Ауыл • 20 Қаңтар, 2023

Ауыл – ел бесігі десек те, «келешегі жоқ» деп танылған елді мекен көп...

598 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысы қаралған Үкімет отырысында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республикамыздағы 6 293 ауылдық елді мекеннің 3,5 мыңы ғана даму әлеуеті жоғары ауылдар ретінде басым тәртіппен жаңғыртылатынын мәлімдеді.

Ауыл – ел бесігі десек те, «келешегі жоқ» деп танылған елді мекен көп...

Тірек және серіктес елді мекендер тізбесіне енгізілген осынша ауылға ел қазынасынан өткен үш жылда 326 млрд теңге қаржы бөлініп, ол 334 тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық объектісін, 1,2 мың бі­лім беру, денсаулық сақтау, спорт меке­месін және 2 мыңнан астам ауыл­ішілік жолды салуға және жөн­деуге жұмсалыпты. Биыл 736 ауыл­дың осындай мұқтаждықтарын шешуге 143 млрд теңге бөлініп отыр. Жөн-ақ. Тек «келешегі жоқ» деген қа­таң үкім кесіліп, қалтасының түбі тесік жергілікті бюджеттен қар­жы­ландыруға қалдырылған 2 793 ауыл­дың жағдайы қалай болар екен деген ой мазалайды. Өйткені оларда да адамдар тұрады ғой...

...Осыдан үш жарым жылдай бұрын Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның орталығынан 560 шақы­рымдай шалғай түкпірдегі Қулыкөл ауылына жолымыз түскені бар. Сол маңайдағы талай елді мекеннің тоз-тозы шығып, жабылып жатқанда жолы нашар, қиян шеттегі Қулыкөлдің іргесі сө­гілмегені қайран қалдырған. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында 190 отбасы, яғни бір мыңға жуық адам тұрады екен. Жергілікті орта мектепте 190-нан астам оқушы ана тілінде білім алып жүр. Тойы тойға ұласқан елді мекеннің екі жағында екі кафе ашылыпты. Ежелден ата кәсібіне мығым қулыкөлдіктердің өрістері төрт түлік малға толы болып шықты. Әйтсе де осы құт-береке қонған ауыл аудан орталығынан 180 шақырым қашықтықта орналасқандығы себеп­ті тірек және серіктес елді мекен­дер тізбесіне енгізілмепті. Ауыл тұр­ғын­дары: «Ауыл – ел бесігі» жобасына енгізілсек, республикалық бюджеттен бізге де қажетті қаржы бөлініп, ең басты мұқтаждығымыз – ауылымыздың жолы жөнделер ме еді?..» деп мұңайған еді. Әйтеуір, сәтін салғанда, кейін бұл мәселеге Парламент Мәжілісінің алтыншы шақырылымдағы депутаттары араласып, Қулыкөл ауылы тірек елді мекен атанды.

Ал аса көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов дүниеге келген Қызыл­жар өңіріндегі Жаңажол ауылы жа­қын тірек ауылдан 65 шақырым қашықтықта орналасуы себепті се­рік­тес елді мекен санатына да қо­сылмай қалыпты. Өйткені Ұлттық экономика министрінің «Ауылдық елді мекендерді айқындауға арналған өлшемшарттарды бекіту туралы» 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №81 бұй­рығына сәйкес серіктес ауыл жақын тірек ауылдан 15 шақырымнан артық қашықтықта орналаспауға тиісті екен. Сол өлшемшартты өз­гер­тіп, Жаңажол ауылын тірек елді мекен ретінде айқындап, оған көршілес орналасқан бірнеше ауылды серік­тес елді мекендер етіп белгілеуге неге болмасын?! Әйтпесе, жолы нашар осы ауылдар қуатты мемлекеттік қолдаудан қағыс қалып, біртіндеп тарап, жойылып кетуі мүмкін.

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы атына заты сай Бірлестік ауылы тірек елді мекен болып белгіленгенін біліп қуанып қалдық. Оған 11 шақырым қашықтықтағы, бастауыш мекте­бі, қырық шақты ғана үйі қалған Қара­қамыс ауылы серіктес болып айқындалыпты. Ал мұндай мәртебе 23 шақырым жерде орналасқан, орта мектебі бар, жетпіс шақты шаңырақ түтін түтетіп отырған Дәуқара ауылына бұйырмапты...

Жалпы, «келешегі жоқ» деп та­нылған ауылдардың көбі – еліміздің жұмыс күші тапшы солтүстік-шығыс өңірлерінде. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындары өз еріктерімен қоныс аударып жат­қан Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары үшін арнайы өлшемшарттар белгілегені жөн сияқты.

«Үмітсіз – шайтан» демекші, ендігі үміт – Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Ұлттық экономика министрлігіне Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу барысында болашағы бар ауылдарды айқындау әдістерін өзектендіруді тапсырғанында. Әйтпесе, қазір түтіні біршама түзу ұшып отырған талай ауыл ел бесігі болмақ түгіл, азып-тозып, түбінде тек жұрты ғана қалуы ғажап емес.