Саясат • 22 Қаңтар, 2023

Жаңаратын Парламент – Әділетті Қазақстанның әлеуеті

414 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл еліміз үлкен саяси өзгерістің табалдырығында тұр. Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII сайланған Парламенттің Мәжілісін тарату туралы Жарлық пен мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтау туралы қаулыға қол қойғаны белгілі. Енді 19 наурызда Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтпек. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жолғы саяси бәсекенің бұрынғы додалардан ерекшелігі көп. Ең бастысы, сайлау пропорционалды-мажоритарлы жүйе бойынша өтпек. Бұдан бөлек, Мәжіліс сайлауында қандай өзгерістер бар, саяси додаға кімдер қатысады? Осы және өзге де сұрақтарға шолу жасап көрген едік.

Жаңаратын Парламент – Әділетті Қазақстанның әлеуеті

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Жалпы, Мәжіліс пен мәслихат сайлауының 2023 жылдың бірінші жар­тыжылдығында өтетіндігін Президент Жолдауында айтып, оның себебін де жіті түсіндіріп өткен еді.

«Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашық­тық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге ашық жариялау шешім қабылдау кезіндегі ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі», деген еді Қ.Тоқаев.

Сонымен осынау саяси науқанға байланысты Мемлекет басшысының ел халқына жолдаған мәлімдемесіне сәйкес, Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Ал бар­лық деңгейдегі мәслихаттардың сай­лауын Орталық сайлау комиссиясы бел­гілейді.

Жалпы, елімізде саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісі айрықша орын алып отыр. Былтыр Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйе қалыптастырды. Сая­си партияларды тіркеу рәсімі айтар­лық­тай жеңілдетілді. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, алғаш рет елімізде аралас жүйе арқылы Парламент сайлауы өтпек. Былтыр нау­рызда халыққа арнаған Жолдауында Президент аралас сайлау жүйесін енгізуді ұсынғаны белгілі. Мұндай пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табатыны анық. Соған сай Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажо­ритарлық тәсілмен жасақталады. Осы­лайша Мәжілістегі 98 депутаттың 69-ын саяси партиялар ұсынбақ.

Қазіргі таңда елімізде 7 партия рес­ми түрде тіркелген. Олар: «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партия­сы, «Amanat» партиясы, «Ауыл» халық­тық-демократиялық патриоттық партиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстан Халық партиясы.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин­нің айтуынша, алдағы сайлаудың 10 жа­ңалығы бар. Біріншіден, 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутат­тар бір мандатты округтер арқылы сай­ланады (98 депутаттың 29-ы). Сон­­­­дай-ақ үміткерлерге партиялар мен Үкі­­меттік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік ашыл­­ды.

«Бұл кезектен тыс сайлау бол­ғаны­мен, оның өтетін мерзімі жар­ты жыл бұрын белгілі болды. Партия­лардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады. Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы болмайды. Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихат сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған енді. Сайлауға 7 саяси партия қатысуға құқылы. Оның екеуі партия­лар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелді. Облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары енді кәсіби түрде жұмыс істейді. Сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс береді (республикалық маңызы бар қалалардағы бюллетень саны төртеу)», дейді Е.Қарин телеграмдағы парақшасында.

Енді мәслихаттар сайлауына тоқталсақ. Аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауы­на да енгізіледі. Сондай-ақ аудандық және қалалық мәслихаттарға сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшірілді. Мұндай қадам жергілікті ор­тада бәсекеге қабілетті саяси орта қа­лыптастыруға жол ашатыны түсінікті. Халықтың арасынан оза шауып, тұр­ғындардың мұң-мұқтажын қозғап жүрген жаңа тұлғалардың саясат сахнасына шығуына мүмкіндік береді.

Сарапшылардың айтуынша, Мә­жі­ліс және мәслихат депутаттарын ара­лас сайлау жүйесінде өткізудің артық­шылығы – сайлаушының партияға дауыс беру арқылы белгілі бір саяси бағдарламаға, сондай-ақ өз аймағынан нақты бір кандидатқа дауыс береді.

«Саяси мүдделердің өкілдігі сақ­талады және сайлаушының белгілі бір аймақтан сайланған депутатпен байланысы нығаяды. Сонымен қатар сайлаушылар енді бір мандатты округ бойынша сайланған өз депутаты егер міндеттерін дұрыс атқармаса оның мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігіне ие. Бұл депутаттар жұмысының тиім­ділігіне, олардың азаматтар үшін ашық­тығы мен қолжетімділігіне оң әсер етуі тиіс. Саяси жүйені жандандыру туралы ойды жалғастырсақ, жаңа­шылдық партиялық жүйе мен көп­пар­тиялылықтың дамуына серпін береді. Мы­салы, Жаңа Зеландияда аралас жүйе енгізілгеннен кейін Парламентте этностық, тілдік азшылықты құрай­тын кішігірім саяси партиялар өкіл­дік алды», дейді Қазақстанның стра­те­гиялық зерттеулер институты Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әмина Үрпекова.

Сарапшының пайымдауынша, ендігі уақытта саяси партиялар ай­мақтық деңгейдегі жұмысты белсенді жандандырады. Өйткені бір мандат­ты округтер бойынша сайлау азамат­тар­дың депутаттық орынға таласуына мүм­кіндік береді.

