Тарих • 20 Қаңтар, 2023

Шоң

476 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін

Ақтарылған аңдатпа

«Ақбас Алатауды дүбірлете шыққан Шыңғыс шығармалары әлемді елең еткізді. Асқақ ән аспанға атылып, тәтті жыр жер бетін ұйыта қалды. Мөлдір махаббат, ақтілек ана, қиыспас достық, тәтті татулық, терең толғау – бәрі-бәрі орын тапқан оның туындысынан. Қай дастанын оқи бастасаң да жылылық құшағына кіресің. Қызыға бересің, оқи түсесің, аяғына бір-ақ шыққаныңды өзің де білмей қаласың.

Өмірге үңіліп, тұңғиық түбінен маржан іле білген, жетеліге аталы сөз жеткізген зергердің құдіреті осылай болмақ! Шыңғыс толғауын бұл күнде – шұғылалы Шығыс та, менмен Батыс та оқиды. Зар-зәбір естіген ащыға аһ ұрып күрсінсе, арманға жеткен адамдар қуана түседі. Осылай отырған оқушы Айтма­товтың жақсылардың жақсы­сы, жүректілердің жүректісі екенін сезінеді. Авторға мың сан алғысын жол­дайды. Міне құрмет, міне бақыт!

Ал қазақ оқырманы, кезек са­ған да тиді. Мынау сол асыл дүние. Ал да оқы! Қызыққа бат! Өс. Өрле. Қанаттан. Өзгелерге де айт, құр қалмасын. Асықсын, сусындасын.

Бұл сенің бауырыңның – телқо­зының асыл шығармасы. Оған Әуезов өзінің аталы сөзін арнаған, әлемге паш еткен. Өнерлі перзент деп масаттана мақтанған. Оның шы­ғар­масы сол ұлы Әуезовтің шығар­маларымен қатар әр қазақ оқыр­манының төрінде тұруға лайық».

Шоң

Бұдан алпыс жылдай бұрын жазылған осы сөздердің менің санама сіңіп, жадымда жатталып қалатынының соқталдай себебі бар...

Ес білгеннен біздің үйде кітап көп болатын. Кәдімгідей үлкен екі кі­тап шкафы бар еді. Ауыл­дың ауқымымен, алпысыншы жылдар­дың жағдайымен қарағанда бұл көп кітап саналатынын шамалау қиын емес. Бір күні көкем бір әдемі кітап алып келді. Бұл – 1964 жыл. Алтын­шы класс оқушысымын. Мата мұқа­ба­лы кітап. Аты – «Тау мен дала хи­­­кая­сы». Авторы – Шыңғыс Айт­­­матов. Көкемнің көзіндей ол кітап мен­­де әлі бар. Әлгі кітаптың басын­да­­ғы жаңағы сөздерге қатты риза бол­­­ғаным есімнен кетпейді. Ол кезде «анно­­тация» деген сөзді білмейміз. Егер ан­­но­­тацияның үйренерліктей үздік үл­гісін керек етсек, сол аңдат­паны алға тарта айтудың реті бар деп ойлаймын.

Бұл сөздерде әдебиет аспанына жарқырай көтерілген жаңа жұлдыз – Шыңғыс жұлдызына бауырластық қуаныш та бар, оның шығар­ма­лары­ның қазақ жүрегіне қаншама жақын­дығын жеріне жеткізе айту да бар.

«Тау мен дала хикаясы» ой-санам­ды кәдімгідей өзгертіп жіберді десем, артық айтпаспын. Оған дейін көбіне оқиғасы қызықты кітаптарға әуес күйде келген екенмін. Енді он­дай­ларды азайтып, ойлантып оқы­татын шығармаларға бет бұра бас­­та­дым. Әлім жеткенше, өзімше көр­кемдікке көңіл қоюға тырысатын болдым. Әйтеуір, оның алдында төрт томдық «Абай жолының» көлеміне қарап, қолға алуға қорқасоқтап жүр­генім, Айтматовтың әсерімен Әуезов романының бетін алғаш аш­қа­ным есте қалып қойыпты. Бара-бара сөз өнерінің сиқыры меңдей берді. Ақыры сөздің соңына түстік. Бала күнінен-ақ, балаң шағынан-ақ Айтматов сөзі миын меңдей бас­таған мендейлер – миллиондар. Айт­матов сөзінен нәр алған, қуат алған адамдардың санын шамалап айту­дың өзі қиын. Жазушы шы­ғар­­малары әлемнің 170 (!) тіліне аударыл­­ған, кітаптары ұзын саны 100 мил­лион данамен басылған. Олар­дың қаншасын басқалардың қан­ша рет қайта оқығанын, қаншасы кітап­ханада қанша рет қолдан-қолға өткенін ешкім есептей алмайды.

 

«Байыртан бир боордош»

Иә, қазақ халқы отызында-ақ орда бұзып, әдебиет шыңына шыр­қап шыққан Шыңғыс бауырына ә де­ген­нен әлгіндей ақтарылып қуан­ған, разылығын осылай ақ жарылып айтқан. Қазақ Шыңғыс Айт­ма­товқа өмірден кеткенінше сол пер­десіз көңі­лін жеткізумен болды. Бұл жағы­нан Шыңғыс та аянып қал­ма­ды. Алғашқы әңгімелерінің өзіне бір­ден елең етіп, одақтық бас­па­сөзге жылы лебізін ( мақала аты – «Путь добрый!») жедел жеткізген, қауыр­сын қаламын қатайтып, өзіне сенімін арттырған Әуезовке, Мәс­кеудегі Әдебиет институтында оқып жүргенінде тап бір туған іні­сін­дей қамқор болған асыл ағаға ақ ал­ғысын айтумен өтті. «Менің шет­ке шыққанымда жанымнан қал­дыр­­майтын екі қасиетті қазынам бар. Оның бірі – Манас, екіншісі – Әуезов» деді. Ұлы ұстазының бас­ты туындысының қадір-қасиетін жері­не жеткізе айтты. «Абай жолы» эпо­пеясы – біздің көркемдік және әлеу­меттік энциклопедиямыз. Бұл – біздің ортақ мандатымыз, біздің ұлы Еуразия кеңістігінде өткен бүкіл өміріміз үшін, тауқыметті тари­хымызда бастан кешкен қиямет­теріміз үшін, өзіміздің қасиет тұтар, қастерлер қазынамызды қалып­тас­тырып, өзіміздің әсемдік әлемі­міз­ді, парасат байлығымызды, өзін­дік көшпелі мәдениетімізді, өзі­міз­­дің ұлы поэтикалық сөзіміз­ді дү­ние­ге әкеле жүріп, қол жет­кіз­гені­­міз­дің барлығы үшін беріл­ген ор­тақ есе­біміз» деді. Бүкіл шығар­ма­ла­рын­да қазақ өмірі қырғыз өмірі­мен қам­шының қос өріміндей қатар өріліп келді. Шыңғыс арқылы қазақ жаны Әуезовтен кейін әлемге қайта танылды. Оның ет жүректі елжі­ретпей тұра алмайтын тамаша туын­ды­ларында қазақ жерінің сырлы сурет­тері салынды, қазақ елінің қай­та­ланбас мінез қалпы бар бояуымен алынды.

2008 жылы, жазушы өмірден өт­кенде Бішкекке арнайы барып, то­пырақ салып қайтқан топта болып едік. Сонда жаңбыр-жаңбырдың арасында кітап дүкеніне бас сұғудың да мүмкіндігі туып, «Тумар» баспасы шығарған «Жамийла» кітабын ала қайтқанбыз. Соның ішінде қазақтар жайындағы жолдарын қырғызша оқығанда жазушының өз даусын, жан сөзін естіп тұрғандай боласың.

«О, айланайын кең талаам! Казак боордошум жердеген алп талаам! Мынакей, биздин тоолорду эки жакка керип таштап, чий менен шыбакка ыргалып, көз жетпеген деңиздей көлкүп жатасың. Ким билет сендеги жаткан күчтү! Жарыктык, сыртыңдан карасаң, эч бир жан жоктой бозоруп жатканың жаткан. Бирок кечеги эле эстен кеткис жайда согуш башталып, душмандар өлкөбүзгө кол салганда, туш-туштан талаада оттор жалындап, туш-тушка чабармандар ат коюп, жоокерлер минсин деп, айдаган канаттуу күлүктөр ысык чаң тумандатып, дүбүртүнөн асман чайпалды. Ошондо аркы өйүздө токтой калган кабарчы казак, ат оозун жыя:

– Аттан, кыргыз, аттан! Жау келди! – деп чуу коюп, саратан куюнга аралаш дагы да алда кайда чапкылаган».

Не деген сурет! Өзеннің арғы беті­не шауып келіп, ұран салған, ба­уыр­­ларын майданға шақырған қазақ!.. Мына жақтан ат жалын тар­тып, жабыла жауға аттанған қырғыз!..

