Қоғам • 19 Қаңтар, 2023

Солтүстік Қазақстан облысында дәрігерлер тапшы

216 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде денсаулық сақтау саласындағы кадр мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында дәрігерлер тапшы

Қазір облыста 208 дәрігер жетіспейді. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров өңірге дәрігерлерді тартудың жоспарын әзірлеу қажет екенін атап өтті.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Көсемісов солтүстікқазақстандық дәрігерлердің жоғары біліктілігі оларды бәсекеге қабілетті және республикалық маңызы бар қалаларда сұранысқа ие ететінін атап өтті. Жас мамандар мен басқа облыстардан келгендер баспананың жоқтығынан, тұрмыстық жетіспеушіліктен кері кетіп жатыр. Бұл әсіресе ауылдық жерлерге қатысты болып отыр.

«2021 жылдан бастап қалалық медициналық ұйымдарға жұмыс істеу үшін келген медицина мамандарына 1,5 миллион теңге, ал аудандық мекемелерге 2,5 миллион теңге жәрдемақы беріліп жүр. Жас мамандар «Дәрігерлер үйінде» жалдамалы баспанамен қамтамасыз етілсе, медицина қызметкерлері «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы мен «Нұрлы жер» бағдарламасына қатыса алады. Өткен жылы 126 дәрігерге жалпы сомасы 232 миллион теңгеге көтерме жәрдемақы төленді. Ақпан айында тағы 41 дәрігер жәрдемақы алады», деді Қ.Көсемісов.

Ол медициналық ұйымдардың басшылары жас мамандарға 1 миллион теңгеден 3 миллион теңгеге дейін жәрдемақы төлейтінін, тұрғын үйді жалға алу құнының 50 пайызын өтейтінін қоса айтты.

Қ.Көсемісовтың айтуынша, қаңтар айынан бастап облыс делегациялары медициналық жоғары оқу орындарына барып, түлектерді жұмысқа шақырады.