Ал VII шақырылымда Мәжіліс төр­ағасы қызметін атқарған «Amanat» пар­тиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мәжіліс сайлауын өткізу шешімі қоғам үшін де, елдегі саяси күштер үшін де күтпеген жағдай емес екенін алға тартады. Себебі Президент былтыр қыркүйекте сайлау күнтізбесін алдын ала, яғни ашық жария еткен болатын.

«Бұл – елдегі конституциялық рефор­малардың заңды жалғасы. Сон­дықтан «Amanat» партиясы Мемлекет басшысының бұл шешімін толық қолдайтынын мәлімдейді. Бұл сайлау жаңа демократиялық дәстүрлер қа­лыптастыруға мұрындық болады. Еліміздің әрбір азаматы осы саяси нау­қанның жүгі мен жауапкершілігін терең сезінуі керек. Себебі мемле­кеттің тәуелсіздігі мен тұрақты дамуы үшін, халқымыздың бейбіт өмірі мен бақуатты тұрмысы үшін бәріміз жауаптымыз», деп мәлімдеді партия төрағасы.

Бұдан бөлек, басқа партиялар да Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы­на қатысты мәлімдеме жасады. Олар алда­ғы саяси бәсеке елді демокра­тияның даңғыл жолына салып, дамудың жаңа сатысына көтереді дегенге саяды.

«Ақ жол» демократиялық партия­сы өз сайлаушыларының мүдде­сін қорғап, Жаңа және Әділетті Қазақ­станды құруға лайықты үлес қосу мақ­сатында Президент жариялаған барлық деңгейдегі өкілді органдарға сай­лауға барынша әрекеттесіп қаты­сады. Бұл сайлау мемлекетіміздің, әрбір қазақстандық отбасының тағды­р­ындағы терең де түбегейлі өзгеріс­тердің бастауы болуы керек деп есеп­тейміз», дейді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Қазақстан Халық партиясының төра­ғасы Ермұхамет Ертісбаев «алдағы сай­­лау бұрынғы демократиялық ре­фор­ма­лардың жалғасы және елдің сапалы да­муындағы жаңа кезең» екенін атап өтті.

«Біз Қазақстанда партиялық өріс­тің кеңейгені мен саяси күштер ара­сындағы бәсекелестіктің дамып келе жатқандығын көріп отырмыз. Бұл бізді қорқытпайды, керісінше ынта­лан­дырады», дейді «Ауыл» халықтық-де­мократиялық патриоттық партия­сының төрағасы Әли Бектаев.

Елдегі экология мәселесін көтеріп жүрген «Байтақ» жасылдар партиясы да Мәжілістен үмітті. Партия төрағасы Азаматхан Әміртай кезектен тыс сайлау Жаңа Қазақстан құру жолындағы саяси реформаның бір тармағы екенін айтады. Сондай-ақ партиясы сайлауға түсетінін жеткізді.

«Осы орайда, біз «байтақтықтар» да осы аламан бәсекеде өз бағымызды сынап, Парламентке өтуге тырыспақпыз. Рас, елімізде экология мәселесі ақсап жатыр. Жағдай сын көтермейді. Сон­дықтан түйіні мол экология мәсе­лелерін Парламент мінберінен көтер­мек ойдамыз», дейді партия төрағасы.

«Respublica» партиясының төр­ағасы Айдарбек Ходжаназаров пар­ла­менттік сайлауды өткізуді қолдай­тынын және оған қатысуға дайын екенін жариялады. «Сайлау науқаны бо­йынша біздің партия Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімін қалыптастыруға кіріседі. «Respublica» партиясы барынша ашық және әділ іріктеу өткізеді. Сонымен қатар біз өз қатарымыздан өз ісіне құзыретті, адал, заманауи, адамгершілікті, ынталы азаматтарды көруге асықпыз. Партия  жүйелілік, технологиялылық, адалдық, адамгершілік сынды негізгі құндылықтарымызбен бөлісетін жаңа көшбасшыларды өз қатарына күтеді», дейді А.Ходжаназаров.

Тағы бір айта кетер өзгешелік, биылдан бастап Парламент жұмысына өзгеріс енгізілді. Ендігі жерде заң жобаларын Мәжіліс қабылдап, Сенат мақұлдайды. Демек төменгі Палатаға артылар жүк одан сайын еселене түспек. Бұған дейін, яғни жетінші шақырылымда Мәжілісте 107 депутат болғаны белгілі. Ал жаңадан жасақ­талатын Мәжілісте мандат саны 9-ға қысқарып, 98-ді құрап отыр. Қыс­қартылған бұл 9 мандат осы уақытқа дейін Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланатын депутаттарға тие­сілі болатын. Алайда өткен жылдың маусымындағы референдумнан кейін қабылданған заңға сәйкес Қазақ­стан халқы ассамблеясы атынан елі­міздің жоғары заң шығарушы органы­на берілетін мандат саны беске қыс­қар­тылып, оның өзі Сенатқа берілген еді.

Еліміздің Ата заңына сәйкес Қа­зақстан Республикасының азамат­тығында тұратын және оның аумағында соңғы 10 жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы 25-ке толған адам Мәжіліс депутаты болып сайлана алады. Мәслихаттарды жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге халық сайлайды. Еліміздің жасы 20-ға толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Депутаттарды сайлау бір мандаттық жүйе арқылы және партиялық тізім бойынша өтеді.

Қорыта айтқанда, биылғы Мәжі­ліс пен мәслихаттар сайлауы ерекше жағ­дайда өтпек. Қатысушы партиялардың саны артуы мен аралас жүйе саяси бәсекені одан әрі қызықты ете түседі.