Әрине, өмірде бұлай болмаған. Өмірде 1941 жылдың маусымында қазақтар да, қырғыздар да соғыс басталғанын алдымен радиодан естіген, олардың бәрін сельсовет кеңсе жаққа жинап, Маленковтың мәлім­демесін тыңдатқан, бір рес­пуб­ликаның шабарманы екінші респуб­ликаның шекарасына шауып барып, аттан сала қоймаған. Ол – өмір шындығы. Шыңғыстың жазғаны – өнер шындығы. Шын таланттың қолынан шықса, өнер шындығы өмір шындығынан да өміршең келеді. Өйткені санада, рухта дәл осылай болған, оған сөз жоқ! Эпизодты эпостық зау биікке көтеріп әкететін Шыңғыс қаламының құдіреті бұл.

 

Оң жамбасқа келгенде

Біздің өз жерімізде өзіміз қожа­йын болмай отырғанымыз да, қожа­йын болмау былай тұрсын, ақыр аяғы ата-баба бейітіне өліктің мәйітін қоя алмай, өксіп отырғанымыз да бүкіл әлемге ең алдымен Шыңғыс шығар­масында айтылды. Өзге жұрттың бәрі қайта құрудан қайыр күтіп, демократиядан дәмеленіп отырғанда тек біздің қазақтың елінде ғана қайта құруға қайта бұру басталғаны да ең алдымен Айтматовтың аузымен айтылды. Сол кездегі елдің сол кездегі ең биік мінберінен айтылды. Әлемге әйгілі суреткердің сөзі дүн-дүниеге тарады. Бұған қозғау салып берген адам Әбіш Кекілбаев екенін де біле жүрейік. «Тәуелсіздік толғауында» жазушы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі күрмеуі көп кезеңде, КОКП Орталық комитетінің өзі «қазақ ұлтшылдығы» деген сұм­дық сөзі бар қаулы қабылдап тұрған шақта Бішкекке барып, Шыңғыс Айтматовпен сөйлескен кезін, ол әңгіменің нақты нәтижесін баян еткен. Ендігіні жазушының өзінен естиік. Біз мұны «Абыз Әбіш» атты кітабы­мызда келтіргенбіз.

«Тап сондай аса қобалжулы көктемде Бішкектегі бір кеш есіме түседі. Шыңғыс Айтматов ағамыз демалып жатқан жеріне шақырған-ды. Оңаша жолығысымыз ұзаққа созыл­ды. Әңгімеміз, негізінен, жағ­дай­дың бұл бетімен неге апарып тірей­тіндігі жөнінде өрбіді. Менің: «Демократия адамдар арасы­мен тынбайды. Халықтар арасына да ықпал жүргізеді», – деген емеурінімді бірден түсінген Шықаң баққа шақырды. Біздегі жағдайды егжей-тегжейлі сұрастыра бастады. Қоғамдағы процестер бұл қалпымен кете берер болса, қай халық пен қай республика да өз тағдырын өзі мықтап ойлауға тура келгелі тұрғанын сөз еттік. Қоштасар жерде: «Өз төрінде өздері отырғандар бір амалын табар-ау. Бізді айтсаңызшы», – деп Бас хатшы­мен бірге Пекинге жүргелі тұрған ағамызға біраз бопса айттық. Көп ұзамай КСРО халық депутаттарының съезі ашылды. Ана жолғы кеште бірге болған бір жігіт телефон соқты. «Әбеке, телевизорды ашыңызшы», – деді. Ашсам – Мәскеудегі съездер сарайының мінбесінде Шықаң сөйлеп тұр. «Қазақстанды бұдан әрі де бұрышқа тұрғызып қоюға тырысу қиянат», – деді әйгілі азамат. Есіме анадағы әңгімеміз түсті. «Оң жам­басқа келсін де», – деп еді. «Кел­ген екен ғой», – деп ойладым. Расын­да да, сол жиын елдегі саяси бастам­шыл­дық­тың орталықтан шет аймақ­тар­ға, жоғарғы жақтан төменгі қабат­тарға ауысқанын көрсетті. Қайта құрушы­лар баяғы арынынан айырылып қа­лыпты. Қазақстанның сол кездегі бас­шысы қашып құтылғандай болып, қуана-қуана Мәскеуде қалып қойды». Шыңғыс Төреқұлұлы 1989 жылы КСРО халық депутаттарының 1 съезінде сөйлеген сөзінде «Со­циа­лис­тік республикалардың тәуел­сіз­дік­ке құқығы Қазақстанды да айна­лып өтпеуге тиіс. Бұл республика, осы өңірдің байырғы этносы – қазақ халқы елге нан қажет болғанына, сол үшін Одақтың еуропалық бөлігінен сан миллиондаған адамның тың жерлерді игеруге ағылғанына, оның сырт­тан келгендер мен тұрғылықты ха­лықтың пайыздық деңгейіне әсер ет­кеніне кінәлі емес. Ал қазір кез кел­ген сәтте тұрғылықты халықты бұ­рышқа тұрғызып, орнының қайда еке­нін есіне салады» деген тұста бес мың адамдық зал дуылдата қол соққан.

