Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезеңде шаруасын шатқаяқтатып алған шет ауыл кейінгі жылдары қайта түлеп, ажары кіре бастаған. Бүгінгі Обағанның абат келбетін көрген жанның көңілі тоғаяды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, кейінгі үш жылдың ішінде ауылшаруашылық кәсіпорындары өңірдегі жеті ауданда жұмысшыларына арнап небәрі 60-ақ тұрғын үй тұрғызған. Әулиекөл ауданында – 9, Денисов ауданында – 8, Меңдіқара ауданында 6 үй тұрғызылса, Алтынсарин, Бейімбет Майлин, Жітіқара, Қамысты ауданында бірде-бір үй салынбаған.
Бұл аудандардағы шаруашылықтарға Обағанның абаданы Болат Қарабаев сынды ел жанашырын үлгі етсе игі. Мәселен, Болат Жұмашұлы басқаратын «Мирас» шаруа қожалығы ауыл тұрғындарына кейінгі екі жылдың ішінде хан сарайындай 15 жаңа үй салып берген. Бұл үйлер автономды газ құрылғысымен жылиды. Ыстық су, суық су кіріп тұр. Жылы едені, жуынатын бөлмесі мен дәретханасы, төсек-орны, автоматты кіржуғышы, ыдыс-аяғына дейін бар. Қаладағы үйлерден артық болмаса, кем емес. Тұрғындар дайын үйге тек жеңіл шабаданымен ғана кіреді.
Жаңа үйлердің біріне биыл күзде Обаған ауылының тұрғыны Рауан Оңайбаев қоныстаныпты.
– Өзім осы шаруашылықта жұмыс істеймін. Айлығымыз жоғары. Күзгі жиын-терім аяқталған соң, шипажайға барып демалып келдік. Бұл үйге бір-екі түйіншек, бір-екі сөмкемен кірдік. Көңілімізден шығып жатыр, үй жылы, әдемі. Қаладағы сияқты ішінде ванна, дәретхана, душ – бәрі бар, – дейді Р.Оңайбаев.
Обағандағы әлеуметтік нысандардың барлығы қалыпты жұмыс істеп тұр. Тіпті шағын ауылда рестобар да ашылған. Ауыл жастары жұмыстан бос уақытта осы тойханада бас қосып, сауық құрады. Рестобардағы екі үлкен теледидардан футбол, күрес сияқты спорт хабарларын көреді. Шағын отбасылық қуаныш, ауылдағы жиын-тойлар да осы жерде өтіп тұрады. Мәселен, былтыр ауыл әкімдігі осы тойханада қарттар күнін өткізді. Оған аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары арнайы келіп, шағын концерт қойып, үлкен кісілерге сый-құрмет көрсетілді.
Былтыр Обағанда медпункт ғимараты бой көтерді. Мұны да Болат Қарабаев өз қаражатына тұрғызған. Оған қоса сырттан дәрігер маман шақырып, ол кісіге де жаңа үй салып берді. Бүгінде медпункт ауыл тұрғындарына тегін медициналық қызмет көрсетіп отыр.
– Коронавирус індеті басталғанда Болат Жұмашұлы аудандық ауруханаға 3 млн теңгенің аппаратын алып берген. Былтыр жазда өзі ауылға шақырып, жұмыс істе, жағдайыңды жасап беремін деген соң осында келіп, көріп кеттім. 100 шаршы метрлік медициналық пункт те, оның қасындағы үй де ұнады. Автономды газбен жылиды. Медпункт – бесбөлмелі, дәліз, вестибюлі бар. Бәрі заманауи, ішінде маған керек нәрсенің бәрі бар. Ұнаған соң көшіп келдім. Өте жақсы ауыл. Жағдай жақсы болған соң бала туу көрсеткіші де жақсы болады. Мысалы, бұл ауылда бір жасқа дейінгі 15 бала бар, – дейді ауыл фельдшері Жайлы Исабаева.
Обағанда 109 үй бар, 400-ге тарта тұрғын мекендейді. Олардың дені – осы ауылдың байырғы адамдары. Бұрын жайлы жер іздеп қалаға көшіп кеткендердің біразы қайта оралып жатыр.
