Аймақтар • 16 Қаңтар, 2023

Қаңғыған иттен қауіп көп

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақы тазы мен төбетті сақтайтын арнайы заң шықты. Жөн-ақ. Ал бұқара бұралқы иттерден құтылудың амалын таппай жүр. Заң негізінде. Қазір бұралқы ит атаулының қала ортасында көбейіп бара жатқаны ешкімге таңсық емес. «Кет!» деуге де дәрмен жоқ жұртта. Өйткені «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң олай дегізбейді.

Қаңғыған иттен қауіп көп

2022 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген заң қаңғыған ит­тердің жоғын жоқтап тұр. Заң жануарларға жауап­кер­шілікпен қарауға үндейді. Алайда құ­жат­та иттен қалай қорғану туралы айтылмайды. Қарағанды қала­сын­да иесі жоқ иттер қар түс­кен­­нен бері құтырып кеткені жер­гілікті тұрғындарға жаңа­лық емес. Олардың үйірімен адам­­ға шабуыл­дауы әлеуметтік желіде жиі жарияланып жүр. Заң­нан аса алмай, қараусыз итпен «итшілеп» алысып жүрген жұрт не істерін білмей дал. Былтырдан бері Қа­ра­ғанды аймағында иттердің тұр­ғын­дарға шабуылдауы жиі­леп кетті. Ескі жараның аузын тыр­на­майық. Алайда бүгінгі сөз заң­мен қорғалған иттің емес, ит­тен зәрезап болған адамның ахуалы жайында...

Иттерді қорғайтын қоғамдық ұйым­дар бар. Ит атаулыны атып сал­сын деп отырған жоқ­­пыз. Бірақ иттің де иттігі барын ұмытпаған абзал. Адамды қауып, талап жатса, сонда кімнің өмірі құнды? Конституцияда ай­тылған «мемлекеттің басты бай­лығы – адам­ның» ба, әлде қаңғыған ит­тің бе? Сонымен заң не дейді?

Жан-жануарды қорғаушы қоғамдық ұйымдар ұлардай шулап жүріп шығартқан заң қаңғып жүрген итке тас лақтыруға да тыйым салады. Заңға сүйенсек, қоғам онсыз да «бұралқы» болуға «мәжбүрленген» иттердің басына пана беруге, алдына ас қоюға тиіс.

Басқаны қайдам, Қарағандыда иттің «иттігін» дәлелдейтін оқиға бар­шылық. Мысалы, өткен жыл­дың қараша айында 16 жастағы баланы ит талап тастады. Одан беріде мектеп, үй ауласында өріп жүрген иттер бірнеше рет үлкен-кішіге шабуылдады. Ол туралы бейнежазбалар көп.

Күні кеше Қарағандыдағы бір лицейдің мұғалімдері, ата-аналары, оқу­шы­лары бұралқы иттерден көрген зәбірін жергілікті БАҚ-қа жария етті. Дәл осы ли­цей­­дің бір оқушысын ит қауып алған екен. Оқушы тұрмақ ересек адамға атылып жатқан иттерден мұға­лімдер де қайтіп қор­ғануды білмей жүр. Құзырлы орын­дар­дың қолын жайғаннан басқа «жауабы» жоқ. Себебі заңнан аттай алмайды. Ресми жауап біреу-ақ – алда-жалда қауіп төндірсе, «109 сенім» бірыңғай байланыс орталығына шағым түсіру керек. Содан соң тиісті ұйым қызметкерлерімен бірге «зәбір» көрсеткен қаңғыған немесе иесі бар итті табу қажет. Сон­да ғана заңға сәйкес қажетті шаралар жүзеге асады. Заң талабы осындай. Ал адамды талап кеткен бұралқыны қаланың қай қуысынан іздеп табуға болады сонда?

– «Жануарларға жауап­кер­ші­лікпен қарау туралы» заңға сәйкес егер қаңғыбас жануарлар қауіп төндірсе, «109 сенім» нөміріне өтінім жасалады. Өті­нім полиция басқармасы, меди­циналық орталық және ветери­нария станциясына келіп түседі. Сол арқылы аталған органдар бірлесе отырып, қызмет атқа­рады. Оған өтініш берген адам да қатысуы керек, – дейді Қара­ған­ды облысының ветеринария басқармасы ветеринарлық-сани­та­­рлық шараларды ұйым­дас­­тыру және ТЖ бөлімінің басшысы Ерлік Мақашев.

Құзырлы орындар бұған дейін бұралқы иттерді аулап, олар­ға тиісті шара жүргізуге тиіс­­ті панажайдың жоқтығы ке­­­­дер­гі екенін мәлімдеген еді. Мұн­­дай панажай салуға аталған заң мүмкіндік береді. Заңның 26-ба­бының 2-тармағына сәйкес «Жан­уарларға арналған пана­жай­лар мемлекеттік және жекеше болуы мүмкін». Яғни итке үйді бюджет есебінен, не жеке­мен­шік тарапынан салуға рұқсат беріледі.

Енді қайтпек керек? Бір амалы – заңға сәйкес бюджет қаржысын қиып, қаңғыбас иттерге панажай салуды жеделдету. Екінші амалы – заңға өзгеріс енгізу қажет. Өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын жол қайсы? Ал әзірге иттердің дегені болып тұр.

 

Қарағанды