Иә, ағайын, сонау бір жылдарда қырғыз сөзінің жақұт-жауһа­рына қатер төнген сын сағатта «Манас» жырын әлеуметшілсінген әпербақандықтың қанды құрығынан құтқарып қалған ұлы Әуезов сияқты, көлденең көк атты төрімізге шығып, қаңғып келген шүрегей көлімізге қон­ған сол бір сайқал саясат сұм­ды­ғы­­ның тұсында Айтматов қазақ­тың жыр­тысын жыртып, абыройы үшін ай­қас­қа түскен және сол айқас­тан нақ­ты нәтиже шыққан. Біз мұны еш­қашан ұмытпаймыз. Ұмытпауға тиіспіз.

 

Шекер атаның ұрпағы

Бұндайлық баянды бауырлас­тық­тың бастауында тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған қос халықтың терең тамырлы дәстүрлі достығы жатыр, әрине. Сонымен бірге мұның көзге көрінетіндей, сөзге ілінетіндей сілемдері Айтматовтың өз әулетінен де тарайды екен. Солай екенін біз өткен жылы, 26 қазанда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қырғыз ағайынның зиялы қауымымен кездесу кезінде қолымызға тиген «Ата-Бейит» кітабынан нақты оқып отырмыз. Бұл деректі романда өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қырғыз елін шарпыған сталиндік жолсыз жазаның жайы баян етіледі. Негізгі арқауы – жазушының әкесі, көрнекті партия қайраткері Төреқұл Айтматовтың тағдыры. Авторлары – танымал тарихшы Асан Ахматов пен қаламгердің қарындасы, көрнек­ті ғалым Роза Айтматова. Біз осы­дан төрт жыл бұрын Еура­зия ұлттық университетінде Роза Төреқ­ұл­қызы­мен кездескенде шеті шыға­рылып, диктофонға түсіп қалған бір әңгіме «Ата-Бейит» кітабында таратыла айтылыпты. Тараудың аты – «Шекер жайындағы аңыз».

Ойранды отызыншы жылдар. Төреқұл Айтматов түрмеде. Жанындағы серігі Шораны атуға алып кетеді де, орнына жап-жас бір жігітті жатқызады. Аты – Тәңірберді. Талас­тан. Ағасының әңгімесіне құ­мар-ақ. Сұрамайтыны жоқ. Төре­құл да ақтарыла береді. Бір күні «Кейінгі кезде біздің айылдың неге Шекер аталғаны жайындағы аңыз ойыма орала беретін болып жүр» деп алып, «Есте жоқ ерте заманнан Таластың қырғыздары қазақтармен қоңсы қоныстанған» деп бастап, бір байтақ әңгіме өрбітеді. Сол жаугершілік заманда ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған ағайынның арасына мықтап сына қағылыпты. Қаққандар – екі елдің ортақ дұш­паны, екі жақтың қақтығысып, қан­сы­рағанын тілейтін қалмақтар. «Олар сан түрлі сұмдық сөз таратып, әзәзіл әрекетпен қаскөйлікті қоз­дыра береді. Қазақтарға келіп, қыр­ғыз­дар сендердің жеріңді тартып алып, еліңді тоз-тоз етпекші дейді. Қыр­ғыздарға келіп, қазақтар үшін же­ріңді жаулау, қырғыз енді қал­май­тындай етіп қыру түкке тұр­майды дейді». Ақыр аяғы екі ел арасы ашылып, дауласудың түбі жау­ласуға жақындайды. Талас қыр­­ғыз­­дарының ішіндегі өсіп-өн­ген әулет­тің бірі Тоңтұғырдың әулеті екен. Сол Тоңтұғырдың бір ұлы­ның бітімі бөлек екен. Басқа жұрт ал­дағы айқасқа дайындалып жат­қан­да ол тойға дайындалып жатыпты. Ақ­са­қал­дардың жорық жайын ақыл­да­са­тын алқақотан әңгімесіне де жоламай­ды. Әндіжаннан аспаз алдыртады, Қаш­ғардан тасқазан алдыртады, жай­лау төріне жүздеп тандыр салдыртады, беткей біткенге кемеге (ошақ) қаз­дырт­ып, аппақ етіп тізіле тігілген киіз­үй­лердің кебежесін алуа-шекермен, шәрбатпен, әселмен (бал) толтыртады. Айналадағы аға­йын атау­лы оның бұл ісіне күле қарап, елдің жайын, жердің жайын ойламайтын оспадардай көреді. Күндердің күнінде тіресу шегіне жетіп, екі елдің әскері Күр­кі­реудің беткейінде бетпе-бет келіп­ті. Екі жақ та не істерін білмей дағ­дарып қа­лыпты. Түптеп туысуды бы­лай қой­ған­да, екі жақта да құда-құ­дан­­далы­лар, жиен-нағашылар, тіпті күні ке­ше айлы түнде ақсүйекті бірге із­деп жүрген дос-жарандар тіресіп тұ­рып­­ты. Мына тығырықтан қалай шығу­­дың жолын таппай, іштен дымдары құ­рыпты. Сонда жаңағы жігіт – Тоңтұ­ғыр­дың ұлы ақ атқа мініп, алға шығыпты.

