29 Мамыр, 2010

ҚАШАНҒЫ ҚАС-ҚАБАҒЫНА ҚАРАЙМЫЗ?

819 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бейресми көздерден алынған деректер бойынша, қырғыз жағының су беруді тоқтатуының туындауына Қазақстан жағының мемлекеттік шекараны жабуы себеп болған сияқты. Елбасымыз шекараны ашуға рұқсат жасағаннан кейін, 20 мамырдан бастап суды жайлап жіберуге рұқсат берілген. Осындай әрекет­тердің арқасында судың басында отыр­ған қырғыздар өмір бойы кез келген жағдайда бізге қоқан-лоққы көрсетіп, бізді қорқынышта ұстамақшы.Қырғыз жағынан ағын суды бөгеген жағдайда Жамбыл облысының 100 мың гектардан аса алқаптарындағы ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарының өнімін жоғалтуға тура келеді екен. Жамбыл облысы агроқұрылымдары егіншілікке қажетті суды негізінен Қырғыз Республикасынан алады. Бұл облыста басым көпшілігі суды қажет ететін қызылша егілетіндіктен, 2008 жылы Меркі, Байзақ, Қордай аудандарында су тапшылығынан қызылша және басқа да егіндіктер күйіп кетті. Себебі, қырғыздардың өздеріне су жетіспей, олар суды Манас ауданының суармалы жерлеріне ғана жіберіп отырды. Біз қырғыздар қашан су береді деп күтіп отырамыз. Су бермеген жағдайда, әрине, егініміз шықпайды. Ал біздерде су жинайтын, сақтайтын қойма соғылған жоқ. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасында қыс-көктем кезінде жиналған су тек Жамбыл ауданының егін суаруына ғана жетеді. Менің айтайын дегенім, көп жылдар бойы талай жиындардың талқысына түсіп, көкейкесті мәселеге айналған “Көксарай” су бөгеті маңындағы маңызды әңгімеге ақыры нүкте қойылып, Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының тұрғындарын алаңдатқан қауіпті, әрі қордаланған күрделі түйткілдерді шешетін су реттегіші іске қосылды. Күрмеуі қиын болған, тағдыры Елбасының ықпалымен, зордың күшімен шешілген “Көксарай” су реттегіш бөгеті биылғы жылдың өзінде елдің игілігіне айналды. Көксарай арнасын салғанша қырғыздардан суды Шардара су қоймасына аз жіберуін сұрап, Өзбекстан өздеріне суды көп жіберуін қалап жататын. Соның өзінде Оңтүстік Қазақстанның біраз жерін су алып кетіп, жылына 1,5 млрд. теңге қаражат жұмсап, Сырдарияның арнасын жөндеп, қираған елдің үйлерін қалпына келтіріп шығынға белшеден батып жататынбыз. Қосалқы су қоймасын салуға кейбіреулердің қарсы болғанын айтсаңыздаршы. Экология бұзылады дейді, су барған жерде экология бұзылушы ма еді? Тек Елбасы тікелей нұсқауымен салғызбаса, осылай миллиардтаған қаражатты судан келген зардапқа шығындап жатар едік. Биыл жауын-шашын көп болды. Соған қарамай, Шардара су қоймасы асып-тасыған жоқ. Бұл – Көксарай су реттегішінің арқасы. Сырдың тасқын суының зардабын Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары соңғы 10 жылдың көлемінде қатты тартып келсе, Киров су қоймасы Жамбыл жұртын алаңдатуда. Су басында қырғыз ағайындардың өзімбілермендігі қазекемді қатерлі жағдайда қалдырып отыр. Еңіс­­тегі, төменгі ойпаттарға орналасқан көп­те­ген елді мекендерде су астында қалу қаупі бар. Халықаралық су-энергетика консорциу­мын құру жөніндегі қазақстандық бастамаға ірге­дегі екі елдегілер мойынсұнып, құп алар емес. Сондықтан Жамбыл облысында суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету мақсатында су қоймасын соғып, суды көктемде жинап алу керек. Әйтпесе біздің көрген күніміз күн болмауы мүмкін. Сол себепті Қордай, Меркі аудандарында, Тараз қаласының жоғары аумағында су қоймасын соғу қажеттілігі туындап отырғаны анық. Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты.