Қоғам • 17 Қаңтар, 2023

Емханада кезек қайтсе азаяды?

283 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде отандық медицина цифрландырылды дегенмен, әлі күнге дейін емханалардағы ұзын-сонар кезек азаяр емес. Ауырған жанға кезекке тұрудың өзі ауыр. Басы ауырып, балтыры сыздағандар қаралудың орнына уақытының көбін кезекпен өткізеді. Амалсыздан ақылы емханаларға жүгінуге мәжбүр. Өйткені ақылы қызмет мәселені көпке созбай бірден шешеді.

Емханада кезек  қайтсе азаяды?

Кезекке тұрмас үшін бүгінде дәрігерге онлайн жазылуға болады. Электронды қызмет түрінің енгізілгеніне бірнеше жыл болға­ны­­мен, әліге дейін кезек күту әле­гі бар. Кейде апталап, тіпті ай­лап уақыт өткізуге тура келеді. Дің­кең құрып жет­тім-ау дегеніңде дәрігерлер дәрі-дәрмек жазып беру­мен ғана шектелетіні тағы бар.

Жүйке жұқартатын кезекке шүйкесі шымырлағандардың бірі астаналық Еркебұлан Жанұзақтың мемлекеттік емха­на­лардағы қыз­метке көңілі толмайды.

– Емхана пациенттерін медици­налық қызметтермен қажетті уа­қыт­та қамтама­сыз етуге тиіс. Егер қажетті қызметті уақ­ты­­лы көрсете алмаса, пациент шарт бойын­ша басқа клиникаға баруға құқылы. Мұндай жағдайда қайтадан учаске­лік дәрігердің қабылдауына жазы­лу қажет. Яғни дәрігерден емханада бірлесіп орындау шарты жасалған басқа медициналық ұйымға жаңа жолдама сұрау қажет. Осы­лай кезектен қашып жүргенде дер­тің­ді асқындырып алуың бек мүмкін. Емха­наларға медициналық сақтандыру ақысы қаражаты төленеді. Ал «ауырғанда жан тәтті», дегендей дер кезінде ем ала алмаймыз. Сондықтан көп жағдайда кезек күттірмейтін ақылы емханаларға жүгінуге мәжбүрмін, деді ол.

Ал отандық медицина саласын­да 45 жыл жұмыс істеген ардагер Ази­зат Ирсаева бүгінгі емес, бұ­рын­­ғы медициналық жүйе қайта қа­лып­таспай кезек күткеніміз күткен дейді.

– Адамдар өздері емделетін заман болды. Дәрігерлерді компьютерге тел­міртіп қойды. Бір-біріне жолдама жібе­ру­мен уақыт өтіп жатыр. Мәселен гастро­энтерологқа алған жолдаманы бір ай күт­тім. УЗИ-ға анализге жіберді, оны бір ай өттім. Учаскелік дәрігерге анализге жол­даманы сіздер берулеріңіз керек екен десем, жоқ бірінші дәрі­гер, сосын біз жазып береміз дейді. Анализ уақыты өтіп, жарам­сыз болып қалатынын айтсам, енді қайтеміз сізге жазылым сол кезде ғана бар дейді. Содан екі ай өткенде дәрігерге келсем, баласы ауырып жұмысқа келмепті. Дертім жаныма батқан соң өзімді-өзім емдедім. Кейін барғанымда дәрігер ішкен дәрілерімді қайта жазып берді. Сондықтан бұл жүйе науқастарға да, дәрігерлерге де опа бермейді. Жұмысты қиындатып жібердік. Кейде компьютер істен шыққанда кезек қатары қалыңдап кетеді. Өмір бақи медицина саласында жұмыс істеген соң кейде біліп тұрып мына дәріні жазып беріңіз деп айтамыз. Жас мамандардың дені ақылы оқығаннан ба, науқасты қалай емдеуді білмейді. Пациентке жазып беретін дәрі-дәрмекті интернеттен қарайды. Міне, ақылы білімнің нәтижесі. Медицинаға әркім өз күшімен түсуі керек. Оқи алмағандарды оқудан шығару керек. Бұл салаға салғырт қарауға болмайды. Жақсы оқығаны бар шығар, бірақ көбі кәсіби маман емес. Оны өмірлік тәжірибемде көп кездестіремін. Бұрын бәрі басқаша еді. Ол кезде жұмыс жүйелі әрі жылдам жүргізілетін. Қазір емделіп жатқан адамды көрмейсің. Ұлт денсаулығы маңызды болғандықтан бұл мәселе айтылуы керек. Ащы шындық болса да айтарым осы, – деді Азизат Төлегенқызы.

Ал Ақмола облысындағы Қосшы қала­сының «Жанұя» емханасының мейір­бикесі Риза Сүлейменова керісінше дәрігер мен пациентті байланыстыратын жаңа цифр­лы платформаның енгізілгенін, медициналық тіркеушілер бұ­рын тау-тау журналдармен жұ­мыс істесе, қазіргі жұмыстың «DamuMed» бағдарламасымен әлде­қайда жеңілдегенін айтады.           

– Google Play немесе AppStore-дан «Damumed» қосымшасын жүктеуге болады. Қосымша арқылы «әркім өзіне қолайлы уақытта учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылу және дәрігерді үйге шақыру мүмкіндігіне ие болады. Кейбір телефон тілін білмейтіндер тіркеу бөлімі арқылы жазылады. Кейде кейбір үлкен кісілер өз уақытымен келмей бағдарлама арқылы жа­зылған пациенттердің орнына кіріп, кезекті көбейтіп жатады. Біз оларға аталған бағдарламаны үйретеміз. Көбісі қуанып, алғысын айтады. Ал ауырып тұрған адамдар бізде емхананың сыртында фильтр кабинетіне қарала алады. Ал басқа да мәселемен келгендер кезекші дәрігер арқылы арасында бос уақытта дәрігерге кіре алады, – деді Риза Жұмабекқызы.

Мұндағы мәселе айналып келгенде екіұшты. Мүмкін бізде әлі халықтың медициналық көмекке деген қажеттілігін толық өтеу үшін қаражат жетіспейтін шығар. Бірақ МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру айтарлықтай өсіп келеді. Мәселен 2019 жылғы 1 трлн теңгеден 2021 жылы 2,2 трлн теңгеге дейін өссе, 2022 жылы халыққа медициналық көмекті қаржыландыруға 2,049 трлн теңге жұмсалған. Оның ішінде ТМККК бойынша – 1,2 трлн, МӘМС бойынша – 838 млрд теңге. МӘМС-ден қомақты қаржы қаралып жатса да кезек – әлі күнге дейін кезек күттірмейтін мәселе күйінде қалып отыр. Тіпті электронды кезек жүйесі «Жасыл дәліз» іске қосылса да дәрігерге апарар жол бағдаршамының түсі бәріне бірдей жасыл жана бермейді дейді жұрт. Ал ақылы емханаларда адам аз болатыны түсінікті. Қарапайым халық қалтасы бүгінгідей қымбатшылықта оны да көтере бермейді. Дәрігерге көріну, анализ тапсыру және емделуге жеке-жеке ақша төлеу кімге оңай соқсын?! Үлкендер мен балаларға да қиын. Әсіресе бір жасқа дейінгі балаларды үй-үйді аралап қарауда да дәрігерлердің бос уақыты болмай жатады. Әр адамға жарты сағаттан бөлгенде бір дәрігер күніне 10-15 науқасты қабылдайды екен. Расында бұрын кезек көп болса да пациенттің бәрі дәрігерге көрініп үлгеретін. Бұл ретте дәрігерлерге кінә артпаймыз, мүмкін өзгеріс керек шығар...