Әдебиет • 16 Қаңтар, 2023

Абайдан Алашқа дейін...

348 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өнерде тарихты тақырып еткен суретшілер легі, әрине, Әбілхан Қастеевтен басталады. Қазақ даласындағы күйзелістерді шебер суреттеп, күллі одақты шулатқан Қанапия Телжановтың туындыларының өзі де бір дәуірдің даусына айналды. Кейінгі толқын Ерболат Төлепбаев, Бексейіт Түлкиев, Мұхит Қалымов, Жұмақын Қайранбаев, басқа да авторлар тарихи тақырыпта жазып жүргенін білеміз. Тіпті өнерге келген әр суретшінің осы кезеңнен өтуі заңды секілді. Бүгінгі кейіпкеріміз – Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Толқын Табысбек те қылқаламына ұлт тарихын тақырып етіп жүр.

Абайдан Алашқа дейін...

Оның алғашқы тарихи суреті – Абай. Шығармашылық көзқараспен қарасақ, әркімнің өз Абайы бар дей­міз: оқырманның да, ақынның да, суретшінің де. Жас автордың Абайға қалай келгені, ғасыр жылнамасымен бірге талай қаламмен салынған ақын образын қалай алып шыққаны ойландырады.

«Қытайда бір кісімен Абайдың «Кө­­зімнің қарасын» тыңдап отыр­ған­быз. Сосын ол әніне елітіп, сөзін аудар­тып, көңілі ауды. Кейін ақынның кітаптары қытайша шыққан кезде де алып оқып жүрді. Абайға табынды. Бірде маған хакімнің портретін салып бер деп өтініш айтты. Сонда Абайдың ұлдарымен түскен суретіне қарап жаздым. Қазір үйінің төрінде ілініп тұр. Бұдан кейін ақынға қайтып оралмадым. Тарихи тақырыпта батырларды салып кеттім. Бірақ Абайға басқа бір формада оралу ойда бар», дейді суретші.

Иә, әлемде әйгілі музейлерге бара қалсаңыз, Лувр, Эрмитаж, Британ мұ­ра­жайы болсын, әр картинадан сол ұлттың бір нақышы білінеді. Дендеп қарасақ, тарихына да куә боламыз. Толқын Табысбек таңғажайып осы музейлерде мықты шеберлердің бәрі өз тарихын түгендеп тастаған дейді.

«Барша әлем мықты суретшілер­дің шығармаларына ессіз таңғалады. Яғни әр талантты шебердің қаламы, ең алдымен өз тарихынан сусындайды. Суретші болған соң, ұлт алдындағы парыз ретінде тарихи тақырыптарды жаза бастадым. Тарихты бояумен салғанда да барлығын қамти алмайсың. Біреу шайқастарды бейнелесе, енді біреу тек Алтын Орданы зерттейді», деді ол.

Суретші бүгінде Алаш сериясын жа­зып жатыр. Әлеуметтік желілерде кең тараған Әлиханның заманауи бейнесі – Толқын Табысбектің қа­ла­­­мынан шыққан. Айта кетейік, атал­­­ған картина Мәдениет порталы ұйым­­дастырған «Сөз бен Сурет» бай­­қауында Бас жүлдені иеленді. Ав­тор шығармашылығындағы Алаш сериясының келесі кейіпкері – Ахмет. Суретшінің айтуынша, Ақаңның бей­несі аяқталуға жақын. Бүгінде жұ­мыстың жетпіс пайызға жуығы орын­далған. Автор мұнда Ахметті алғашқы көсем қылып отырғызған. Ал арты галактика – әр планета бір қазақ сынды суреттелген.

«Бұл алаштықтар ешқандай тапсырыссыз, өз еркіммен жазылған туындылар. Жалпы, бізде алаштықтарды салған кезде тек сүреңсіз халдері бей­неленді. Маған «Әлиханды неге заманауи нұсқада саласың?» деушілер де болды. Шын мәнінде, сәнді киінудің, шаш қоюдың тамаша үлгісін осы алаш­ордалықтар көрсеткен. Кей орыс­тар интеллигенциялық образды Әли­хандардан үйренген. Жағам қисайма­сын деп артына бұрылмайтын адамдар ғой. Қашанға дейін біз ұрпаққа олар­дың түрмедегі қажыған, өшкен, қор бол­ған бейнесін көрсетеміз?! Керісінше, біз алаш­тықтардың жығылмайтын, сын­бай­тын рухын беруіміз керек. Қал­ған шындықты тарих айтады», дейді сурет­ші.

