Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Алдымен, сөздің басын аз-кем Шығай әулетіне бұрсақ. Шығай сұлтан Бөкей хан қайтыс болғаннан кейін 8 жыл Ішкі Қазақ ордасына басшылық етті. Оның ұлдарының барлығы да тегіне тартып, шетінен өжет болды. Ат жалын тартып мінгеннен ел басқару ісіне белсене араласты. Үлкені Өтебәлі 1825 жылы әкесі басшылық жасаған қызылқұрт руына рубасылыққа тағайындалды. Оның ізін ала табын руына – Хансұлтан, кете руына – Тоғым, тана руына – Мірхайдар, алаша руына – Қайыпқали, ноғай-қазаққа – Дәулеткерей және Жақып, Жүсіп, Көшекқалилар басшы болды.
Орда мен Орынборда ел басқаруға араласқан Көшекқали Шығаев ноғай-қазақ шежіресін, әлем тарихын жетік білген, кадет корпусынан еуропа мен шығыстың бірнеше тілін үйреніп шыққан білімпаз болатын. Соның ішінде орыс тілінің мәнері мен байлығын шебер қолдануы талайды таңғалдырған.
Шекара комиссиясының бұрынғы төрағасы Ладыженский: «Көшекқалидай орыс тіліне жетік адам осы өлкеде орыс пен қазақ ішінде санаулы», деген. Көшекқалидың орыс тіліне шеберлігін 1844 жылдың қараша айында Ордаға келген тарихшы барон Ф.Бюллер де байқапты. Өз қолжазбасында: «Көшекқали Шығаевпен сөйлесу қандай ғанибет, ол орысша тамаша сөйлейді», деп жазған.
Көшекқали мен інісі Мірхайдар Орынбор Неплюев кадет корпусын бітірді. Корпусты хорунжий шенімен үздік аяқтаған Көшекқалиды Жәңгір хан 1834 жылы қайтыс болған ағасы Өтебәлінің орнына қызылқұрт руын басқаруға тағайындаған. Сол жылы желтоқсан айында оған есаул (жасауыл) шені берілсе, 1835 жылдың 1 қыркүйегінде Оралдың төменгі шекарасы Ішкі Орал және Ортааралық дистанциялары бойынша Орданың депутаты болып бекітілді.
Жәңгір 1840 жылдың 9 қазанында Көшекқалиды үкіметтік марапатқа ұсынғанда: «Ру басшысы, хорунжий, сұлтан Көшекқали Шығайұлы 1833 жылдан бастап бүгінге дейін осы лауазымды атқарды. Тілді жетік біледі, өзіне жүктелген үкімет тапсырмаларын мұқият орындап келеді», деп полк сотнигі шенін беруді сұраған. Ол шенді 1841 жылы 11 қаңтарда алған.
Уақытша кеңес құрылған соң Көшекқали 1847 жылы Орынбор әскери губернаторының өкімімен Орда басқарушысының іс-қағаздарын жүргізді. Ханның кезінде де, Уақытша үкімет тұсында да ел ішіндегі тергеу, қазақтар қоныстанған жерлерді шолу жөнінен арнайы тапсырмаларды орындады.
Көшекқали осындай сан түрлі қызметте жүріп, бір кездегі әкесі Шығай секілді Орда билігін қолына алу ниеті де болған еді.
Қызмет бабында аталастарының қай-қайсынан да білімі артық сұлтан бұл ойын жүзеге асыра бастады. Әсіресе Уақытша Кеңестің іс-қағаздарын жүргізуге тағайындалғаннан кейін Көшекқали кеңесшілер Шөкі мен Меңдігерей сұлтандарды биліктен ығыстыруға күш салған.
Көшекқалидың шағыстыруына шыдамаған Жәңгірдің ағайындары жоғары жаққа хабарлап, оның қызметін төмендетуді сұраған. Тек көнекөз Шөкі немере інісінің түртпегіне оңайлықпен көнбеген.