«– Анау жақта асқақтаған қос шыңды Манас-Атаға қараңдаршы, егіз ұлын – қазақ пен қырғызды емізіп тұрған төс емес пе ол? Біз нені бөлісе алмай жүрміз? Тату-тәтті тұрушы едік қой, жайлауды бірге жайлап, қыстауды бірге қыстаушы едік қой. Біз туыстармыз, ағайынды екі ұлдың перзенттеріміз, осыған дейін арамыз ашылып көрген жоқ», – депті суырыла сөйлеп. Жан-жақтан қостаған дауыс қаптай естіліпті. Жаңағы жігіт сөзін былай жалғапты:

–  Ендеше, неге жаудың жымысқы сөзіне еріп, бауырларыңа қылыш көтергелі тұрсыңдар? Қалмақтар біздің бір-бірімізді құртқанымызды қалайды. Олар сөйтіп Ақсайымыз бен Көксайымызды басып алады. Ақылға келейік, ағайын! Баяғы күн­дер­дегідей бір дастарқанның басы­нан табылайық, тәтті дәммен қою шай ішейік. Мен баршаңызды қонаққа шақырамын».

Екі жақтың билері мен батыр-бағ­ландары ойланып қалады. Не істеу керек? Расында да, бөліспейтін еш­теңе жоқ қой. Ақыры екі жақтан екі батыр шығарып, жекпе-жекпен тоқ­тасуға ұйғарады. Батырлар тең түседі. Ұрыстың беті қайтарылады. Бейбіт күндер, бейқұт түндер қайта келеді. Содан қазақ-қырғыз қосылып, «Оның өзінің дәмі ғана тәтті емес, сөзінің ләмі де тәтті, шекер-балдай» де­сіп­ті. «Сөйтіп, әлгі азаматтың азан шақы­рып қойған аты ұмыт қалып, енді оны Шекер деп атап кетіпті. Біздің ру­дың арғы тегін қалаған Шекер сөзі­мен де, сенімімен де соғыс­­тың ал­дын алып, тыныш өмірді орна­тып­ты. Біз оны мақтан тұтамыз! Шекер­­дің бір ұрпағы – менің әкем Айт­мат Кимбилдиев. Біздің фамилия­мыз сол кісіден тараған. Шекердің дана ақы­лы, біздің рудың қайдан тарай­тыны туралы осындай хикая бар» деп әң­гімесін аяқтайды Төреқұл Айтматов.

Сол аңызға айналған Шекердің бір ұрпағы, Айтматтай асылдың сынығы, Төреқұлдай тектінің тұяғы Шың­ғыс өмір бойы қазақ пен қыр­ғыз­ды ғана емес, барша адамзат­ты бауыр­ластыруға, түрлі мәдениет­тер­ді жақындастыруға ұмтылумен өтті.

