, секция­лық отырыстарда 53 баяндама тыңдалған алқалы жи­ын­ды өткізуге Қазақтың спорт және туризм академиясы мұрындық бол­ды. Жалпы, конференция ұлттық ойындар (тарихы, педагогикасы, этнографиясы мен психологиясы), ат спорты, зияткерлік ойындар, саят­шылық, балуандық пен күш өнері тұрғысындағы бес ғылыми ба­ғытта жұмыс істеді. Пленарлық мәжілісті ашқан Қа­зақ спорт және туризм академия­сының президенті, профессор Қайрат Зәкіриянов қазақтардың ұлттық мәдениеті мен төлтума жауһарлары ондаған жылдар бойы ұмыт қалғандығын қынжыла баян­дап, енді ғасырлар бойғы мәдени һәм спорттық ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғырту қажеттігін, оның елдігімізге сын екендігін өрелеп те, шегелеп те айта білді. Онысы жи­ын­ға қатысушы пікірлестер тара­пынан бірауыздан қолдау тапты. Айт­қандай, талқылау мен пікір­талас кезінде осы ғылыми форумды дәстүрлі ету жөнінде орынды тілек-талаптар білдірілді. Ұлттық ат спорты феде­ра­ция­сы­ның президенті Сәдібек Түгел: “Менің мақсатым – ұлттық спорт­ты көтеру” деп мәлімдеді. Спорт академиясының вице-прези­денті Елемес Әлімханов ұлттық спорт пен этнопедагогиканың бір­лігі жөнінде салиқалы ой өрбітті. Қазақ құсбегілігінің бүгіні мен ертеңі үшін толғанған “Жалайыр Шора” құсбегілер орталығының бас дирек­торы Бағдат Мүптеке жә­не басқа­лары бабадан қалған бекзат өнердің жайын билік басын­дағы­лардың назарына құлаққағыс қы­лып, саятшылықты спорт дәре­же­сіне көтерудің көкейкестілігін тілге тиек етті. Алматы қалалық “Алтын жебе” садақ ату федерациясының пре­зиденті Есенгүл Арыс қазаққа тән садақ ату спортының елімізде кен­желеп қалуына жол беруге бол­майтындығын баса айтса, Ш.Уәли­ханов атындағы тарих және этно­логия институтының аға ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабай ертедегі қыпшақ мәмлүктері тұсында жылқы театры және қазақтың көп­теген беймәлім ойындары болған­дығын анықтайтын тарих жәдігер­лерінен сыр суыртпақтады. Конференциядағы бір ғажап жағдай, Алатау бөктеріндегі “Қай­мар” таудағы спорт базасында, сұлу табиғат аясында тәжірибелік сабақ­тар өткізілді. Онда әркім садақ атып, сахара көшпенділерінің ежел­гі дәстүрлерімен жақынырақ таны­су­ға мүмкіндік алды. Ежелгі көш­пенділер садағынан атқан кон­фе­ренцияға қатысушы спорт­шы­лар­дың бірі жебені 495 метрге тү­сір­ді. Бұл атақты Гиннестің рекорд­тар кітабында ресми тіркелген көрсет­кіш­тен анағұрлым артық. Конференцияның екінші күні секциялардағы отырыстарда ұлттық спорт түрлерінің өткені, бүгінгісі мен болашағының неғұрлым кө­­кейкесті мәселелері қызу талқы­ланды. Бір тамашасы, конференция материалдары бойынша спорттың ұлттық түрлерінің алуан үлгілі си­паттарын кеңінен қамтыған кө­лемді мақалалар жинағы шыға­ры­лып та үлгерген екен. Осы саланың қайраткерлері ұлттық спорт пен ойындарға арналған заң қабыл­дануы дұрыс