Тірек және серіктес елді мекендер тізбесіне енгізілген осынша ауылға ел қазынасынан өткен үш жылда 326 млрд теңге қаржы бөлініп, ол 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектісін, 1,2 мың білім беру, денсаулық сақтау, спорт мекемесін және 2 мыңнан астам ауылішілік жолды салуға және жөндеуге жұмсалыпты. Биыл 736 ауылдың осындай мұқтаждықтарын шешуге 143 млрд теңге бөлініп отыр. Жөн-ақ. Тек «келешегі жоқ» деген қатаң үкім кесіліп, қалтасының түбі тесік жергілікті бюджеттен қаржыландыруға қалдырылған 2 793 ауылдың жағдайы қалай болар екен деген ой мазалайды. Өйткені оларда да адамдар тұрады ғой...
...Осыдан үш жарым жылдай бұрын Солтүстік Қазақстан облысының орталығынан 560 шақырымдай шалғай түкпірдегі Қулыкөл ауылына жолымыз түскені бар. Сол маңайдағы талай елді мекеннің тоз-тозы шығып, жабылып жатқанда жолы нашар, қиян шеттегі Қулыкөлдің іргесі сөгілмегені қайран қалдырған. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында 190 отбасы, яғни бір мыңға жуық адам тұрады екен. Жергілікті орта мектепте 190-нан астам оқушы ана тілінде білім алып жүр. Тойы тойға ұласқан елді мекеннің екі жағында екі кафе ашылыпты. Ежелден ата кәсібіне мығым қулыкөлдіктердің өрістері төрт түлік малға толы болып шықты. Әйтсе де осы құт-береке қонған ауыл аудан орталығынан 180 шақырым қашықтықта орналасқандығы себепті тірек және серіктес елді мекендер тізбесіне енгізілмепті. Ауыл тұрғындары: «Ауыл – ел бесігі» жобасына енгізілсек, республикалық бюджеттен бізге де қажетті қаржы бөлініп, ең басты мұқтаждығымыз – ауылымыздың жолы жөнделер ме еді?..» деп мұңайған еді. Әйтеуір, сәтін салғанда, кейін бұл мәселеге Парламент Мәжілісінің алтыншы шақырылымдағы депутаттары араласып, Қулыкөл ауылы тірек елді мекен атанды.
Ал аса көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов дүниеге келген Қызылжар өңіріндегі Жаңажол ауылы жақын тірек ауылдан 65 шақырым қашықтықта орналасуы себепті серіктес елді мекен санатына да қосылмай қалыпты. Өйткені Ұлттық экономика министрінің «Ауылдық елді мекендерді айқындауға арналған өлшемшарттарды бекіту туралы» 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №81 бұйрығына сәйкес серіктес ауыл жақын тірек ауылдан 15 шақырымнан артық қашықтықта орналаспауға тиісті екен. Сол өлшемшартты өзгертіп, Жаңажол ауылын тірек елді мекен ретінде айқындап, оған көршілес орналасқан бірнеше ауылды серіктес елді мекендер етіп белгілеуге неге болмасын?! Әйтпесе, жолы нашар осы ауылдар қуатты мемлекеттік қолдаудан қағыс қалып, біртіндеп тарап, жойылып кетуі мүмкін.
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы атына заты сай Бірлестік ауылы тірек елді мекен болып белгіленгенін біліп қуанып қалдық. Оған 11 шақырым қашықтықтағы, бастауыш мектебі, қырық шақты ғана үйі қалған Қарақамыс ауылы серіктес болып айқындалыпты. Ал мұндай мәртебе 23 шақырым жерде орналасқан, орта мектебі бар, жетпіс шақты шаңырақ түтін түтетіп отырған Дәуқара ауылына бұйырмапты...
Жалпы, «келешегі жоқ» деп танылған ауылдардың көбі – еліміздің жұмыс күші тапшы солтүстік-шығыс өңірлерінде. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындары өз еріктерімен қоныс аударып жатқан Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары үшін арнайы өлшемшарттар белгілегені жөн сияқты.
«Үмітсіз – шайтан» демекші, ендігі үміт – Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Ұлттық экономика министрлігіне Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу барысында болашағы бар ауылдарды айқындау әдістерін өзектендіруді тапсырғанында. Әйтпесе, қазір түтіні біршама түзу ұшып отырған талай ауыл ел бесігі болмақ түгіл, азып-тозып, түбінде тек жұрты ғана қалуы ғажап емес.