Абай • 16 Қаңтар, 2023

Жетісуда Абай ескерткіші бой көтереді

507 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жетісуда Абай Құнанбайұлының ескерткіші жоқ. Ұлт руханиятының абызына арнап ескерткіш орнатуды халық көптен бері айтып келеді. Жақында өңір тұрғындары облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен кездескенде де айтқан еді. Ақыры тас бейне Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының алдына қойылатын болыпты. Ал сонда биыл облыс болып жүз жылдық мерейтойын атап өткелі отырған халық әртісінің ескерткіші қайда орнатылады? Жұрттың пікірі екіге жарылуда. Ескерткіш қоюдың да өз мәдениеті бар емес пе?

Жетісуда Абай ескерткіші бой көтереді

Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ұлттың рухани құбыласы – Абай, бой түзер айнасы да алып ақын. Біз тек әрбір мәдени нышан өзіне тиісті орнында тұрса дейміз. Ол алдымен жастар үшін де маңызды. Абайдың алып мүсіні қайда тұрса да жарасады ғой, бірақ оны театрдың алдына тықпалаудың не қажеті бар?

Әлқиса. Осы ретте Жетісудан шық­қан бір әзіл әңгіме ойымызға ора­лып отырғаны. Талдықорғанның кіре­берісіндегі Жастар спорт сарайының алдында Сүйінбай бабамыздың ескерткіші тұр. Бірде өңірімізге сапарлап келген кішкентай оқушы көлік жүргізушісінен халық ақынының спортқа не қатысы бар екенін сұрапты. Сонда қала тұрғыны: «бабамыз батыр болған, жас кезінде бокспен айналысқан екен» деп жа­уап береді. Баланың қиялы жүйрік қой, дүниені бір-бірімен батыл байланыстырады. Шаһардың сәні үшін бұлай шешім қабылдауға бола ма?

Жалпы, Абайға келгенде облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқар­масының ісі сиырқұйымшақтана беретіні несі? 2019 жылы өңірдегі Қоғамдық кеңестің, Ардагерлер ұйымының тағы басқа да бірлестіктерге жауаптылардың бастамасымен хакімнің 175 жылдығына арналған еңселі ескерткіш тұрғызуға шешім қабылданған еді. Сөйтіп, қажетті құжаттар дайындалып, азаматтардың ұсынысына сай театр ғимаратының алдынан орын белгіленіп, 100 млн теңге қаражат та бөлінген. Алайда беймәлім себептермен қолға алған жұмыс аяқсыз қалды.

Кейіннен ескерусіз қалған істі ұлт­жан­ды азаматтар бұрынғы Алматы об­лысының әкімі Амандық Баталов пен Талдықорған қаласының әкімі Ержан Жасыбаевқа жеткізген. Азаматтардың өтінішіне қарай өңір басшысы Абай ескерткішін тұрғызуды 2022 жылдың жұмыс жоспарына енгізіп, тағы да 154 млн теңге қаражат қарастырған. Сонымен бірге аталған ескерткіш туралы мәселе өңірдегі тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау және монументтік өнер құрылысын орнату жөніндегі комиссияның отырысында қаралып, жоба авторлары да бекітілген. Әрі Талдықорған қаласы әкімдігінен ескерткішті тұрғызуға қатысты 2022 жылы толық жүзеге асырылатыны туралы арнайы жауап хат та келген. Осыдан кейін облысқа әкім болып келген Қанат Бозымбаевқа да бұл істің жай-жапсары түсіндіріліп, жұмысты жалғастыруға келісім берілген еді.

Былтырғы жылдың аяғында Қоғам­дық кеңес мүшелері аталған мәселені ортаға салып, жаңадан құрылған Жетісу облысының басшысы Бейбіт Исабаев пен Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаевты құлақтандырған еді. Оның үстіне Мемлекет басшысы өңірге жасаған сапарында хакім Абайға ескерткіш қоюды назардан тыс қалдыруға болмайтынын баса айт­қан болатын. Осыдан соң барлық жұмыс қолға алынып, еңселі ескерткіш құйыла баста­ған еді. Бұйырса, алдағы наурыз айында Абай ескерткіші бой көтермек. Енді ескерткішті театрдың алдына қою қаншалықты дұрыс деген мәселе қоғамды дүрліктіріп отыр.

«Абай ескерткіші Алматыдағы цех­тардың бірінде әзірленіп, яғни тиісті сараптамалық комиссияның шағын ескертпелері түзетіліп жатыр. Екі-үш айдың көлемінде дайын болады. Ал қойы­латын орны халықпен ақылдаса отырып шешіледі», деген еді Б.Исабаев халық­пен кездескенде.

Былтыр Бикен Римованың 100 жыл­дық мерейтойына арналған салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли сөз алып, Бикен Римова – қазақтың біртуар перзенті екенін жеткізген. Ғұмырында 200-ден астам әйел образын сомдаған сахна саңлағының өнегелі өмірін, шежірелі ғұмыр-белесін айшықтай келе:

«Бұл той бүкіл елдің дүбірлі думаны. Сондықтан алдағы жылы Бикен апамыздың тойын ерекше атап өтеміз. Сонымен қатар абзал ана, алып жүректі театр майталманы Бикен Римованың ескерткішін еңселі қаламызда тұғырына қондырамыз», деп өнерсүйер елмен ерекше қуанышты хабарды бөліскен еді. Ал енді театрдың алдында Абайдың ескерткіші орнатылса, Б.Римованың ескерткіші қайда қойылмақ? Оның заңды орны өзінің атын иемденген театрдың алды емес пе?

«Абайдың ескерткішін Абай көше­сінің бойына қоятын шығар деп едік...Ол жерде лайықты орын да бар. Жалайыри даңғылының бойына, Бикен Римова театрының алдына атамыздың ескерткішін қою туралы шешімді Қоғамдық кеңес қалай шығарған? Қисын қайда?», дейді «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Данияр Сейсенбаев. Расымен, логика қайда?

Ескерткіш – тәрбие құралы. Ұрпақ өнер туындысына қарап ойланады, ой түйеді, ұлттық рухын көтереді. Бізді қуантатыны сол, Жетісу жеке шаңырақ құрған тұста бұл мәселе оң шешімін тапқаны. Тұрғындар Абай ескерткіші облыс әкімдігіне қарама-қарсы орнатылса деген пікірін білдіреді. Әрі Абай көшесінің бойында Абайдың тұруы заңды да секілді. Дегенмен бұл да қаланы білмейтін жұрттың қапияда айтқан ақылы секілді. Бұл ретте Мәдениет қайраткері, белгілі журналист Жұмахмет Жайлаубаев ол жердің ауласы шағын әрі жұпыны екенін тілге тиек етті.

«Бүгінде салтанатты жиындар Мәде­ниет сарайында емес, Б.Римова атындағы театрда өтеді. Театр – әсем қаламызға сән беріп тұрған жаңа ғимарат. Шағын шаһарға кіргенде көзге бірден Абай ескерткіші түсер еді. Білесіздер, өңірде хакім ескерткішінің өзі біраз жыр болды. Енді Биапаға ескерткіш орнатамыз деп жырласақ, ол мәселе шешілгенше театр ғимараты ескіретін де шығар. Биапа Абайды жақсы танып білді, бір ғана Зейнеп образымен Абай дәуірін бізге жеткізді. Өзі керемет тұлға санаған Абай атасы өз атындағы театр алдында тұрса, екеуінің аты қатар аталып жатса, аруағы риза болады деп ойлаймын», дейді Ж.Жайлаубаев.

Театр – қашан да көрерменге қызмет көрсететін, сапалы қойылымдар сахналап, халықтың рухани байлығын арттыратын мекеме. Хакім Абай атамыз да, сахна саңлағы Бикен апамыз да әр ғасырда өмір сүргенмен, бір халықтың мәдениеті мен руханиятының дамуы үшін қарыштап еңбек еткен тұлғалар. Биыл Биапамыздың 100 жылдық мерейтойы болғандықтан, жоспарға сай актрисаның ескерткіші орнатылға тиіс. Қала әкімі Әсет Масабаевтың айтуынша, театр алаңы – облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары үшін ең қолайлы орын. Демек Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының алдына Биапаның емес, хакім Абайдың ескерткіші тұрады деген сөз. Ал халық әртісі өзінің тиісті орынын қазақтың бас ақынына бермек.

«Орал қаласында Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының алдында да апамыздың ескерткіші орнатылмаған, ол бір өрескел мәселе, тынымсыз талас тудыратын жағдай емес деп ойлаймын. Бикен Римова өз ғұмырында Абай Құнанбаевқа арнап «Абай-Әйгерім» пьесасын жазған, қаламынан туған әр туындысында да Бикен апамыз хакім Абайдың есімін ұлықтап өткен. Биапаның есімі театрға берілді, оның туын құлатпай, атын өшірмейтін ұжымы, біз бармыз. Ендеше, Бикен апамның театрының алдында Абай атамыз тұрса – бұл екі ұлы тұлға арасындағы шығармашылық байланыстың көрінісі деп ойлаймын. Тек осы мекеменің басшысы ретінде өтінішім, ғимарат пен ескерткіштің арасында театрдың мәдени іс-шаралары өтетін орын болса деймін», дейді театр директоры Ерлік Жуасбек.

Ұлттың рухани құбыласы – Абай, бой түзер айнасы да алып ақын. Біз тек әрбір мәдени нышан өзіне тиісті орнында тұрса дейміз. Ол алдымен жастар үшін де маңызды. Абайдың алып мүсіні қайда тұрса да жарасады ғой, бірақ оны театрдың алдына тықпалаудың не қажеті бар? Мәселен, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының алдында Жұмат Шаниннің, Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының алдында әйгілі жазушының ескерткіші тұр. Мұндай мысалды жүздеп келтіруге болады. Біздің түсінбейтініміз, жетісулық зиялылардың осыны ескермей, шешім қабылдағаны.

 

Жетісу облысы