Ауыл әкімінің айтуынша, бұл өңірдегі бірнеше елді мекен бертінге дейін Россия ауылдық округі деп аталып келген. Көпшіліктің қалауымен 2019 жылдан бері Обаған ауылдық округі деп өзгертілген. Ауылдың шағын кәсіпкерлері жол бойынан да пайда тауып, нәпақа айырып отыр. Түмен – Лисаков, Рудный – Қорған, Қостанай – Түмен бағытындағы автобустар, жүк көліктері осы Обағанның үстімен өтеді. Екі елдің арасына қатынайтын жолаушылар ауыл шетіндегі екі дәмханаға тоқтап, тамақтанады.
– Шалғайда, шекара түбінде жатқан ауыл дамып, гүлденіп жатыр. Әр үйдің түтіні түзу шығып, елдің ел болып отырғаны да осы Болат Жұмашұлының арқасы. Ауылдың үлкен-кішісіне бірдей бүкіл жағдайды жасап беріп отыр. Көп балалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға да қайырымы мол. Жұрт ауылдан көшпесін, сыртқа кетпесін деп жанын салып жұмыс істеп жүрген абзал азамат. Ауылдың орталық саябағына 7 млн теңгеге субұрқақ, үлкен гүлзар, шағын футбол алаңын салды. Ауылды абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Былтыр жол құрылысының техникалық құжатын жасауға қаржылай көмек көрсетті. Нәтижесінде облыстық, республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, ауыл орталығындағы көшелер мен ауыл арасына қатынайтын бірнеше шақырым жолға асфальт төселді. Биыл ауыл ішіндегі екі көшенің техникалық құжатын жасауға тағы қаржы берді. Алдағы жазда бұл көшелер де оңдалып қалар деген үміттеміз. Ауылда қазақ күресі үйірмесі бар. Кәсіпкер жас спортшыларға да қолдау көрсетіп, спорт киімдерін сатып алып, жарысқа баратын жол пұлын беріп, демеушілік жасап отырады. Осының нәтижесінде, ауыл спортшылары аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр, – дейді Обаған ауылдық округінің әкімі Марат Нұржанов.
Кәсіпкер Болат Жұмашұлы былтыр Обағанның орталығынан көпшілікке ортақ үлкен моншаның іргесін көтеріп қойды. Алдағы жазда халық игілігіне пайдалануға берілмек.
Тұрғындардың айтуынша, ауылда жалақы жақсы. Медицина тегін. Тұрғындардың отын-көмірін, жем-шөбін жыл сайын күзде «Мирас» шаруа қожалығы түсіріп беріп отыр. Ауылда той-томалақ, қаза бола қалса, шаруашылық басшысы жұмысшыларын, азпаздарын жіберіп қолдау көрсетеді.
«Мирас» шаруа қожалығы 5 мың гектар алқапқа егін егеді. 500-ге тарта ірі қарасы мен жылқысы бар. Жылда аста-төк астық алатын алпауыттардың қатарынан емес. Бірақ соған қарамастан, табысының қомақты үлесін ауылды көркейтуге жұмсап отыр.
– Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға биыл 120 млн қаржы салып қойдық. Енді одан басқа жаңадан көшіп келгендердің жағдайын жасау деген мәселе бар. Кезінде осы ауылдан көшіп кеткендер қайта орала бастады. Мысалы, былтыр 5 отбасы бала-шағасымен көшіп келді. Оларға бұзаулы сиыр, құлынды бие, он шақты ұсақ мал, дайын баспана бердік. Тек ерінбей еңбек етіп, осы ауылға бір шыбық ексе де пайдасын тигізуі керек. Ауылды дамыту үшін ең алдымен жұмысшыларға жоғары жалақы, еңбектен тыс уақытта тынығатын демалыс орындары керек. Ауыл адамдары тек мал жайлап, жұмыс істеп қана жүре бермей, бір ауық демала да білуді де үйренуі керек, – дейді шаруа қожалығының басшысы Болат Жұмашұлы.
Азаматы бар ауыл азбайды деген осы. Обаған мектебінде бүгінде 74 бала оқиды. Шалғайда жатқан өзге ауылдардағы оқушы саны жыл санап кеміп жатқанын ескерсек, бұл – өте жақсы көрсеткіш.
– Мұның өзі жас отбасыларға жағдай жасап, жұмыс тауып беріп отырған Болат Қарабаевтың арқасы. Айлықтары жақсы. Кәсіпкер кейінгі 5-6 жылдың ішінде мектепке 100 мың доллар көлемінде қаржы бөлді. Мектеп ғимаратын толықтай күрделі жөндеуден өткізді, – дейді ауылдық округ әкімі.
