Қалалық білім басқармасы таратқан мәліметке сәйкес жаңа мектептер мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында салынады. Жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша білім беріледі. Бұл дегеніміз – білім ұялары жекеменшік болғанымен, барлық шығын бюджет есебінен толтырылады. Сондықтан ата-аналар қалталарынан бір тиын да шығармай, балаларын тегін оқытады. Білім ошақтарының құрылысына байланысты осы жобаны жүзеге асыру арқылы алдағы уақытта мегаполистегі үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі түбегейлі жойылады.
Ресми мәлімет бойынша, былтыр жан басына қаржыландыру бағдарламасымен жұмыс істейтін мемлекет-жекеменшік әріптестігі жүйесімен салынған 41 мектеп пайдалануға берілген еді. Онда қазір 24 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Былтыр ғана ашылған 41 білім ошағының 34-і таза қазақ тілінде оқытатын мектеп болса, қалған жетеуі – аралас мектептер.
Бүгінгі таңда Шымқалада жалпы орта білім беретін 246 мектеп бар. Оның 95-і – жекеменшік, қалғаны – мемлекеттік білім ошақтары. Сонымен бірге мегаполисте 579 мектепке дейінгі білім беретін ұйымдар қызмет көрсетеді. Осы бөбекжай мен балабақшаларда 70 мыңға жуық шымкенттік балдырғандар тәрбиеленіп жатыр.
ШЫМКЕНТ