Оқушылар өздері ойлап тапқан «ақылды» құрылғыға авторлық құқық алып, енді саудаға шығару жағын ойластырып жатыр. Өнертапқыш қыздардың екеуі де 12 «С» сыныбында оқиды. Сабақтан тыс уақытта өнертабыспен айналысады.
– «EWA» – ерекше интеллектуалды-ақпараттық көмекші. Бұл ақылды динамиктің көрсететін қызметі де сан алуан. Мысалы, бөлмедегі ауа температурасын, ондағы газ мөлшерін анықтайды. Оны өндірісте де, үйде де қолдануға болады. «EWA» математика, физика, химия, биология пәндері бойынша есептерді шешіп, тапсырма орындай алады. Сонымен қатар уикипедиядағы мәліметтерді баяндап, ертегі айтады. Түрлі бұйрықтарды орындап, үйде шам жағып, өшіре алады, – дейді Әмина Ысқақова.
Жас өнертапқыштар «EWA»-ны 2-3 айдың ішінде жасап шығарған. Уақыттың көбі ақпарат қорын жүктеуге және қазақ тілін енгізуге кеткен көрінеді.
– Біз әу баста өзіміз жасап жатқан құрылғы міндетті түрде қазақша түсініп, сөйлей алуы керек деген мақсат қойдық. Құрылғы компьютер арқылы дауыстайды. Бұл дауыстың бәрін адамға оқытуға шамамыз жетпеді. Мұндай техникаға адам даусын енгізу үшін кәсіби диктормен 270 сағат бойы жұмыс істеу керек. Оған біздің уақытымыз да, қаржымыз да болмады. Сондықтан адамның даусын компьютердің даусына алмастырдық, – дейді София Синицина.
Қостанай облысы