Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Махамбет күйлері ақынның болмысындай тік, жамбыға қадалған жебедей жылдам, қайсар сарынды болып келеді. Мәселен, «Жұмыр, Қылыш» күйінің тарихы қан қасап майдан тұсына тап келеді. 1838 жылы қанды көйлек серігі, «таудан мұнартып ұшқан тарланы» Исатай батыр өлгенннен кейін жалғыз қалған ақын бар күшін бойына жиып, ханнан кегін алу үшін Жайық бойындағы Байбақты еліне барады. Байбақтының Жұмыр (шын аты Садыр) және Қылыш деген батырларымен кездесіп, жолдас болады. Осылай жасырын жүрген ер Махамбет, жанына Жұмыр мен Қылышты ертіп, Байбақты елінің бір ауылында төрелермен кеңес құрып отырған Баймағанбет Айшуақовтың үстінен түседі. Махамбет пен Баймағанбет сұлтан алғаш рет бетпе-бет жүздеседі. Қапелімде ниетін іске асырмақ болып, Баймағанбет Махамбетті қолға түсіруге күш салады. Бірақ ержүрек жолдастары Жұмыр мен Қылыш батырды арашалап, топтан аман шығып бой тасалауына сеп болады. Қым-қуыт осы бір оқиғадан әсерленген ақын жанына ерген жігіттерге дән разы болып, «Жұмыр, Қылыш» атты күй шығарады.
Ал Құманғазының «Кедей зары» күйі қазақ халқының нәубетті, мехнатты тарихынынан сыр толғайды. Күйді 1962 жылы орындаған Мұхит Битенов туындының тарихын әңгімелеп берген. Күйшінің айтуынша Арқадан Жем-Сағыз арқылы еліне қайтқан Құрманғазы жолшыбай бір ауылға соғады. Ауыл шетіндегі қараша үйдің жанына келіп, сырттан дыбыс береді, бірақ іштен ешқандай жауап болмайды. Есесіне зарлап жылаған қайғылы үн құлағына жетеді. Құрманғазы қандай жағдайға тап болғанын білмек болып үйге енсе, егіліп жылап отырған кемпірді көреді...
Күйші көңілі жарым, қайғы бұлты жүзін торлаған кемпірден саулық сұрасып, жағдайын біледі. Сонда кемпір басына түскен ауыртпалықты баяндап қоя береді: «Жалғыз балам бар еді. Оған биіміз атымды ұрладың деп жала жауып, шабармандарына дүре соқтырып, сойылған жықты. Сол балам ақыры қамшының зардабынан қайта оңалмай қаза тапты. Енді осы үйде жалғыз қалып, зарлап отырған қу басым, шырағым», – дейді. Ананың қайғысына ортақтасқан күйші:
–Жыламаңыз шеше, жылағанмен кеткен адам қайта келмейді. Ел, жұрт, ағайын аман тұрса, сіз де қиыншылық көрмессіз, – деп шерменде көңілін жұбатады. Қарт ананы көріп, көңіліне қорғасын салмағындай мұң кірген күйші:
– Сорлы болған кедей, бәрінің де күні осы ғой, – деп, «Кедей зары» атты күйін толғана тартқан екен деседі. Күйде бір ғана адамның тарихы емес, ұлт басына түскен ауыртпалықтардың зары көрініс береді.
Дина Нұрпейісованың «Қарақасқа ат» күйі биік аңсардан, сағыныштан, кеудені кернеген алапат сезімнен туған шығарма. Динаның әкесі Кенже сүйікті қызы Динаны ұзатқанда қызының басқа жасауларымен бірге, үш болысқа атағы шыққан, Қарақасқа деген атын қосып береді. Атқа аса құмарлығы болмаса да, күйші әкесінің берген тартуын құрметтеп, баптап бағады. Қарақасқа ат өзінің жас кезін, бақытты шағын еске түсіретін ескерткіш секілді сезім тудырады. Әкесі Кенже бірнеше жылдан соң өмірден озады. Дина күйшіге Қарақасқа ат тұтқынға түскендей, өз ауылын сағынып тұрғандай көрінеді. Текті жануар сүйікті әкесінің көзіндей ыстық еді. Кенже қызының домбырашы болғанына сүйініп, қуаттап отыратын. Бірде Қарақасқа ат ауырып, ажал құшады. Күйші бақытты жастығының тілсіз куәсіндей жануардан айрылғанына қайғырып, оған арнап күй шығарады. Күйдің басынан аяғына дейін ерекше сүйіспеншілік сезім, жан жылылығына толы аңсар, сағыныш айқын суреттеледі. «Қарақасқа ат» күйі – қамсыз бақытты жастық шақтың, кіндік кесіп, кірін жуған туған жермен терең байланыстың, қайта бұрылмас жаз дәуреннің, іңкәрлік пен сүйіспеншіліктің ескерткішіндей тұғырлы туынды.