Қоғам • 19 Қаңтар, 2023

Жүйесіз туристік жарна

488 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Туристік саладағы кәсіпкерлер мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары шетелдік туристер үшін 5 пайыз мөлшерінде Bed Tax туристік жарнасына қатысты теріс қорытынды шығарды. Бірақ Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 2023 жылдың қаңтарынан бас­тап аталған жарнаға қатысты норма іске қосылды. Ал бизнес бұл жарна салаға кері әсер етеді деп қауіптеніп отыр.

Жүйесіз туристік жарна

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Кәсіпкерлер қолданыстағы жарна жинау тетігін құптамай­тынын айтып, туристік жарнаны 2024 жылға дейін кейінге қалдыруды сұрап отыр. Сондай-ақ 2024 жылға дейін жарнаны төлеу тетігін бірлесіп пысықтауды ұсынды.

– Кәсіпкерлер бұл практи­каға қарсы емес, бірақ жарнаны төлеудің нақты тетігі жолға қойылуы керек. Биз­нес өкілдері бірнеше рет ұсыны­сын айтты, ескерту жасады. Өкінішке қарай, олар ескеріл­меді. Әкім­шілендіру бойынша қол­да­ныстағы жүктеме толығымен қонақүйлерге түседі. Сондық­тан қағи­даларды қайта қарап, нарықтың ес­кер­тулерін назарға алу керек, – деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова.

«Қалалық туризмді дамыту орталығы» қауымдастығының атқарушы директоры Татьяна Верницкаяның айтуынша, жарна кәсіпкерлердің жүктемесін арттырады. Қазірдің өзінде «бухгалтерлік және салықтық есепте жарнаны қалай дұрыс көрсету керек» деген сұрақтар туындап отыр.

– Қағидалардың қазіргі нұсқасында туристік жарнаны пайдаланудың нақты белгіленген мақсаты мен міндеті жоқ екеніне назар аударған жөн. Бұл қаражат қайда және қалай жұмсалады және қандай орган оны бақылайды? Бала­лар мен зейнеткерлерге немесе қонақүйге туризм мақсатын­да емес, жұмыс үшін келген шетелдіктерге қалай салық салынады? Осындай сұрақтарға нақты жауап ала алмай отырмыз, – деді Т.Верницкая.

Сонымен қатар бизнес өкіл­дері халықаралық тәжірибені зерделеуді сұрап отыр. Онда жарна мөлшерлемесі бекітілген, мөлшерлеме қонақүй тари­фіне, маусымға байланысты болмайды. Турист қанша төлеу керегін нақты біледі. Мыса­лы, Өзбекстанда жарна мөлшер­лемесі 2 доллар мөлшерінде, Ресей Федерациясының үш аймағында 0-ден 100 рубльге дейін, ал Италия аймақ­тарында 5 еуро мөлшерінде белгіленген.

– Біз халықаралық тәжірибе­ге сәй­кес Bed Tax енгізуді талқыладық. Бірақ Үкіметтің қаулысы нарық өкілдерімен талқылаусыз қабылданды. Салдарынан статистика мен тұру құны арқылы есептелетін күрделі нұсқа пайда болды. Әлемдік тәжірибеде қонаққа түсінікті тұрақты соманың оңтайлы тәжірибесі қол­даны­лады. Ал қазіргі қағидалар турис­­терді шатастырып, салаға кері әсер етеді, – деді Қазақстан қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова.

Мәдениет және спорт ми­нистр­лігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыс­пеков кәсіпкерлердің сұрағы­на жауап беріп, қағидалар­дың қолданыстағы редакция­сын ұстануға тура келетінін мәлімдеді.

– Сомасы бекітілген мөл­шер­лемені енгізу деген мәсе­ле талқыланбайды, өйткені бұл қолданыстағы қағидалар. Салық жүйесі бойынша бәріміз еңбек­ақымызға байланыс­ты салық төлейміз. Егер біз сомасы бекітілген тарифтерді енгізсек, сұрақтар туындайды. Өйткені қонақүйлерде баға саясаты әртүрлі. Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдардың мәслихаттары еліміздің 28 қаласы мен ауданында мөлшерлемелер қабылдады. Тарифтер 1 пайыздан 5 пайызға дейінгі аралықты құрайды, – деді Д.Рыспеков.

«Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы жауапты ведомство тарапынан кәсіпкер­лердің сұрақтарына жауап болмағандықтан, нарықтың пікірін ескере отырып, 2023 жылға арналған нөлдік мөлшер­лемені қолдану, жарнаны іске асыру тетігін пысықтау, пайыз­дық мөлшерлемені белгіленген мөлшерлемеге ауыстыру және енгізілген қағидаларды 2024 жылдан бастап Астана, Алматы қалаларында қанатқақты режімде сынақтан өткізуді қайта ұсынды.

Еске салайық, бұған дейін «Атамекен» палатасының Турис­тік сала комитеті ел Үкі­метіне Bed Tax туристік жарнасын енгізу тәртібін қайта қарау туралы өтініш жолдаған болатын. Палатаның комитеті жарнаның ең жоғары мөлшерлемесін қолданыстағы нормамен енгізу туризмнің бүкіл саласы үшін қисынсыз әрі зиян деп санайды.