Қоғам • 18 Қаңтар, 2023

Меңдіқарада да үшем дүниеге келді

319 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қамбалы Қарқын ауылында тұратын Петров­тар отбасында Николай, Евгений және Виолетта есімді үшем дүниеге келді.

Меңдіқарада да үшем дүниеге келді

Меңдіқара ауданына қарасты Харьков ауылын­да Николай, Евгений және Виолетта есімді үшем дү­ниеге келді. Жергілікті тұр­ғындар мұндай қуа­нышты оқиғаның аудан тарихында осыдан 45 жыл бұрын ғана болғанын айтып отыр.

Үшемді дүниеге әкелген Алена Петрова осымен 7 ба­ланың анасы атанды. Бұған дейін шиеттей ба­ла-шағасымен екі бөл­мелі тар үйде тұрып келген Петровтар отбасына жер­гі­лікті «Қарқын» агро­фир­масының басшысы Еркін Бұқанов ауылдан ең­сесі биік, кең баспа­на тарту етіп, үшемнің ана­сы ай сайын алып тұра­тын 100 мың теңге көлемін­дегі қаржылай көмек тағайындады.

Аленаның толғағы қаң­тардың сегізі күні уақтылы мерзімінен 4 апта ерте басталған. Шыдатпай бара жатқан соң, есі шыққан жолдасы әйелін көршісінің көлігімен дереу аудандық ауруханаға жеткізеді.

– Бейтаныс ер адам ауру­ханаға кірген бойда: «Қысылып жатыр. Көмек­тесіңдер!» деп айқай салды. Бәріміз аңтарылып қалдық. Мәселенің мәнісін түсінісімен, жедел жұмысқа кірістік. Таңғы сағат 6-да екі ұл және бір қыз бала дүние есігін ашты, – дейді Меңдіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері Рудава Жакина.

Құрсақта 40 аптаның аяқталуын күтіп жатпай-ақ, мынау жарық дүниені көруге асыққан сәбилерді дәрігерлер бірден шала туғандарды ширататын арнайы шыныбет кювезге жатқызып, бір тәулік бойы бақылайды.

Жағдайлары тұрақты қа­лыпқа түскен сәбилер бір тәуліктен соң, сан­авиация арқылы Қостанай қаласындағы облыстық аурухананың перинаталдық орталығына жеткізіледі. Екі ұл бірден жалпы палатаға орналасқанымен, қыз бала екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан.

– Мен Меңдіқарада дәрігерлердің бақылауында жаттым. Ал балаларымды Қостанайға алып кетті дегенді естігенде, біраз ай­қайға басып жұртты әбі­герге салдым. Әйтеуір мед­бикелер сабырға шақырып, осылай болу керек екенін түсіндіріп бақты. Балаларымды қолыма алып, омырауыма қысқан соң ғана жаным тыныш тап­ты. Дәрігерлер мен акушер­лерге, медбикелерге мың да бір рақмет, – дейді үшемнің анасы Алена.

Перинаталдық орталық­тағы балалар бөлімінің мең­герушісі Игорь Бойконың айтуынша, үшемдер қазір қажетті терапия алып жатыр. Жағдайлары жақсы, тіпті, ақырындап салмақ та қоса бастаған.

– Нәрестелер, әсіресе қыз бала әлі де болса біраз ширай түсуі керек. Қазір жағдайлары қалып­ты. Бірақ нәрестелер ша­ла туғандықтан біраз уақыт бақылауда ұстап, ем жүр­гізіп, дәрігерлік күтім жасайтын боламыз. Үшемнің анасының денсаулығы да ақырындап жақсарып келеді, – дейді нәрестелерді емдеп жатқан дәрігер Әсет Өтегенов.

 

Қостанай облысы