 

Ылдидан салса, төске озған

Айтматов 1963 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл кезде оның жасы отыздың бесеуіне жаңа шыққан. Сыйлық жазушыға «Повести гор и степей» деген повестер мен әңгімелер жинағы үшін берілді. Сол кездің өзінде Айтматов әлемдік даңққа бөлене бастаған-ды. 1964 жылғы кітаптағы Айқын Нұрқатов жазған алғысөзде Луи Арагонның сөзі келтіріледі: «Сөйтіп, менменсіген Парижде, Вийонның, Гюго мен Бодлердің Парижінде, талай корольдар мен революцияларды көрген Парижде, әрбір тасы аңыз, тарих болып айтылып, өнердің өлмес-өшпес мекені атанған Парижде, көрмегені, оқымағаны, басынан кешірмегені жоқ Парижде мен Вертер мен Клеопатраны да емес, Жәмиланы оқып шықтым. Джульет­таның, Паоло мен Франческаның, Эрнань мен Донья Сольдің бейне­лері маған көмескі тартып қалды, өйткені мен Данияр мен Жәмилаға жолық­тым... Мен бұл әнді, қырғыздың кең даласында самғаған әнді бұл жақта, біздің тозығы жеткен дүниеде де шырқамай тұра алмаймын, борандар, бұлттармен бірге жерді жаңғы­рық­тыра самғатпай қоя алмаймын. Онан кейін Шыңғыс Айтматовқа: се­нің үнің бізде де естіліп, еркек-әйел өз орнын тауып, бала жарықты бол­жап көре бастаған ғажайып түнде өктем­дік құрды, деп айтпай қоя алмаймын».

Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарында біраз уақыт Алматының бір телеарнасы Фрунзе (Бішкек) болған еді. Ара-арасында көз салып қоятынбыз. Бір күні қарап отырсам, Айтматовтың 50 жылды­ғына орайлас хабар беріліп жатыр екен. Тележурналистің сұхбаттасы – көп жылдар бойы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің аппаратында жұмыс істе­ген белгілі әдебиеттанушы. Шың­ғыстың мерейжасына Мәскеу­ден арнайы келген. Айтып тұрған әңгі­месі тіпті тосын. Ол кез үшін, әрине. Сонда не дейді дейсіз ғой? Шама­мен былай. Айтматов кандидату­расы комиссияға салынардың, дауыс­қа жіберілердің алдында бір жабық отырыс өткізіледі. Қыр­ғыз жазушы­сы­ның бүкіл әлемді дүңкіл­дете бас­тағаны, қазірдің өзінде талай шет тіл­ге аударылып үлгергені, кітап­тары­ның мол таралыммен қайта-қайта басылып жатқаны, әдеби сынның жоғары бағалағаны, комиссия атына оқырмандардан хаттар көп түскені, қысқасы, дауысқа жіберілсе бәйгені анық алғалы тұр­ға­ны айтылады. Дегенмен, әлі де ойланған артық болмас дейді әлгі отырыс­ты ұйымдастырушылар. Ойла­натын несі бар? Бар көрінеді. Жас­тығы. Лениндік сыйлықтың лау­реат­тығы үшін тым жастығы (Еске сала кетейік: өткен жылы Қазақстанда «жастар» өлшемі бұрын­ғы 29-дан 35 жасқа көтерілді). Күмән келтірушілер мынаны айтады. Айт­матов кітабының сыйлыққа лайық­тығы күмәнсіз. Алайда... Біз осы сый­лықты беруін берерміз-ау, дегенмен, әлі де ойласайықшы. Сол атақты осы азамат өмір бойы өз деңгейінде алып жүре ала ма? Мұнан кейінгі туындылары мына кітаптағыдан кемшін болып қалмай ма? Бұлар жастықтың қуатымен, сезімнің буымен қағазға мөлдіреп түсе қалған шығар­малар болса қайтеді? Әрі қарай осы арынымен жаза бере ме, әлде? Жас жігіт осы атақты көтере ала ма? Өзін дұрыс ұстай ала ма? Жастықтың желігімен от басып қалмай ма?.. «Жоқ» депті сонда комиссия мүшелері. Отыздың бел ортасында мынандай шығармалар жазатын адамнан келешекте бұдан да мықты туындылар күтуге болады...

Дәл солай шықты. Ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған нағыз арғымақтың дүлдүлі болды дүниенің додасына түскен қырғыз тұлпары. Бір шығармасынан екін­шісі артып, арындай берді, арындай берді. 1963 жылғы Лениндік сый­лықтан кейін Айтматов КСРО Мемле­кеттік сыйлығын бір рет емес, екі рет емес, үш рет алды! 1968, 1977, 1983 жылдары аты бәйге­ден қайта-қайта келді. Оның әр жаңа кітабы әдебиет әлеміндегі құбы­лысқа айналды. Оның әр жаңа кіта­бын оқырман тағатсыздана тосатын болды. Әрқайсысы айқыш-ұй­қыш пікірталастың арқауы етілді. Орын­ның аздығына байланысты солардың бірі – «Ақ кемені» аз-кем әңгіме етумен тоқтай тұрайық.