Шығармашылық ғадетіне сай автор суретін бір салған соң біраз уақыт суытып барып, қайта қарайды. Осы Алаш се­рия­сын түгел жазып, кейін бәрінің басын панорамалы картинада бір жерге біріктіретін жоспары да бар. Сондай-ақ оның тарихи тақырыптың тағы бір кейіпкері – Тұмар патшайым. Оның бойындағы ірілік, ұлт алдындағы адал­дығы кімді де болсын қайран қал­дырады. Суретші осы Тұмардың тағ­дырына деген өзінің кішкентай үлесі ретінде суретін салған.

Толқын Табысбек көркем суреттен бөлек қала безендіру жұмыстарымен де айналысады. Автордың өзі бұл бағыт­тағы жұмыстар, ең алдымен кәсіптен алшақтамау әрі күнкөріс үшін жасалатынын айтады.

«Қай қалаға болсын өзіңнің қолтаң­баңды қалдыру да бір жақсы әсер сый­лайды. Бұл бағытта да әр өңірдің мен­талитетіне сай жұмыс істеуің керек. Яғни еуропалық технологияны қолдана оты­рып, ұлттық дүние тудырасың. Қала безендіру негізінен осындай талаптарға құрылады. Жалпы, ұлттық нақыш дегенде көбісі тек ою-өрнек, киіз бен шаңырақты елестетеді. Бұл элементтерді заманауи бағытта түрлі үлгіде қолдануға болады», дейді ол.

Суретшінің қаламы жаңа құрыл­ған Ұлытау облысының қабырғала­рын­да да қалды. Автор Жошы ханның күм­безінің ішіне панорамды төрт картина жазған. «Ұлы Ұлыс» деп аталатын бірінші туын­дыда ел мен жердің иесі қазақ екені, батырлардың кезекті жеңісінен кейінгі көрінісі бейнеленген. Осы картина­ның жалғасы Алтын Орданың бірінші ханы Беркенің шетел елшілерін қабылдауына ұласады. Үшінші карти­на «Тәңірдің сыйында» бір жақ қабыр­ға­сы Жошы хан ұлысына арналса, бір жағында Ұлытау облысының тарихы бейнеленді.

Бұдан бөлек былтыр Балалар жы­лы­на орай Мәдениет және спорт минис­трлігінің қолдауымен жасалған «Менің атым Қожа» композициясының да авторы. Суретшінің айтуынша, байқау­ға көптеген эскиз ұсынған. Мәселен, Сұлтан екеуінің балыққа кетіп бара жатқан, Қожаның қазы-үйректің арасымен шулатып жүгірген, рагатка атып тұрған, басқа да жиырма шақты көрініс болды. Соның ішінде Қожаның өзін-өзі соттап, тәрбиелеп тұрған сәті комис­сиядан өтіпті.

Сурет өнерінде мыңнан озып, ­жү­з­ден жүйрік атану да мехнатты іс. Са­йып келгенде, бәрі талант пен еңбек­тің, шеберліктің ұштасуына байланыс­ты. Ал суретші Толқын Табысбек бұл өнерге табыс табу үшін емес, атақты боламын деп келу керек дейді. Бұл да абсурд. Адам өнерін өміріне қажет ете алмаса, тұнған талант не үшін керек?!

«Табыс табамын деген суретші арбаттан, кафе бұрыштарынан бір-ақ шығады. Ол тек қарап отырып салады. Яғни ұқсатады. Ұқсатудан қалам да жалығады, өнер өледі. Ал суретші өз бетімен ізденіп, өзгеріс жасай алуы керек. Сонда ғана бойдағы таланттың тынысы ашылады, қанаты кеңейеді», дейді автор.

Сөз-ақ. Рухани құндылықтар құл­дыраған бүгінгі қоғамнан өтіп, шы­ғар­машыл жандардың еркін жазып-сызуы­на мүмкіндік туатын уақыт та ке­лер деп сенеміз.