Аймақтар • 18 Қаңтар, 2023

Айтматов оқыған техникум

810 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Адамзаттың Айтматовы» атанған заманымыздың заңғар жазушысы өмірден өткенге дейін Жамбыл жерін ешқашан есінен шығарған емес. Дәуірдің дарабозы 1945-1948 жылдар аралығында Жамбыл зооветеринариялық техникумында білім алып, зоотехник мамандығы бойынша үздік бағаға бітірген.

Айтматов оқыған техникум

вы

Ол кезде аталмыш оқу ордасы бұ­рынғы Жамбыл қаласында болса, қазіргі таңда Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында орналасқан. Атауы да өзгерген. Қазіргі таңда ол Құлан агротехникалық колледжі деп аталады.

Шыңғыс Айтматовтың өзі техникумда оқыған жылдарын емірене еске алады.

«Жамбыл қаласының малдәрігер­лік техникумына түскен кезім. Күнделікті лекциямен тәжірибелік сабақтар да қатар жүреді. «Коневодство», «Овцеводство» деген тараумен бірге, өзге төрт түлік мал құрып қалғандай, «Ослеводствоға» ойыстық. Оқытушымыздың ұлты орыс, соғыс жылдары Ленинград қоршауында болып, Қазақстанға көшіп келген, өте білімді, қатал әрі қарт адам еді. Тәжі­рибелік сабақ өткізуге техникумның қосал­қы шаруашылығында есек жоқ. Сон­дықтан профессор студенттерді Жам­­былдың «Атшабар» мал базарына алып баратын. Қаланың төңірегіндегі ауыл­дардан, қырғыздың Таласынан мал айдап әкеліп сататындар сенбі, жексенбі күндері сапырылысып, ығы-жығы боп жататын.

Бірде базардың қақ ортасында шыбындап тұрған көк есектің жанына кеп тоқтадық.

– Студент Айтматов, бұл есектің қай түрі? Кәне, баянда, – деп, көзәйнегі жар­қылдаған профессор бір топ студенттің ішінен маған бұрылсын.

– Бұл мақұлық алғаш Африка мен Азия құрлығында пайда болған. Мына өздеріңіз көріп тұрғандай, есектер өзге малдардан құлағының ұзындығымен ерекшеленеді. Қодығын он екі ай көте­реді, – дей бергенім сол еді, әлгі бар болғыр, көк есектің иесін тани кеттім.

Ауылдағы Досалы жездем мен Қара­қыз апамның көршісі. Есекке қарай емініп тұрған мені көріп, таңдана қа­райды. Ұяттан мұндай өртенбеспін. Тіпті даусым шықпай, құмығып қалды. Әлгі ақсақал Шекерге барысымен:

– Ойбай, Төреқұлдың баласы Жам­былда есектің оқуын оқып жүр екен. Мұғалімімен бірге базарда байлаулы тұрған менің есегімнің алдына келіп, оның шыққан тегінен бастап тұқым-тұяғын, жеті атасын түгелдей санап шықты.

Баланың сөзіне мен тұрмақ, көк есегім де риза болса керек, – деп, бүкіл ауылға жыр етіп таратсын.

Артынша ауылға демалысқа келге­німде, Қарақыз апам:

– Осы жұрт сені есектің оқуын оқып жүр дейді ғой. Бұл не әңгіме, қарағым-ау. Басқа оқу құрып қалды ма? Алда-жалда есекті оқығың келіп бара жатса, осы ауылда есектен көп нәрсе жоқ емес пе? – дегені көңілі бұзылып…»

Әйгілі қаламгердің осы бір естелігін оқы­ған оқырман қауымның аталған колледж туралы білгісі келетіні анық. Уақы­тында Жамбыл қаласында ауыл ша­руа­шылығы мамандарын даярлаған білім ордасы кейіннен бұрынғы Луговой, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданына көші­рілген.

«2011 жылғы 1 наурызында облыс әкімдігінің 2018 жылғы 24 қазандағы №203 қаулысына сәйкес оқу орны Жамбыл облысы әкімдігі білім басқар­ма­сының «Құлан агротехникалық кол­леджі» коммуналдық мемлекеттік қазы­налық кәсіпорны болып қайта аталды. Кейіннен жоғары колледж мәртебесі бе­рілді. 2022-2023 жылғы оқу жылдарында 14 мамандық бойынша жалпы саны 582 студент білім алып жатыр.

Құлан агротехникалық жоғары кол­леджі Жамбыл облысы бойынша 57 әлеуметтік серіктестікпен, оның ішін­де 20 мекеме және шаруа қожалығымен келісімшарт жасасқан. 2022-2023 оқу жылында 3 мекемемен («Шәу­шен» шаруа қожалығы, «SV AGRO» ЖШС, ҚТЖ АҚ ҰҚ Луговой рельс дәне­керлеу цехы) мақсатты тапсырыс беру туралы келісім шартқа қол қойылды.

Жұмыс берушілер қорытынды аттес­­тацияға қатысып білімді, білікті түлек­­терді жұмысқа шақырады. 2021 жылы кол­ледже «Ара өсіру және жібек шаруа­шылығы», «Балық шаруа­шы­лығы» ма­ман­дықтары ашылды. Сон­дай-ақ «Жас маман» жобасы аясын­да «Агро­номия», «Дәнекерлеу ісі» маман­дық­тары құрылғылармен жабдықталып, құзы­реттілік орталығы және WorldSkills жат­тығу алаңы құрылды. 2022 жылы «Шәу­шен» шаруа қожалығымен корпо­ративтік басқару меморандумына қол қойылды.

«Атаулы шәкіртақы» жобасы әлеу­меттік серіктестердің демеушілігімен жүзеге асырылады. Қорытынды аттес­таттау WorldSkills стандарттары негі­зінде демонстрациялық емтихан форматында өткізіледі, 56 студент Skills паспорттарға ие болды. Колледж өзін-өзі қаржыландыруда егістік жер алқабын, жылыжай, интенсивті бақ, дәнекерлеу цехтарының өнімдері, ақылы қызмет көрсетудің бірнеше көздерін пайдаланады», дейді оқу ордасының басшысы Олжас Мұсақұлов.

Колледж директорының айтуынша, студенттердің рухани тұрғыдан дамуына да айрықша ден қойылған.

«Біз колледжде Шыңғыс Айтма­товтың оқығанын қай кезде де мақтан тұтамыз. Әйгілі қаламгердің аты атал­ған кезде қазақтың ғажап жазушысы Мұхтар Әуезовтің, айтулы ақын Мұхтар Шахановтың есімін естен шығармаймыз. Уақытында «Жәмила» повесін Мұхтар Әуезов пен француз қаламгері Луи Арагонның жоғары бағалағанын, Айт­матовтың әдебиет әлеміндегі орны, шы­ғар­машылығы туралы студенттердің санасына құйып келеміз. Бұл бағыттағы іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады.

Колледж ауыл шаруашылығы ба­ғы­тында болғанымен, заманымыздың заңғар жазушысының шығармалары біздің жастарды қанаттандырады», дейді аталған колледж директорының орынбасары Гүлмира Маханбетова ағынан жарылып.

Расында да, осыдан бірнеше жыл бұрын колледжге Лондоннан арна­йы қонақтар шақырылған болатын. Лон­дондағы шығыстану және африкатану мектебінің оқытушысы Джонатан Фрейер, Айтматов академиясының директоры Рахима Абдуалиева бастаған мәртебелі меймандар оқу ордасындағы Айтматовқа арналған ескерткіш тақта­ның ашылу салтанатына қатысып, көкейдегі ойларын жайып салған еді.

Сол кезде Рахима Абдуалиеваның қаламгердің «Жәмиладан» бастап, «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Жанпида» секілді өзге де шығармалары туралы тебірене толғанып, колледждің сол жылдардағы директоры Жұмакүл Бүкіроваға шексіз алғыс айтқаны да жадымызда.

Иә, аты ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын колледж екенін айқын­дап тұрғанымен, мұнда әлем таныған Айтматов шығармашылығына арналған іс-шаралар жылына кемі 5-6 рет ұйым­дастырылып тұрады. Өйт­кені ұжым қызметкерлері дарабоз тұлға­ның шығармаларын кейінгі толқын маман­дардың жастанып оқығанын қалайды әрі қадағалайды.

Колледжге Қазақстанның әр қиы­рынан келіп білім алатын жастар аз емес. Олардың ішінде әдебиетке аңсары ауғандар да жетіп артылады. Кім білсін, қазақтан шығатын бүгінгінің Айтматовы осылардың ішінде де жүрген болар...

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы,

Құлан ауылы