29 Мамыр, 2010

ЖАПА ШЕККЕНДЕР ЖАРАСЫ ЖАЗЫЛАР МА?!

693 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Биыл 1953 жылдың науры­зын­да жаппай кешірім жариялан­ғаны­на 57 жыл толып отыр. Бұл қыр­ғын-сүргінге ұшыраған жа­зық­сыз жандардың көлдей көз жасының қайтарымындай құжат еді. Бірақ, мұндай кешірім баршаға бірдей қуаныш алып келмегені белгілі. Ол сот және соттан тыс (НКВД, ГПУ, “екілік”, “үштік”) органдардың үкі­мімен еңбекпен түзеу мекеме­ле­рінде жазасын өтегендерге ғана қа­тысты еді. Ал, саяси көзқарас­тары­мен немесе еріксіз жер аударыл­ғандар үш жылдан кейін, 1956 жылы ғана бостандыққа шықты. Тарих бетіне қара әріптермен жазылған нәубет жылдардың ыз­ғары әлі де талай жүректі дірілде­те­тіні анық. Бүгінгі күндерімізге дейін ата-бабаларының, әже-аналарының, туған-туысқан­дары­ның есімін ақтап алуды арман қыл­­ған азаматтар көп. Тәуелсіз Қа­зақстан Республикасы оны ар­найы Заңмен кепілдендіріп отыр. Ақмола облысында ойсыз да қатыгез мемлекеттік саясаттың қа­­лай жүзеге асқаны, оның зар­дап­та­рын жою мәселесі қалайша шешімін тауып жатқаны жөнінде облыс прокурорының орынбасары Серік Хайруллинді әңгімеге тартқан болатынбыз. – Өндірістегі аз-кем ауытқу­шы­­лық диверсия немесе зиян­кес­тік, лауазымдық міндетті орын­дау­да болмашы шалыс басудың кез келген көрінісі контрреволю­ция­лық бүлік, ал мемлекет бас­шы­лары­ның атына сырттай өкпе-наз айту содырлық әрекет ретінде ба­ғаланды, – дейді Серік Құбаш­ұлы. – Сондай-ақ, адамдар ұлт­тық ерекшелігіне, діни ұстаны­мы­на, әлеуметтік жағдайына бай­ланысты да қудаланды. Әсіресе, жат на­ным­дардың ықпалында болды деген күдіктілер аяусыз жазаланды. Жапа шеккендердің жартысынан астамы “кеңеске қарсы үгіт-насихат жүр­гізді” деген жаламен атылып, итжек­кенге айдалғандар “халық жаулары” еді. Жалпы, бұл өлке сырттан лықсып ағылған бес дүр­кін жер аудару науқанын бастан кешті. Ақмола облысының аумағында 467 арнайы комендатура жұмыс істеп, онда 98530 адам тіркеуге алынды. Целиноград ауданындағы бұрынғы Малиновка ауылында (қазіргі Ақмол) үрей шашқан атақты “АЛЖИР” лагері қоныс теп­ті. Мұнда өздері ешқандай қыл­­мыс жасамаса да “отанға сат­қын­дық жасағандардың” 20 мың­ға жуық әйелдері мен апа-қарын­дас­тары азап шекті. Елбасы Н.Назар­баев қазір аудан орталығы атанған Ақмолда қуғын-сүргін құр­бан­дарына арналған еңселі ескерткіш кешенді салтанатты жағ­дайда ашып, ол жұртшы­лық­тың тағзым тұғырына айналды. Облыс прокурорының орын­ба­­сары С.Хайруллин 2008-2009 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты 802 азамат пен 54 заңды тұлғаның өтініші қаралғанын айтады. Нәтижесінде 49 азамат саяси қуғын құрбаны, ал 249 кісі жапа шегуші ретінде танылып, арнайы анықтама беріліпті. Яғни, олар толық ақталған. Солардың ішінен бір-екі мысал келтірелік. 1883 жылы туған Давыд Черевик бұрынғы Көкшетау облы­сының Богоду­ховка ауылында тұр­ған. Шала сауатты бақташы кол­хоз­шылар арасында контрреволю­ция­лық үгіт жүргізді деген жаламен ұсталған. “Үштіктің” 1937 жылғы 6 қыр­күйектегі үкімімен ату жа­за­сына кесіліп, сол заматта үкім жү­зе­ге асырылыпты. Оның немересі Алексей Черевиктің өтініші қа­нағаттандырылып, 2009 жылдың желтоқсан айында ақтау жөніндегі анықтамаға қол қойылған. 1898 жылы туған ауыл ша­руа­сы Иван Кармазин жапондық­тардың пайдасына тыңшылық әрекет­тер­мен айналысты деген жаламен тұт­қындалған. Айыртау НКВД-сының 1938 жылдың 30 қыркүйегіндегі үкімімен ертеңінде атылыпты. Желтоқсан оқиғасына қатысу­шы Ләззат Төлегенова да толық ақталып отыр. Бақберген АМАЛБЕК,  Ақмола облысы.