Өкінішке қарай Обағандағы халық саны 400-ден асса, осы округтің орталығы болып саналатын Тайсойған ауылында 75-ақ адам қалған. Бұл ауылдағы үшқабатты үлкен мектепте 6-ақ бала оқып жатыр. Бұл ауылда 500 мың гектар алқапқа астық егетін алпауыт кәсіпорын «Олжа-Агро» агроөнеркәсіп холдингінің «Росбидай» деген бөлімшесі жұмыс істейді. «Росбидайдың» Тайсойғанның маңайындағы 18 мың гектар жерге егін егіп отыр. Бұл серіктестік те жұмысшыларына арзан жемшөбін беріп, ауылға тиіп-қашып көмектесіп тұрады. Бірақ осыншама ұлан-ғайыр жердің игілігін көріп, аста-төк пайда тауып отырған ірі шаруашылықтың ауылға тигізіп отырған пайдасы шамалы.
«Осы мәселені ойластырып, заңдастырып, дұрыс шешім қабылдау керек сияқты. Мысалы, небәрі 5 мың гектар жерге дән егетін «Мирас» шаруа қожалығы өз ауылына керемет жағдай жасап беріп отыр. Ал одан 4 есе үлкен алқапқа дән сіңіріп отырған «Олжа-Агроның» қыста қар тазалап, күзде жұмысшыларына арзан жемшөп бергеннен басқа әкетіп бара жатқан көмегі жоқ. Соншама жерге ие болып отырған алпауыт кәсіпорынның жарнамасы жақсы болғанымен, елге шынайы көмектесу, ауылға шарапатын тигізу дегенге келгенде сараңдық танытып отыр. Облыс басшылары осының бәрін көріп-біліп отыр. Неге мұның қалай демейді? Обалы не керек, кеңес дәуірінде ауылдың жағдайы жақсы болды. Өйткені айналасындағы иен жерден түскен табыстың белгілі бір мөлшері сол ауылдың игілігіне жұмсалатын. Енді оны қайта қалпына келтіріп, алпауыт шаруашылықтарды ие болып отырған жер көлемі мен жылдағы тапқан табысына қарай, ауыл бюджетіне салық төлейтіндей ететін кез келді ғой. Сенат, Мәслихат депутаттары да осы мәселені қозғап, заңдастыру жағын ойластырса екен. Мұнсыз Президентіміздің ауылды дамыту жөніндегі игі бастамаларын жүзеге асыру мүмкін емес. Керісінше, жекенің меншігіндегі егін шаруашылығы дамыған сайын, ауылдың жайылымы тарылып, тұрмысы төмендей береді. Біз ғана емес, көптеген ірі шаруашылықтардың өз жұмыскерлерінің өмір сапасын көтеру мәселесінен шеткері екенін көріп жүрміз. Осы ауылдың маңайындағы жерді еміп, елдің еңбегін пайдаланып отырған соң, шаруашылық басшысы жыл сайын ауыл тұрғындарымен кездесіп, ауылды көркейту үшін қандай мәселелерге көңіл аудару керек деп кеңесіп отыруы керек қой. Әйтпесе бюджеті мардымсыз ауыл әкімдігінің қолынан не келеді? Шаруашылықтардың бұл мәселеден шет қалуына жол бермеу керек», дейді тұрғындар.
Тайсойғандықтар «Олжа-Агроның» бас директорына: «Жердің құты – тұрғындар, ауылға жанашырлық танытып, беттеріңді бері бұрыңдар, бұлай бола берсе, бұл өңір елсіз қалатын түрі бар, халық көшіп жатыр», деген мазмұнда хат жолдамақ.
Обағанға қайта оралсақ, әкімнің айтуынша, ауылда мал ұстауға мүмкіндік бар, тұрғындардың бәрі төрт түлік ұстап, төл алып отыр. Бірақ жайылымның аздығы мал басын көбейтуге мүмкіндік бермей отыр. Өйткені Обағанның бір жағы Меңдіқара ауданы, бір жағы егістік, бір шақырым жерден Обаған өзені өтеді, ал бір жағына шекара тиіп тұр.
Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметінше, 2022 жылы өңірде пайдаланусыз жатқан 260 мың гектардан аса жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 141 мың гектары – жайылымдық жер. «Қайтқан малда қайыр бар» демекші, тұрғындар жайылымға жарымай отырған ауылдарға да мемлекет меншігіне өткен жерлерден үлес тиіп қала ма деп үміттеніп отыр.
Қостанай облысы