Елорда • 23 Қаңтар, 2023

«Халық қатысатын бюджет»: Елорданың аулалары бір жылда қалай түрленді

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада 2019 жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асып келеді. Табысты жүзеге асып келе жатқан бастама аясында бір жыл ішінде қаланың төрт ауданында жүзден астам аула абаттандырылды, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Халық қатысатын бюджет»: Елорданың аулалары бір жылда қалай түрленді

«Халық қатысатын бюджет» жобасы елорда тұрғындарына жұмыстың барлық кезеңінде аулалар мен үй маңындағы аумақтарды дамытуға және абаттандыруға тікелей араласуына мүмкіндік береді.

Өткен жылы Алматы ауданында аталмыш жобаға қатысуға 54 өтінім берілді, оның 23-і мақұлданды. Олардың арасында 12-сі балалар алаңдары мен демалыс аймағын абаттандыру, 5-еуі жарық беру жүйесі және 6-ауы көгалдандыру бойынша іске асатын жобалар.

Өтінімдерді іріктеуді сараптамалық кеңес жүргізді, оның құрамына ауданның белсенді тұрғындары, аудандық әкімдіктің қоғамдық ұйымдары мен құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері кірді.

Жоба аясында Байқоңыр ауданында 15 аула жаңартылды. Мұнда жаңа ойын алаңдары мен демалыс аймақтары салынды, көгалдандыру жүргізілді, жергілікті балалар мен ересектер үшін белсенді демалыс ұйымдастырылды. Айта кетейік, биыл тағы 15 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр.

2022 жылы Есіл ауданының әкімдігіне бағдарламаға қатысуға 75 өтінім келіп түсті. Сараптамалық кеңес іске асыру мақсатында 42 жобаны таңдады.

Айта кетейік, 2019 жылдан бастап Сарыарқа ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша тұрғындардың 54 бастамасы іске асырылды. Өткен жылы ғана ауданда 45 аула жаңартылды, оның 23-і тұрғындардың елорда бюджетіне қатысуы аясында іске асырылды.

Биыл да аудан әкімдіктері «Халық қатысатын бюджет» жобасына атсалысу үшін қала тұрғындарының өтінімдерін қабылдай бастайды. Мысалы, Сарыарқа және Есіл ауданының әкімдіктері аталған жұмысты бастап кетті.  Қалғандары аталған жобаның басталғаны туралы кейінірек хабарлайды. Тұрғындар аулаларды күрделі жөндеу, гүлзарлар, саябақтар, қоғамдық кеңістіктер салу, аумақтарды көгалдандыру және басқа да ұсыныстарын білдіре алады.

Техникалық тексеру мен талдаудан кейін барлық жобалар Қазақстан азаматтарының дауыс беруіне ұсынылады.