деп санайды. Ұлттық спорт түрлерін зерделейтін арнайы ғылыми-зерттеу орталығы ашыл­ғаны құба-құп. Көпшілік қауым туризмді “Жібек жолы” бойында ұтымды өрістету мақсатында Ал­ма­ты іргесіндегі Нұра ауылына рес­публикалық “Этно-Ауыл” дәре­же­сін беруді ұсынады. Екі жылда бір рет түркі халықтарының ұлттық ойындары мен спортына арналған ха­лықаралық конференция өткізі­ліп тұруы да ортақ істі ілгері бас­тырар аса игілікті қадам болар еді. Қазақ жылқысы, ұлттық ат спор­тының да шешімін табар өзекті мә­селелері өз алдына бір төбе. Қо­ры­та айтқанда, қазақтың ұлттық ойын­дары мен дәстүрлі төл спорты “Мә­дени мұра” мемлекеттік бағ­дар­­ламасына арнайы бір тарау болып қосылуы керек-ақ. Қорғанбек АМАНЖОЛ. ҚЫЗДАРҒА ҚЫЛЫҚ ҚАНА ЕМЕС, ЖІГЕРЛІЛІК ТЕ ЖАРАСАДЫ Астанада бокстан әйелдер ара­сында Азия чемпионаты өтуде. Осы аптаның басында елімізде тұңғыш рет жалауын көтерген сары құрлық бәсекесіне Қазақстан, Ауғанстан, Вьетнам, Үндістан, Иордания, Қытай, КХДР, Тайпей, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан, Оңтүстік Корея, Филиппин, Шри-Ланка және Жапония құрамалары қатысып, ASBC ережесі бойынша 11 салмақ дәрежесінде күш сынасуда. Әзірше чемпионат басталысымен Қазақстан, Қытай, Үндістан, Жа­по­ния мен қос Кореяның командалары үздік нәтижелер көрсетуде. Өзге ел­дің спорт­шыларын айтпағанда, біздің құ­ра­мада 46 кило салмақтағы Назым Қы­зайбай мен Оксана Королевадан (57 кг.) басқаларының бәрі бүгін басталатын жартылай финалдық кездесуге жолдама алды. Мұнда Наз­гүл Боранбаева (48 кг.), Әйгерім Ас­қарова (51 кг.), Жайна Шекербекова (54 кг.), Гүлжан Уббиниязова (60 кг.), Саида Қасенова (64 кг.), Елена Коль­цова (69 кг.), Дариға Шәкімова (75 кг.), Марина Вольнова (81 кг.) мен одан жоғары салмақта қолғап түй­істіріп жатқан Юлдуз Мамат­ку­лова чем­пио­нат басталысымен жек­пе-жек­терінің бәрін сауатты өткізіп, жеңіске жетті. Ал сәрсенбі күні өткен ширек финалдық кездесуде Назым мен Оксананың қарсыластарына есе жіберіп алғанын ұлттық құраманың аға бапкері Л.Тілеубаев қыздардың бойында жарысқа деген жігер бол­ғанымен, олардың қарсыластарының ұстанған тактикасына көп мән бер­мей, психологиялық шыдамдылық танытпайтын қасиеттерімен бай­ла­ныстыруда. Оның айтуынша, қазір қай елдің боксшы қызын алып қара­сақ, шаршы алаңға шыққан соң олар міндетті түрде жеңіске жету үшін ал­ға ұмтылып, қарсыласының такти­касына көп мән бере бермейді. Осы чемпионатта қос қызымыздың же­ңіл­­генінің себебін осымен бай­ла­ныстыруға болады. Дегенмен, бокс­тың білгір бапкерінің пікірі бой­ын­ша, бізде өзге елдің өкілде­­рімен бә­се­келесе алатын спорт­шылар бар­шы­лық. Қазір құра­ма­дағы қыздар­дың көбі әлем чем­пионаттары, ха­лық­аралық турнирлер мен жарыс­тардың жеңімпаздары, жүлдегерлері. Астанада өтіп жатқан биылғы бә­секеде Қазақстан коман­дасы Қытай және Үндістан бокс­шыларынан айласын асырып, бас жүлдені жеңіп алуға мүмкіндігі көп. Сәрсенбіде Азия чемпиона­ты­ның ширек финалдық кездесулері өткен күні әйелдер құрамасының тағы бір аға бапкері, ұлттық құрама команданың бастығы Қайрат Ма­нашев та әзірше отандастарымыздың өзге елдерге қарағанда нәтижелі өнер көрсетіп, алтын медальді жеңіп алуға бар мүмкіндіктерін салып жат­қанын атап өтті. Мұнда ол Қазақ­стан құрамасының аталмыш чем­пио­натқа жақсы дайындықпен келгенін, біздің команданың Щучье мен Алматыда бірнеше оқу-жаттығу жиындарын өткізгенін, осының өзі шаршы алаңда қыздардың қолғап түйістіруіне көп септігін тигізіп от­ыр­ғанын айтты. Осы жерде Қайрат Манашевті ұлттық құраманың чем­пионатқа қандай дайындықпен кел­генін және Бокс федерациясы тара­пынан оған нендей жағдайдың жа­салғанын кеңірек білу үшін әңгімеге тартқанымызда, ол бізге былай деді: – Қазір әйелдер боксына, заман талабына сай дейміз бе, дүние жүзінің әр түкпірінде зор көңіл бөлініп келеді. Біздің елімізде ол 2008 жылы Олимпиада бағдар­ла­масына енгеннен кейін боксты қайта дамыту ісі басталды. Бүгінде ұлттық құраманың сапында күш сынасып жүрген қыздарымыздың дені сол кезден бокспен айналыса бастаған боксшылар. Осы күндері елімізде әйелдер боксын дамыту үшін де үлкен жұмыстар жасалып жатқанын айтқым келеді. Әсіресе, Қазақстан бокс федерациясы басшылығына Тимур Құлыбаев келгелі респуб­ли­каның барлық өңірлерінде боксты да­мытудың жаңа жобалары іске қо­сыла бастады. Оған мысал ретінде өзі­міз осы кезге дейін өткізуге көп дайындалған әйелдер арасындағы Азия чемпионатын айтуға болады. Қазақстанда бұған дейін мұн­дай байрақты дода өткізілме­ген­дік­тен, оны дүние жүзіне лайықты дең­гейде өткізу үшін федерация тара­пынан айтарлықтай жұмыс істелінді. Осы орайда, оның айтуынша, ұлт­тық құраманың жарысқа дайын­далуына федерацияның халық­ара­лық деңгейдегі және респуб­ли­ка­ішілік шараларды үйлестірудегі ат­қарушы директоры Данияр Әбіл­ғазин, әйелдер боксын үйлестіруші Берік Мыржық­баев пен маманд­ар­дың сіңірген еңбегі зор. Қазір феде­рацияда осындай бес саусақтың бі­рі­гіп жұмыс істеуінің нәтижесінде респ­убликаның барлық об­лыс­та­рында әйелдер боксымен қатар, ба­лалар және жасөспірімдердің спорт­тың осы түрімен айналысуына нақтылы жұмыстар істелуде. Арнайы бокс мектептерін ашу, төрешілерді дайындау, жарыстарды халықаралық талаптарға сай өткізу, ғылыми-ме­дициналық жетістіктерді пайдалану жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Ал Қазақстанның намысын қор­ғайтын ұлттық құрама боксшы­ларына қазірдің өзінде жақсы жағдай жасалып отыр. Бүгінде ересектер, жастар құра­ма­ла­рымен қоса әйелдер коман­дасының бірінші нөмірлі бокс­шылары мен бапкерлері қомақты айлық алады. Осының бәрі Қазақ­стан бок­сының мәртебесін көтеруге жасалып жатқан жұмыстар. Дастан КЕНЖАЛИН.