Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Баян батыр және оның тарихи дәуірі» атты дөңгелек үстел өтті. Ұйымдастырушылары Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Дөңгелек үстелді өткізудегі басты мақсат егемен ел болып, тәуелсіздігімізді алған шақта тамыры тереңде жатқан тарихымызды өзімізге де, өзгелерге де таныту үшін қазақ тарихында өшпес орны бар Баян батырдың мерейін асқақтату және Отан тарихы ғылымының ілгері дамуы мен міндетіне орай өзара пікір алмасу болып табылды.
Аталмыш жиында Баян батырға және батырмен үзеңгілес жолдас болған батыр бабаларға арнап баяндамалар оқылды. Атап айтсақ, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Аяған, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Сыдықов, "Қазақ гуманитарлық заң университеті" АҚ президенті, Баян батыр қорының президенті, заң ғылымдарының докторы М.Нәрікбаев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қ.Әбуов, профессор Е.Смайылов және т.б. ғалымдар өз пікірлерін ортаға салды.
Басқосуда сонау ХVІІІ ғасырда, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары өмір сүріп, сол заманның даңқты тұлғасына айналып, елін, жерін қорғаған Баян батырдың төңірегінде біршама ойлар өрбіді. Батырдың жеңісті жорықтары, жоңғарларға тойтарыс беріп, елін азат етуі, қасындағы жақын жанашыр жандары жайлы, батырдың қаза болуы жөніндегі деректер, сол кездің тарихи маңызы төңірегінде ғалымдар тұшымды пікірлерімен бөлісті.
Профессор Жамбыл Артықбаев «Қазақ қоғамындағы хан және батырлар, билер қарым-қатынасы. Абылай хан және Баян батыр мысалында» баяндамасында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарын қайғы-қасіретімен еске алудың қажетсіз екендігін, керісінше «рухты», «ерлік», «батырлар кезеңі» деп бағалаудың дұрыстығын атап өтті. Сондай-ақ, ғалым Баян батырдың және басқа да ірі-ірі батырларымыздың шаңды жорықта қаза болғандығын, Сары мен Баян батырлардың Ақжал руднигінің ар жағында жерленіп, қазір ол жердің Сары-Баян қыраты аталып кеткендігін баяндады.
Ал профессор Зиябек Қабылдинов өзінің "Қазақ-жоңғар қарым-қатынастары: ерекшеліктері мен ахуалдары" атты баяндамасында: «Жақында Ұлттық тарихшылар конгресі кітапханасының айдаршасымен сериялап тарихи кітаптар шыға бастайды. ЖОО мен, колледждің жаздыгүні 2-3 ай сенделіп жүретін 300 мыңға жуық студенттері бар. Соларға жақын уақытта үлкен аға-апаларымыз дүниеден өтпей тұрғанда кем дегенде 5 жыл ішінде жалпыұлттық акция өткіздіртіп, ел-аузында жүрген тарихымызды жинасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Соның ішіне батырлар, ауыл тарихы, әлі күнге дейін толық зерттелмеген ашаршылық, саяси қуғын-сүргін құрбандары кірістірілсе деген тілек бар», деп ғалымдарға ұсыныс тастады.
Жиында бірнеше баяндамалар тыңдалды. Әрбір баяндама сайын ғалымдар оны талқыға салып, түрлі пікірлер айтып отырды. Сөйтіп Баян батырдың жан-жақты қырлары ашылып, оны келер ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде көрсетудің амалдары қарастырылды. Бірі батыр жайлы кино, мультфильмдер түсірілу керек десе, енді бірқатары батырдың тұлғасын, ерлігін сипаттайтын кітаптар шығарылуы қажет дейді.
Іс-шараға жетекші тарихшы ғалымдармен қатар мұғалімдер және БАҚ өкілдері қатысты. Елімізде ұлттық әлеуеттің дамуына септігін тигізер осындай жиындар көптеп өткізіліп тұрса, құба-құп болар еді. Өткеніңді білмей болашаққа қадам баса алмайсың. Ілияс Омаров айтпақшы, болашақта «ішкенге мәз, жегенге тоқ ұрпақ болмасын». Тарихты білу – келер ұрпаққа парыз.
Назым ҚАЙРАТ.