Нақты айтқанда, отырыс барысында «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық активтер, ақпараттандыру және соттық әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңдар қаралды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл заңдарды Парламенттің бір топ депутаты әзірлеген. Заң жобаларының мақсаты – цифрлық майнингті құқықтық реттеу мәселелерін шешу. Соның аясында аталған құжаттар елімізде цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, цифрлық майнинг жөніндегі қызметті дамытуға қажетті құқықтық база құруды көздейді. Сол арқылы заңдар цифрлық активтердің заңды нарығын қалыптастыруға, осы салаға шетелдік инвестицияларды тартуға және Қазақстан экономикасын дамытуға ықпал етпек.
«Жалпы, құжаттардың топтамасында төмендегі міндеттер шешіледі. Бірінші, ұлттық энергия жүйесін реттелмейтін цифрлық майнингтен қорғау. Бұл мақсатта майнерлер пайдалана алатын электр энергиясы көздерінің тізімі реттеледі. Олар жаңартылатын энергияны, импортталған электр қуатын және өз генерациясын пайдалана алады. Электр энергиясын жалпы электр жүйесінен тікелей тұтынуға цифрлық майнерлерге тыйым салынады. Олар тоқ қуатын жалпы энергетикалық жүйеде, профицит болған жағдайда ғана және тек қана электр энергиясы мен қуат нарығының қазақстандық оператор биржасы арқылы сатып ала алады. Бұл көлем үшін баға шектеулері алынып тасталады және сауда тек нарықтық тетіктермен жүзеге асырылады.
Екінші, майнинг саласының және оның өнімінің еліміздің экономикасына қатысуын қамтамасыз ету үшін цифрлық майнерлер қызметінің екі түрін лицензиялау енгізілді. Бірінші түрі – тиісті инфрақұрылымға, яғни деректерді өңдеу орталықтарына иелік ететін цифрлық майнерлер қызметі. Екіншісі – деректер орталықтарында ұяшықтарды жалға алатын және энергия квотасын талап етпейтін жабдық иелері саналатын цифрлық майнерлер қызметі. Сонымен қатар барлық майнер аккредиттелген қазақстандық майнингтік пулдар арқылы жұмыс істеуі керек. Осылайша, бұрын бұлттық сервистерде жұмыс істеген және Қазақстан экономикасына ешқандай пайдасы жоқ цифрлық майнерлер, енді біздің резиденттеріміз бен салық төлеушілерімізге айналады», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат Бекболат Орынбеков.
Сенатордың айтуынша, үшінші мәселе салықтарды басқарудағы ашық тетіктер белгіленеді. Осылайша, цифрлық майнерлердің корпоративтік табыс салығы бекітіледі. Өнімнің сыйақы ретінде алынған кездегі құнын ескере отырып есептеледі. Көрсеткен қызметтері үшін алынған комиссиядан майнинг пулдың корпоративтік табыс салығы, крипто-валютамен операцияларды жүзеге асыру кезінде жеке тұлғалар үшін қосылған құн салығы, кәсіпкерлік субъектілері ретінде крипто-биржалардан алынатын корпоративтік табыс салығы төленуге тиіс.
«Төртінші, қамтамасыз етілген цифрлық активтердің шығарылуы мен айналымын реттеу. Мамандандырылған платформаларда қамтамасыз етілген активтерді шығару мен айналымға рұқсат беретін тәртіп енгізілуде. Арнайы шешімді орындау мен тек қамтамасыз етуді растау арқылы оларды шығару тәртібі ұсынылады. Осылайша, қолданыстағы заңнамадағы кемшіліктер жойылады. Қамтамасыз етілген активтің ерекшеліктері анықталды. Осы реттеуші тәсіл арқылы токенизация процедурасы және тұтастай алғанда блокчейн технологиясы жеке шешімдерге қатысты салалық заңдар мен ережелерде қолданылуы мүмкін.
Бесінші, қаржы жүйесіне теріс әсер ету тәуекелдерінің алдын алуға қатысты. Қазақстандық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер елде төлем құралы, қаржылық актив және қаржы құралы ретінде танылмайды», деді Б.Орынбеков.
Сенаторлар қаралған заңдарды концептуалды түрде қолдайтындарын білдірді. Алайда оларды қарау барысында депутаттар жекелеген баптарға бірқатар өзгеріс енгізді. Осыған орай заңдарды сенаторлардың ұсыныстарымен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.
«Қаралған заңдарда цифрлық активтер саласындағы қағидаттар мен уәкілетті органдардың құзыреті белгіленеді. Сондай-ақ цифрлық майнинг жөніндегі қызметтің негізі, оны лицензиялау мәселесі және цифрлық активтер биржасының қызметі реттеледі. Аталған заңдар арқылы цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік бақылау мен салық төлеудің ерекшеліктері де қарастырылады. Сенат ұсынған түзетулер заңдардың жекелеген ережелерін жетілдіруге бағытталған. Алдағы уақытта осы заңдар цифрлық кеңістікті дамытуға және цифрлық технологияларды мемлекет пен халықтың мүддесін ескере отырып тиімді қолдануға заңнамалық мүмкіндік береді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдап, маңызды мәселелерге назар аударды. Ғұмар Дүйсембаев мемлекеттік сатып алуды өткізуге қатысты бірқатар проблеманы реттеуге арналған шаралар кешенін іске асыруды ұсынды.
Сенатор Әбдәлі Нұралиев Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» қанатқақты жобасын іске асырудың тиімділігіне тоқталды. Депутат бюджеттен қажетті қаражат бөліп, бұл бастаманы одан әрі іске асыруға қолдау көрсетуді сұрады. Жоба жер телімдерін пайдаланудың тиімділігін, мал мен құстың өнімділігін арттыруға және жем-шөп пен жайылым жағдайын жақсартуға мүмкіндік беру үшін ауылдар маңындағы жер телімдерін неғұрлым ұтымды пайдалануға бағытталған. Жоба аясында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қаржыландыру мүмкіндігі де туады.
«Жоба нәтижесінде жеке кәсіпкерлер саны 2 282-ге артып, 589 жаңа жұмыс орны ашылуы есебінен жұмыссыздар саны 194 адамға кеміді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 отбасына немесе 65 пайызға азайды. Сонымен қатар жоба аясында мал басы ұлғайып, ет және сүт өндірісі артқан», деді сенатор.
Аталған жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика министрліктерінің, сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сарапшылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Мәулен Әшімбаев осы жылдың қаңтар айында облысқа жасаған сапары барысында бұл жобада көзделген міндеттер Мемлекет басшысының 2022 жылғы Жолдауында көрсетілгенін де атап өтті.
«Жоба жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға негізделген. Қанатқақты жобаның аясында қосымша 40 ауылдық округтегі 4 мың жобаны жүзеге асыру үшін 20 млрд теңге қаражат қажеттілігі туындап отыр. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ауыл халқына ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтауға микрокредиттер беру» бюджеттік бағдарлама аясында аталған соманы республикалық бюджеттен бөлуге жәрдемдесуді сұраймыз», деді Ә.Нұралиев.