1848 жылы Мемлекеттік мүлік министрлігінің бірінші департаменті Орынбордан Көшекқали Шығаев пен Жарас Нұралыхановтың формуляр тізімін сұратқан. Генерал-губернатор екеуін Сырдария бекінісін салу кезінде әскери жүк пен азық-түлік жеткізуге Бөкей ордасынан түйе мен ат жинаудағы сіңірген еңбегін елеп, наградаға ұсынбақ болып, үкіметке бұған дейін жасаған қызметін білуді тапсырған екен.
Орда басшылығы Жарасқа: «63 жаста, Кіші жүз ханы Нұралы Әбілқайырұлының баласы. Ішкі Орал шебіне таяу Қамыс-Самарда жаз жайлап, қыс қыстайды. Ордада тыныштық орнығуына жәрдемдескен өнегесімен белгілі. 1829 жылдың басындағы толқу кезінде Жайықтан өтпек елдің жолын кесу үшін Іргеқұмға аттанды. Шекара комиссиясынан мақтау қағаз алды», деген оң мінездеме берген.
Көшекқалиға да осындай формуляр жөнелтілген. Алайда олармен бір мезгілде хан ордасынан Орынборға басқа мазмұндағы мінездеме қоса жолданады. Шөкі сұлтан өз мөрін басып: «Көшекқали Шығаев пен Жарас Нұралыханов сұлтандарды наградаға ұсыну үшін формуляр тізімдерін аттестаттай алмаймын. Өйткені біріншісі менің және ұлым Медетғалидың үстінен жалған шағым жазуға жұртты арандатуда. Ал Жарас тек Орынборға дейін керуенге ілесіп барғаны болмаса, оны жасақтауға араласқан емес», деп мәселенің мән-жайын ашып берген.
Орынбор мұрағаты құжаттарында Көшекқалидың орыс ұлықтары алдында беделі жоғары болғандығын айқындайтын тағы бір дерек бар.
1854 жылы Ішкі Қырғыз ордасы басқармасы бойынша Уақытша Кеңесте Мемлекеттік Мүлік Министрлігінің кеңесшісі, Бас штаб полковнигі Иванин: «Сұлтан Көшекқали Шығаев – кеңесші, Меңлігерейдің тобында, ол қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін Ордадағы ең білімді сұлтанның бірі, орысша жақсы сөйлеп-жазады, орыс кітаптары мен журналдарын жаздырып алады, тұрмыс салтында орыстың көп әдет-ғұрпын қолданады, сол үшін Әділ, Шөкі және Шомбал Ниязов басқарған ескі қазақ тобын жек көреді. Жалқаулығына, қазақы жайбарақаттығына қарамастан орыстармен жақындасуда және Орда қызметінде пайдалы болар деп мен оны кеңесші етіп тағайындауға тырыстым», десе сол жылы Ішкі Қырғыз ордасына арнайы тапсырмамен келіп, полковник Иваниннің орнында уақытша қызметте болған майор Житков та осы пікірде болған.
Көшекқалиды орысша шебер жаза білу өнері қиын-қыстау кезде үкіметтің кәрінен талай құтқарса да, 1856 жылдың қысында «билігін асыра пайдаланды» деп қызметінен шеттетілді. Бірақ араға жылдар салып 1862 жылдың мамырында Көшекқали қызметке қайтарылып, Орданың Талов бөлігінің басқарушысы етіп қойылды. Ал өмірінің соңғы жылдары Қамыс-Самар қисымының правителі болған. Қайтып Ордаға оралуға тағдыр жазбай, осы әкімшілік бөліністе жүріп, елу жасында өмірден озып, сол маңда жерленген. Оның құлпытасында: «Дешті Қыпшақ ханы хан Нұралының немересі Көшекқали сұлтан Шығайұлы 1866 жылы 50 жасында уақытша өмірден мәңгі өмірге көшті», делінген.
Өлкетанушы М.Жахатовтың «Құлпытастар сөйлейді» кітабында Жаңақала ауданы Жаңажол (Айдархан) ауылындағы Шәріп деген жердің – правитель жатқан қорым екендігін, сол жерде «Көшекқали бөгеті», «Көшек айдыны» деген жерлер барлығын, қорымнан 200 метрдей шығыс бағытта үлкен-үлкен үйлердің орындары болғандығын осы жерде көп жыл қой баққан Жүзжасар Шабақов айтқан. Қамыс-Самарда Көшекқали Шығайұлы, Мұхамед-Салық Бабажанов, Салахаддин Көшекқалиұлы (халық – Салық деп атаған болуы мүмкін), Шарафеддин Көшекқалиұлы (халық – Шәріп деп атаған) сияқты адамдар Бақтыгерей Құлмановтан бұрын правитель болған.
Көшекқалидың құлпытас дерегі бойынша 1816 жылы дүниеге келген. Ал өзі 1848 жылы 10 наурызда толтырылған формулярлық тізімде «жасым 33-те» деп көрсеткен.
Бабалар рухына тағзым – ұрпақ парызы демекші, ғасырдан ғасырға құлпытасы мұқалмай жеткен Көшекқали бабасының басына 2020 жылы ұрпақтары Айбек Амангелдіұлы, Артур Меңдібайұлы және Багир Өтеғалиұлы Құран бағыштап, ескерткіш-белгі орнатты.
Қамыс-Самардағы тағы бір құлпытас – Шығайдың әйелі, Көшек правительдің анасы Жібек ханымдікі. Ол құлпытаста: «Дешті Қыпшақ ханы Нұралы хан ұлы Шығай сұлтанның зайыбы Жібек ханым Асанқызы Қарабай сұлтан немересі уақытша өмірден мәңгі өмірге көшті 78 жасында 1870 жылы» делінген.
Көшекқалидың 1848 жылғы формулярлық тізімінде оны «вдов», яғни әйелі қайтыс болған деп жазады. Ұлдары Салахаддин – 8 жаста, Шарафеддин – 5 жаста болған. Қайтыс болған әйелі жөнінде еш мәлімет жоқ.
Ал одан кейінгі әйелі Ханымжан Хан қорымында жерленген. Ханымжанның құлпытасында: «Бұл жерде жатқан Көшекқали сұлтанның некелі әйелі Ханымжан Қайыпқали сұлтан қызы бақилыққа көшті 44 жасында 1874 жылы. Белгі қойған некелі күйеуі Көшекқали сұлтан» делініп, төре таңбасы қойылған.
Ханымжанның әкесі Қайыпқали Есімов те, атасы Есім хан Нұралыханұлы да тарихта орны бар тұлғалар. Ал Көшекқалидың беделінің зор екендігін дүние салғанына 8 жыл өтсе де құлпытасқа есімінің жазылуы дәлелдеп-ақ тұр.
Көшекқалидың екі ұлы да әке жолын қуып Орынбордағы Неплюев кадет корпусында оқыды. Неплюев кадет корпусын тамамдаған хорунжий шеніндегі Салахаддин мен Жүсіптің баласы Сағынгерей Шығаевты Орынбор мен Самар генерал-губернаторы 1859 жылғы 14 қазандағы бұйрығымен Орданы басқару жөніндегі Уақытша кеңеске жіберген. Олар кеңес төрағасы Герннің қарамағында іс-қағаздарын жүргізіп, тілмаштық қызмет атқаруға тиіс болған. Салахаддиннің өмірі мен қызметіне қатысты басқа дерек табылмады.
Салахаддиннен тараған ұрпақтан бізге Жаңақала ауданында жерленген қызы ғана белгілі. Оның құлпытасында: «Дешті қыпшақ ханы Нұралы хан ұрпағынан Көшекқали сұлтанның немересі Бибі-Хадиша Салахаддин сұлтан қызы уақытша өмірден мәңгі өмірге көшті 12 жасында 1880 жылы» делінген.
Бұлардан төрт жыл кейін оқу бітіріп келген Шарафеддин Орда қызметіне жиырма төрт жыл ғұмырын арнаған. Әуелі ағасы секілді тілмаштықтан бастаған ол бөкейліктің төрт бұрышын түгел қамтып: 1866-1868 жылдары Орта дистанцияда депутат, 1870-1873 жылдары – Талов, Қамыс-Самар, 1877-1881 жылдары – Тарғын, Қалмақ, 1881-1882 жылдары Нарын қисымында басқарушы болды. Ал 1882-1885 жылдары Ордаға полицмейстер қойылып, Ресейдің нысандық киімімен сән түзеген алғашқы қазақ тәртіп сақшысы болды.
Шарафеддин – қырда әкімдік қызмет атқарғанымен, әскери адам ретінде шені өскен қазақтың бірі. Неплюев кадет корпусын бітірісімен 1863 жылдың 12 маусымынан Орынбор желіаралық 2-батальонына прапорщик шенімен кіріскен оған бір жылдан кейін корнет атағы берілді. Бес жыл қызметтен кейін армия кавалериясы бойынша иығына поручик белгісін тақты. 1871 жылдың 1 шілдесінде штабс-ротмистр атанған.
Орданың барлық бөлігінде дерлік әкімдік лауазым, 1868-1870 жылдары Уақытша кеңесте кеңесші қызметтерін атқарған Шарафеддин де бір кезде атасы Шығай, аталастары Бөкей мен Жәңгір біртіндеп заңдастырған Орда шекарасын нақтылай түсуге атсалысқан.
1873 жылдың 27 наурызында қазақтар мен Орал казачествосының жерлерін межелеу жөніндегі үкіметтік комиссияның мүшесі ретінде төрт ай шекара белгілеуге іссапарға жіберілген. Осы еңбегі ерекше бағаланып, патша жарлығымен Әулие Станислав орденімен марапатталған.
1885 жылдан Қамыс-Самар бөлігінің әкімі болған Шарафеддин 1889 жылдың қаңтарында Астрахан губерниясы бастығының бұйрығымен отставкаға шықты. Қолына «қай жерде де еркін тұруына рұқсат беретін» паспорт алды. Айбек Шығаев архивтен алған құжатта 1901 жылы дүниеден озады деп жазылған.
Шарафеддин ата-баба салтымен әуелі ақсүйек тұқымынан Бажақ Қасымовтың қызы Айжанға үйленгенімен, алғашқы жары жастай қайтыс болды. Екінші әйелі ордалық Итемген Ұрқымбаевтың қызы Қарашаш. Одан 1871 жылы дүниеге келген Уәсила есімді қыз бен 1873-1888 жылдары өмір сүрген Азаматкерей және 1876 жылғы Әділгерей деген ұлдары болған. Қарашаш Хан қорымында жерленген. Сонымен қоса ұрпағы Айбектің айтуы бойынша Шарафеддиннің үшінші әйелі орыс болған. Әзірге ол жөнінде дерек жоқ.
Бұл күнде Орал қаласында тұратын Көшекқали ұрпағы Айбек Амангелдіұлы Шығаев алдағы уақытта Шарафеддин бабасының жерленген жерін нақтылап, басына белгі орнатып, қауымды ұзартып қоршамақшы.
Шарафеддиннің дүниеге келген уақыты нақты зерттеуді талап етеді. Себебі қолдағы бар мәліметтер бойынша 1848 жылы Шарафеддин 5 жаста делінсе, дүниеге келген жылы 1843 жылдың шамасы, ал Шарафеддиннің 1885 жылғы қызметі жөніндегі формулярлы тізімінде 35 жаста екендігін жазған. Бұл тізім бойынша дүниеге келген жылы 1850 болады. «Қамыс-Самар – Жаңақала. Өткені мен бүгіні» атты кітаптың І томында Шарафеддин 1846 жылы туған деген дерек келтірілген.
Бұл сұлтанның бейнесі мен тұлғасын толық көрсету әлі де жан-жақты ізденіп, зерттеуді қажет етеді. Сондықтан мақалада келтірілген мәліметтер мен болжамдарға қосымша деректер табылып, түзетіліп, толықтырылып жатса, күнілгері ризашылығымызды білдіреміз.
Лаура МҰСАҒАЛИЕВА,
Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы қызметкері
Батыс Қазақстан облысы