Аймақтар • 19 Қаңтар, 2023

Алапат өрт трактордан тұтанған

232 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әулиекөл ауданында былтыр күзде болған алапат өртке қатысты сот үкімі шықты. Бас прокуратура қызметкерлері тергеген іске Әулиекөл аудандық соты нүкте қойды.

Алапат өрт трактордан тұтанған

Өрттің тұтануына Александр Репейко есімді трактор жүргізушісі кінәлі болып шықты. Қылмыстық істің дерегі бойынша, 2022 жылдың 2 қыркүйегінде орманда ағаш дайындап жүрген қарағайшы Р.Есмағанбетов тракторшыға ақысын төлейтінін айтып, Бағаналы ауылынан Басаман орман шаруашылығының №22 теліміне вагон жеткізіп беруін сұрайды. А.Репейко келісімін береді. Алайда механизатор жүргізіп жүрген трактордың ұшқын сөндіргіші болмаған. Оған қоса трактордың цилиндрі мен поршенінде де ақау болған.

Тракторшы межелі жердің алыс екенін біле тұра, ауа райының аптап ыс­ты­ғы мен желдің үдей бастағанына қарамастан, тракторына ұшқын сөндір­гіш орнатпастан, әлгі вагонды артына тіркеп алып жолға шығып кетеді. Осы­лай­ша, жол бойы артынан от шашып келе жатқан трактордың ұшқыны тиген қау лап ете қалып, айнала әп-сәтте қызыл жалынға оранған. Өрекпіген желге ілескен тілсіз жау ел ес жиып бол­ғанша орманды шарпып, елді мекен­дер­ге енеді.

Салдарынан жойқын өрт 40 мың гектарға жуық орманды-далалы алқапты тып-типыл етіп, 18 млрд 774 млн 283 мың 323,73 теңге шығын келтірген. Оған қоса, 91 тұрғын үй, 4 шағын бизнес ны­саны, 33 қора-қопсы, 20 автокөлік, ауылшаруашылық және арнайы техника, 122 бас мал өртеніп кетті. Бұл шығындардың есебі – 642 млн 114 мың 735 теңге.

Алапат өртті сөндіру кезіндегі арпалысқа мемлекет бюджетінен 2 млрд 680 млн 640 мың 278, 37 теңге бөлінді.

Александр Репейконың ісі сотта Қыл­мыстық кодекстің 204-бабының 2-тармағында көрсетілген «Отпен немесе қауiптiлігі жоғары өзге де көздермен абайсыз жұмыс iстеу арқылы жасалған не ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірген дәл сол іс-әрекет» және Қылмыстық кодекстің 341-бабы, 1-тармағында көзделген «Отқа салғырт қарау салдарынан тұрғын үй маңындағы, бау-бақша учаскелеріндегі ағаштарды, сондай-ақ орман қорына кіретін және кірмейтін ағаш-бұталарды жою немесе зақымдау» қылмысы ретінде қаралды.

Ақыры аудандық сот А.Репейконы бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ал бұған дейін қамауға алынған Басаман орман шаруашылығының директоры Асхат Жақашовқа қатысты тергеу амалдары әлі жүріп жатыр.

 

Қостанай облысы