Қазақстан • 18 Қаңтар, 2023

Қазақстанда жаңа халықаралық әуе рейстері ашылады

236 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа отырысында азаматтық авиация мен әуежайлар желісін дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда жаңа халықаралық әуе рейстері ашылады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысовтың айтуынша, азаматтық авиация саласында жолаушылар ағыны қалпына келтіріліп, тұрақты өсім көрсетіп отыр.

Аптасына 479 рейс жиілігімен 109 бағыт бойынша 29 елге халықаралық әуе рейстері жаңартылып, ашылды. Атап айтқанда, Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Германия, Египет, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Польша, Армения, Ұлыбритания, Мальдив аралдары, Таиланд, Әзербайжан, Катар, Кувейт, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Үндістан, Иран, Греция, Италия, Қытай және Сейшел аралдарына рейстер орындалып жатыр.

«Черногорияға, Малайзияға, Грецияға рейстерді қайта жаңғырту, Қытаймен, Үндістанмен, Өзбекстанмен ұлғайту, Израильмен, Катармен, Түркиямен, Пәкістанмен, Әзербайжанмен, Тәжікстанмен, Сауд Арабиясымен ашу жоспарланып отыр», деп атап өтті Алмаз Ыдырысов.

Оның айтуынша, әуе кемелері паркін кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр.

2025 жылға дейін парк 51 жаңа ұшақпен толықтырылады деп күтіледі, былтыр 14 жаңа әуе кемесі сатып алынған еді.

Сондай-ақ әуежайларды жаңғырту шеңберінде:

  • 8 жобаны іске асыру, оның ішінде Шымкент, Алматы, Қызылорда қалаларында үш жаңа жолаушылар терминалын салу;
  • Қостанай, Үржар, Балқаш қалаларының әуежайларындағы терминалдарды қайта жаңарту;
  • Астана және Павлодар қалалары әуежайларының ұшу-қону жолақтарын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.