Жақында Еуропа, Азия соның ішінде Қытай, Ресей, Түркия елдерінде болдым. Соңында Алматы, Астана қалаларына келіп, Қазақ елінің тыныс-тіршілігін тағы бір көріп, көңілім толып, жүрегім толқып, разылық таныттым. Дәл осы сәттерімде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясын құптаған көптеген ұлт өкілдерімен жолықтым. Әлемде болып жатқан құбылыс, өзгерістерге қазір пенденің бәрі құлақ асып, мән бере бермейтін заман ғой. Ал Қазақстан азаматтары Стратегияны бірауыздан құптап, үн қосып жатыр. Президентке өздерінің ыстық ықыласын білдіреді. Керісінше, Астанада Жолдауды ұлықтау, дәріптеу сәл-пәл баяу екені байқалды. Қазақстанды қуатты елге айналдыру тарихи шешім, дейді бәрі. Биылғы Жолдаудағы «Алтын күнді қондырып қанатына, Қазақ елі самғайды болашаққа» деген жолдар менің де ой-санама самғау бергендей болды.
Шындығында, тұлпар шабысымен шапқан ел – бақыт жолын ашқан ел, ұлылыққа қолы жеткен ел! Мұны атажұрт халқының тыныс-тіршілігі, әсем Астанасының сұлулығы айқын көрсетіп тұр.
Ұлы өшпес ел болу бүкіл әлем халықтарының арманы ғой. Халқының береке-бірлігі, өзара татулығы арқылы сол арманына жетіп, әлемге танылғандар да, өзара қырғи-қабақ болып, бірін-бірі жақтырмай жүріп, ақыры тозып, жоғалып жатқандар да баршылық. Жасым егделенген шағымда Қазақ елі халқының бақытқа бөленіп, ұлы, ұлағатты ел болғаны, Елбасының аса кемеңгерлігінің арқасы деп білемін. Бұл – қазақтың бір ұлы ретінде менің де ірі қуанышым. Қазақ елім жасай беретініне жан-жүрегіммен сенемін.
Осы сапарымның тағы бір қуанышты сәтінің бірі, менің жерлесім Үзбен Құрманбайұлының қазақ халқына, Елбасына арнап жазған екі кітабымен танысуым болды. Бұдан сәл бұрын жазған «Оралған бақыт, орындалған арман» кітабын да оқығанмын. Бірі басы, келесісі соңы болып жалғасқан осы екі кітап, қазақ халқының мың жылғы асыл арманы, оның тәуелсіздігін алған сәттен, бүгін ұлы ел болып қалыптасқаны, халқының береке жолындағы қаһармандығы, Елбасының ерлігі деп тануымыз керек. Үзбен кітаптарында Қазақ елінің 22 жылдағы табысын, халқының еңбегінің жемісін нақты көрсеткен. Жиырма жылдан сәл асқан уақытта екі жүз жылға татитын өркенге жеткен әлемдегі тек Қазақстан екенін шындыққа ұштастыра дәлелдеген.
Аллаға шүкір, сонау 1990 жылдың басында Қазақ елі мен Моңғолия арасына телефон, телеграф байланысын жасатып, әуе қатынасы өз шешімін тапқан еді. Баян-Өлгей қазақтары «Қазақстан» телеарнасын көре бастады. Тіпті, сол уақытта алғаш «Қазақ елінде 100 баланы тегін оқытатын болыпты» дегенде сенбегендер де болған. Содан бері қарашаңырағымыз деп келеміз.
Ислам Қабышұлы,
академик.
МОҢҒОЛИЯ,
Улан-Батор.