
Алдағы сайлаудың – Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы да сайланатыны, үміткерлердің өзін өзі ұсынуына мүмкіндік берілуі, әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін квота қарастырылуы, облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары кәсіби түрде жұмыс істейтіні секілді басқа да бірқатар ерекшелігі қоғам тарапынан қолдауға ие болды.
Мемлекет басшысы: «Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес», деп атап өткен болатын. Бұл ретте азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы өте маңызды. Оны сайлау үдерісінен де көруге болады. Әсіресе, мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтып, Парламенттің рөлін арттыру маңызды болып отырған қазіргі кезеңде халықтың сенім мандатына ие болатын депутаттарға зор үміт артамыз. Қазақ елінің қарыштап дамуы мен өркендеуіне, жаңа мемлекеттік моделін қалыптастыруға бағытталған батыл бастамаларды күтеміз.
Бұл саяси науқан еліміздің дамуы үшін ерекше маңызды. Сайлауға қатысу арқылы азаматтық парызымызды атқарып, болашағымызға лайықты таңдау жасаймыз. Жаңару мен жаңғыру жолындағы Қазақстанды құру – әрқайсысымыздың қолымызда.
Гүлзада ШАКУЛИКОВА,
«С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ басқарма төрағасы-ректор