«Ол екі ертегі білетін. Біреуі – өзінен басқа тірі жанға белгісіз – сәби қиялынан туған. Екіншісін атасы айтып берген. Кейін екеуі де ғайып болды» деп басталатын хикаятты оқымау мүмкін шығар, бірақ оқыған адамның ұмытуы әсте мүмкін емес еді. Бала білетін екі ертегінің бірі – Ыстықкөл бетін әрі-бері тіліп өтіп жататын ақ шаңқан кемеде теңізші әкем бар деп ойлайтыны. Бала өз ертегісіне өзі жан-тәнімен сеніп алған. Таудағы қорықта тұратын орманшы атасының дүрбісімен алыстағы Ыстықкөлдің көгілдір айдынына күн сайын сарыла, сағына қарайтыны да сондықтан. Оның жан баласына айтпайтын бір жоспары бар: балыққа айналып, сол ақ кемедегі әкесіне жүзіп бару...

Баланың мұндағы жалғыз сүйе­ніші – атасы. Аты да, заты да Момын аса бір аяулы ақсақал. Кәрі қойдың жасын­дай жасы қалған шағында, перзент кө­ре алмаған бақытсыз қызына бір, бала­сыздығы үшін бүтін дүниені өртеп жібе­ру­ден тайынбайтын дүлей күш иесі, ал­ды адуын күйеу баласына бір жау­таң­дап, от басының тыныштығын, Бұғы-ана ұрпақтарының татулығын ті­леп, шыбын жаны шырқырап жүрген осы қайырымды, бірақ қауқарсыз қарт – ұлттық мінез бітімінің құнды қа­сиет­терін де, табиғи кемшіліктерін де бір бойына жинақтаған тұлға. Мо­мын қарттың шығарма түйінделер тұс­­тағы моральдық, рухани күйреуі оның өзіндік гуманизмінен туындай­ды да, дәрменсіз жаратылысы сын са­ғат­­та зұлымдыққа күрессіз мойын ұсын­­­дырады. Момынның өз таби­ға­­ты­нан тыс ауыр қылмысқа баруы да (Ораз­құлдың талап етуімен Бұ­ғы-ананы атуы) осылайша дұрыс уәжделген.

Мылтық тарс етті. Бала оянып, аулаға шығып еді, көрші үйдегі мас тобыр (арасында өзінің атасы да бар) қыран-топан күлкіге көміліп, Оразқұл ағасы Бұғы-ананың шаңырақ мүйізін насаттана шапқылап жатыр екен...

Болды. Бітті бәрі. Аяқталды ертегі...

Көзінен жас парлап: «Жоқ, мен балық болам, бүйткенше балық болып кеткенім жақсы. Судың астымен жүзіп, көкеме кетем. Балық болам» деп еңіреген бала кенет... үй маңындағы өзенге беттеді... «Сол келген бетімен алды-артына қарамастан суды кешіп бара жатты...».

Студент кезімізде «Литературная газетаның» бетінде осы хикаят, оның оқырманға берер тәлімі төңірегінде бірер айға созылған айтыс басталып кеткені есте. Хикаят негізінен жоғары бағаланды. Сын айтатындар шығарма финалына шүйлігіп жатты. Сол топқа бізден Әнуар Әлім­жанов қосылды. Өкінішке қарай, біз­діңше. Мәскеулік редакторлар сол дауға қазақ қаламгерін әдейі ара­лас­тырғандай да көрінеді тіпті. По­весть соңындағы баланың өліміне, атасы­ның бұғыны атуына байланысты Ә.Әлімжанов: «После гибели мальчика и позора деда Момуна на свете ничего не остается, кроме палача Орозкула» деп жазды. Ауыр сөз. Ал сол ауыр сөзге Айтматов қандай жауап қайтарды дейсіз ғой. «Нет, дорогой Ануар, остается еще... Читатель» деді. Пікірталас тоқтады. Бұл – бүкіл көр­кем әдебиет атаулының табиғатын та­мыр­шыдай тап басқан терең түйін. Бәрі кетсе де оқырман қалады. Бәрін де оқырман шешеді. Қорытындыны да оқырман жасайды. «Ақ кеменің» оқыр­маны шығарманың оптимистік сары­нын дәл таныды. Өйткені Ш.Айт­матовтың повесті түйіндер тұс­­та жазғанындай, бала өзінің бей­күнә сәби, мүбәрак жанының, адал жү­ре­гі­нің дегенін істеді, ол бар­лық қасиет­сіз­дікке, арсыздыққа, қа­ныпе­зер-қарау­лыққа қарсы болып, лағынет ай­тып кетті. Өйткені, Айт­матов­тың пікір­таласта айтқанындай, «...нә­ресте­нің жүрегі, сәбидің ары – адам­гер­ші­ліктің алғашқы дәні, ол дәнсіз еш нәрсе өспейді, өркенде­мейді. Жа­рық дү­ниеде адамға не қиын­шы­лық кез­дес­песін, ол кімнен қия­нат көрмесін, бірақ шындық мәңгі өмір сүреді. Адам туады, өледі, бірақ мәңгі-бақи өлмейтін шындық бар, ақиқат, әділет бар...».

Өткен жылдың жазында біз Түркі дү­ниесі Парламенттік Ассамб­лея­сы­ның отырысына қатысуға Шолпан-Ата­ға бардық. Мәжіліс төрағасы Ер­лан Қошанов бізге, Сенат пен Мә­­жі­­­лістің бір топ депутаттарына, оты­­­рысты ұйымдастырушылар пар­ла­­мент­­тер палаталары басшы­ларын Ыс­­тық­­көлде кемемен серуендеткенін айт­ты. Жағалауда тұрып, ақ кемені алыс­­тан біз де көрдік. Талай-талай қиял­ға ерік бердік. Баланың жүз­ген­нен жү­зіп отырып, көкесіне жет­кеніне сендік...

Айтматовтай алыптар туралы толғанғанда кеңінен көсіліп отырып, ақтарыла айтқанға не жетсін. Шыңғыстың аты «қыр­ғыз» сөзінің де бір баламасы болып кеткенін, Айтматов арқылы аз жыл­дың аясында бүтін бір халықтың жалы күдірейіп шыға келгенін, оның кітаптарынан бүкіл әлем қырғыз жанын танығанын, өзінің туған ұлтының атынан арғы-бергідегі әлем ұлыларының арасындағы аламан бәйгеге түскенін, аты озып шық­қанын, қырғыздың ғана емес, түркі жұртының ғана емес, мұсыл­ман дүниесінің ғана емес, барша адам­заттың мақтанышына айналғанын, бір өзі бір елді даңққа бөлегенін, ар-ожданы таза адамның жүрегі мен жанына бүкіл ғалам сыя алатынын дәлелдеп бергенін, «Мемлекет аталатын пештің жалғыз отыны – адамдар» деген сияқты сұрапыл сөздерімен барша замандағы, барша қоғамдағы билік диалектикасын айқара ашып кеп жібергенін, өзінің де мына өмірден кісіліктің, кішіліктің, тазалықтың, тектіліктің, кеңдіктің, өрліктің, ерліктің, серіліктің өрелі өне­гесін көрсетумен өткенін, жур­на­листік жолымызда үш рет (бірін­шісі – 1975 жылы Алматыда, «Ленин­шіл жас» үшін, екіншісі –1997 жылы Франция астанасында, «Париж. ЮНЕСКО. Әуезов» деректі фильмі үшін, үшіншісі – 2003 жылы Астанада, «Егемен Қазақстан» үшін) ұлы суреткерден сұхбат алу бақы­ты бұйырғанын, соның бәрінде де адам­гершілігіне, азаматтық асыл­дығына айызымыз қанғанын, ұлылық­пен ұшырасудың сирек сәт­терін сезін­генімізді, университет біті­ре­тін жылы шоң Шыңғыстан алған сол сұхбат осы газетке жұмысқа қабылдануыма себеп­кер болғанын, жақсының шапа­ғатының арқасында келген редак­цияның табалдырығынан бас­тап, төріне дейін көтерілгенімді, Айт­матов дүниеден көшерде бейітіне бір уыс топырақ салып жатып, адамзат тарихындағы тау тұлғалардың бірімен, шын мәніндегі ұлы адаммен қоштасып тұрғанымызды түсін­генімді, түйсінгенімді... таратып, талдап айтатын күндер де келер әлі.

Енді бес жылдан кейін Айтматов­тың ғасырлық тойы аталып өтеді. Зымыран заманда жетіп-ақ келетін ол тойға біз де қамдана берсек, артығы жоқ. Өйткені ол біздің де Шыңғысымыз, біздің де Айтматовымыз. Өйткені ол адамзаттың Айтматовы. Сол тұста, бұйыртса, жазарымыз табылар.

Мына қара жердің бетіне Таби­ғат-ананың анда-санда болса да осындай адамдарды жіберіп тұраты­нына шүкіршілік етейік.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы