Пешенесіне жазылған биігінен әсте пәс тартпайтын бірегей бітімді адамдар болады. Өзгерген заман, зулаған уақыт олардың ары мен абыройына шаң жұқтырмайды, беделіне нұқсан келтірмейді. Олар тамырын терең тартқан бәйтеректердей елімен, жерімен біте қайнасып, қай кезде де еңбегін халқына арнап, көлгірсуден ада, өтіріктен азат, адал ғұмыр кешеді. «Мен сөйтіп едім!» дейтін кеудеқағар мақтанға да бой алдырмайды. Іші толы қазына бола тұра, қашан көрсеңіз де кішік қарапайымдылығынан жазбас, байсал да байырқалы қалпынан танбас, ақыл-парасаты өнеге шашқан, могикандардың соңғы болмаса да сирек тұяғы дерлік, кешегі асыл алыптарымыздың көзіндей ардақты ақсақалдарымыздың бірі бүгінде тоқсаныңызды тобықтан қаққан Шәңгерей аға Жәнібеков десек, ақиқаттан алыс кете қоймаспыз.
1991 жылғы тамыз бүлігінен кейінгі бұлқынған бұрқақты күндер. КСРО-ның барлық халық депутаттары болған жайдың мәнісін барлап, тұйықтан шығар жол табу үшін Мәскеуге жиналған. Дәл осы күндерде баспасөзде РСФСР президенті баспасөз хатшысының Қазақстан мүддесін шетқақпай қылған бір мәлімдемесі жылт ете қалады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жайды КСРО Парламентінің қаперіне салуды халық депутаты, сонымен бірге, Ұлттар Кеңесінің мүшесі Шәңгерей Жәнібековке тапсырады.
Сол бір ақкөз мәлімдемеде Ресейге шектес республикалардың аумағына көз алартушылық байқалып, шекараны өзгерту туралы мәселе қойылуы мүмкін екендігі айтылған болатын. Жоғарғы Кеңестің кешкі отырысында сөз алған Ш.Жәнібеков аталмыш мәлімдеменің мүлдем негізсіздігін байыпты түрде дәлелдей баяндап шықты. Сөйтіп, бұл шетін жайға біздің тараптың наразылығын білдіріп, Қазақстандағы қатты алаңдаушылықты айта отырып, басбұзар мәлімдеменің айыпталып жатқанын жеткізді. Сессияда бұл айтылғандар түсіністікпен қабыл алынып, ізінше тігісі жатқызылған болатын.
Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаевтың шұғыл іске асырған жігерлі әрекет-шараларының арқасында Ресей мен Қазақстан арасындағы достық қатынастарға кірбің түсіруі мүмкін келеңсіздік тез арада реттестірілген еді. Одақтық шарт, Біртұтас экономикалық кеңістік туралы идея да сол кезде айтылған-ды. Ал бұл күндерде біздің елдеріміз негізгі стратегиялық әріптестерге айналып, экономикалық ықпалдастық пен интеграция игілігінің кең өрісіне, кемел байтағына шыққанына баршамыз куәміз. Бұған сол бір сессияда өз елінің атынан сөз алып, өз халқының мүддесін қарлығаш қанатты перзенттік парызбен парасатты түрде қорғай білген Ш.Жәнібеков қосқан үлес те аз емес. Сол жолы бұл кісіге осы бір аса жауапты істі Нұрсұлтан Әбішұлының сеніп тапсыруының, таңдаудың басқаға емес, нақ Шәкеңе түсуінің де терең мән-мәністері бар-ау деп ұқтық.
Өмірдің талай өткелек сынынан өткен, тағдырдың тауқыметті талқыларын еңсере шыңдалып шыныққан кәтепті қара нардай осы ағамыз өзі өз болып көрген алғашқы қаласы Алматы екенін әрдайым мерейлене айтып отырады. 1933 жылдың көктем-жазында әкесі Жәнібек Асы жайлауында «Түрген» кеңшарының малын бағыпты. Ал тамыз айында сол малды басқа бақташылармен бірге Ұзынағашқа қарай Алматының үстімен айдап өтеді. Бір сиырды жетектеген анасы Зәйтуна, сиырдың үстіндегі қарындасы Зайда, қарындасының бір қолынан ұстап қатар келе жатқаны, қала суреті, қалаға тән қарбаластар сол кездегі сегіз жасар баланың көзі мен көңіліне таңбаланып, есінде сақталып қалыпты. Қостанай атырабындағы Жауғашты көлінің жағасындағы Қарпық ауылында туған қазақтың осы қара баласы кейіннен астана Алматының мәдени-рухани өмірінде елеулі орыны бар көрнекті тұлғаға айналады деп кім ойлаған.
Сөйткен әке мен шеше үздік-создық бірінен соң бірі көз жұмып, он төрт жасында қарындасы екеуі жетім қалады. Соңғы болып анасының қайтқан күні де есінде. 1938 жылдың 4 маусымы. Бұл кезде жасөспірім Шәңгерей Первомай кентіндегі орысша бастауыш мектепті енді ғана бітіріп, жергілікті құрылысшылар бригадасына жұмысқа да тұрып үлгерген-ді. Оларға Аршалы өзенінен күніне екі рет өгіз-арбамен су тасып жүрген. Ендігі тағдырлары басқа арнаға түсті. Марқұм әкесінің Қостанайда тұратын туыстары Сейіт Әбдібеков пен Байтүгел Амантаев бұларды өз қолдарына алып, өз балаларынан кем қылмай бағып-қақты.
Қостанай жас Шәңгерейге үлкен әсер етті. Байтүгелдің тетелес ұлы Жұмағалимен бірге қаланы аралаудан жалықпайтын. Орталығы, базары, дүкендері, түрлі мекемелер мен мектептері – бәріне назар аударатын. Тіпті, қазіргі Қостанайдың бас мешітінің үйінде орналасқан кинотеатрда алғаш көрген киносы да жадында. Ол атақты Чарли Чаплин ойнаған «Үлкен қаланың оттары» фильмі екен. Ширек ғасыр өткенде өзі осылай таңдана қызықтаған Қостанай қаласының бірінші басшысы болатынын білсе-ші.
Жамбыл атындағы қазақ мектебінде оқиды. Бұл мектеп 1884 жылы Ыбырай Алтынсариннің қолдауымен Троицк қаласынан Қостанайға жаңа ғимаратқа көшірілген тағылымға толы тарихи мектеп болып шығады. Шәңгерейдің бабасы Бекмұхамед Қарпықовты Торғайдың генерал-губернаторы нақ осы мектептің қамқоршысы етіп тағайындапты. Әрине, жанын жадыратқан бұл мағлұматтарды ол кейінірек білді. Ал сол кездегі мұғалімдерінің аты-жөндеріне дейін, кімнің қай пәннен сабақ бергені – бәрі есінде. Әсіресе, музыка пәнінің мұғалімі Андрей Тененякин революцияға дейін қалыптасқан орыс зиялыларының өзгеше зият өкілі болатын, деп еске алады Шәкең. Ол кісі қазақ тілін еркін білген, ән-күй сабағында кеңестік заман әндерімен қоса, қазақтың халық әуендерін де үйретіп отырыпты. Ұстаз, әсіресе, мына бір әнді шәкірттерінің құлағына көбірек сіңіріпті.
Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты,
Сөзі бар алуа-шекер, балдан тәтті...
Сірә, Андрей Константинович ән авторы Ахмет Байтұрсынов екенін де, қазақ халқының ұлы перзентінің қайғылы тағдырын да білсе керек. Ол осы әнді балаларға үйрету арқылы асыл рухқа тағзым етіп, құрметін көрсеткен болар... Бұл күндерде Шәңгерей Жәнібекұлы осылай ойлайды.
Сол бір қиын заман өмір таңдауын өз еркінше жасауға мұрша келтірмейді. 1942 жылдың тамызында Қостанай медицина техникумын бітіріп, соғысқа аттанады. Майдан жолдары, одан кейінгі әскер қызметі қайсар да қарымды азаматты қалыптастырыпты. Сол қайсарлығы танылған бір тұсты айта кетсек, біраз уақыт Қостанай облыстық партия комитетінде жауапты жұмыстар атқарған Шәңгерей одан әрі өсуге білімі аздығын сезінеді де, оқуға сұранады. Сөйтіп, КОКП Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға түседі.
Әлбетте, Мәскеуде оқыған үш жыл Шәңгерей Жәнібекұлының білімін қаншалықты молықтырып, өре-деңгейін қандай биікке өрлеткенін айтып жату артық болар. Бір нәрсе анық: оқуын бітіріп келгеннен кейін оны Рудный қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне ұсынуға лайық көріпті. Рудный кезеңі Шәкеңнің республикалық ауқымдағы үлкен қайраткерлік дәрежеге көтерілуіндегі жолбасы болды, басшылық жұмысқа төселіп, ысылды, өндірістік һәм өмірлік тәжірибесін шыңдай түсті. Ақсақал бүгінде Рудный кеншілерімен және құрылысшыларымен бірге атақты Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатын салуға қатысуы өз өмірбаянының ең бір қызықты да жарқын шағы болғанын айтады. 1959 жылдың көктемінде комбинат жұмысты бастағаннан бергі екінші миллион тоннаның есебіне соңғы эшелон жөнелтілуіне арналған қалалық митингіде кеншілерді осынау үлкен еңбек табысымен құттықтау құрметі де Шәңгерей Жәнібекұлының еншісіне тиіп еді. Қазір бұл комбинат тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы, осы сала бойынша әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірінен саналады. Оның өнімдері Теміртау металлургтеріне берілуде, Ресей мен Қытайға шығарылуда.
Рудныйда ірі өндіріс ұйымдастырушылары, үлкен қайраткерлермен қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келді. Солардың бірі КСРО-ның бұрынғы көмір өнеркәсібі министрі Н.Г.Оника екен. Ол Қарағандыдағы қазақ драма театрының құрылысына жөнсіз ақша бөлді деген айыппен қызметінен алынып, Рудныйға төмендеп келіпті. Шәңгерей Жәнібекұлы қазақ мәдениетін көтеремін деп жазықсыз жапа шеккен Ониканың партиялық сөгісін алып тастауға көмегін тигізеді.
Екінші хатшының ұйытқылы бастамасымен Рудный қаласында Қазақ тау-кен институтының кешкі филиалын ашу туралы мәселе қойылып, ол оң шешімін табады. 1959 жылдың күзінде институттың кешкі бөлімі жұмыс істей бастайды, сөйтіп, Рудный кеніштерінде еңбек етіп жатқан мыңдаған жастардың ішіндегі талаптыларына өз есігін айқара ашады. Аз жылда-ақ жаңа оқу корпусы, қосалқы ғимараттары салынады, негізінен жергілікті мамандардан ұстаздар құрамы қалыптасады. Осы игі іс жылдар бойы Шәкеңнің тікелей бақылауында болады. Өйткені, ол екінші хатшылықтан Рудный қалалық кеңесінің төрағасы болып ауысады. Ал кейіннен филиал дербес индустриялық институтқа айналады.
Бір айта кетерлік жай, Шәңгерей Жәнібекұлының Рудныйдағы қабілет-қарымы, іскерлігі көзге түспей қалмапты. Алғыр, білікті де білімді, адами мәдениеті жоғары қызметкер КОКП Орталық комитетінің нұсқаушысы қызметіне ұсынылған көрінеді. Бірақ есеп карточкасындағы әлдекімдердің салғырттығынан болған әлдебір техникалық нұқсандарға байланысты ол ұсыныс іске аспай қалған. Бұл сәтсіздікке онша қапалана қоймаған Шәкеңнің алдынан туған халқына жақынырақ басқа бір қиырлар ашылып еді. Содан кейінгі аттай он екі жыл бойы ол еліміздің ең абыройлы байтақтарының бірі – Қостанай қалалық партия ұйымын басқарды, тағы бір жылдан астам Қостанай облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін қапысыз атқарды. Осы кезеңде Шәңгерей Жәнібекұлының ұйымдастырушылық дарыны әр қырынан ашылып көрінді. Қостанай қаласының қазіргі өндірістік әлеуеті мен күрделі инфрақұрылымының негіздері нақ сол кездерде қаланды. Андрей Бородин, Михаил Моторико, Николай Пономарев, Сағалбай Жанбаев сияқты әріптестерімен қатар Қостанайдың бұрынғы қарапайым сақара кентінен осызамандық ірі индустрия һәм мәдениет орталығына, абат та жәннат шаһарға айналуына біздің кейіпкер қосқан үлес те әсте аз емес. Иә, Қостанай десе Шәкеңнің жан-жүрегі әркез елжіреп тұрады. Қостанайдың астығы, темір кені, асбесті мен бокситі. Қазақстанды алға тартқан локомотив қой Қостанай. Ал Ш.Жәнібеков сол локомотивті басқарған негізгі сардар командирлердің бірі болды.
Осы сайыпқыран сардардың Қостанайдай алыптан кейін республикалық тұғырға өрлеп, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалуы әбден заңды болатын. Ол енді Дінмұхамед Қонаев бастаған, Бәйкен Әшімов қостаған көрнекті кемелдер шоғырына қосылып еді. Соған орай республикадағы бүкіл оқу-ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, дене тәрбиесі мен спорт, баспа қызметі, шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар мәселелерімен айналысты. Шәңгерей Жәнібекұлы осы салалардағы іс жайын өзіне тән ықтияттылықпен зерттеп білді, кемшін тұстарға, проблемаларға үңілді.
Қазақ халқының мәдени мұрасын қорғауға бағытталған шаралар белгіленіп, қолға алынды. Алматыда музыкалық аспаптар мен кітап мұражайлары құрылды. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Жәркент мешіті, Алтын Емелдегі Шоқан Уәлиханов кешені музейлендірілді. Тарихи ескерткіштер мен археологиялық ізденістерге көңіл бөлінді. Ұлтымызға қажетті осындай игі істердің басы-қасынан Шәңгерей Жәнібекұлы жиі көріне бастады. Әрине, бұлай етуге қызмет бабы да бейімдеген шығар, бірақ бұл кісінің ұлттық мүддеге деген пейілі бөлек еді. Мысалы, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасына біздің спорттық делегацияны ұлттық киіммен апарды. Жергілікті билік органдарына біртіндеп ұлттық киім үлгілерін, озық халықтық дәстүрлер мен ұлттық спорттық ойындарды жаңғырту жөнінде нұсқаулар берілді. Тіпті, 1984 жылы қазақтың мәдени дәстүрлерін бар тарапта жаңғырту жөнінде арнайы кеңес өткізгені де бар. Сол кеңесте негізгі баяндаманы мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің жасауы да көп жайды аңғартып тұрған жоқ па. 1980 жылы, араға 37 жыл үзіліс салып, республикалық ақындар айтысы көзайым етіліп, қазағымен қайта қауышты. Бұл жайлар қазір айтуға оңай болғанымен, сол кездегі шырғалаңы, қаупі де аз емес-тін. Шәкең осындай мәселелерде батылдық ете білді, ұлттық дүниелерді ұлықтау жағында болды.
Әлбетте, Алматы белесі – Шәңгерей Жәнібекұлының жұлдызды жылдары. Барлық игі істерін түгендеп жіпке тізу мүмкін де емес, мақсат та емес. Ең бастысы, ол ел алдындағы өз парызын нағыз азаматша адал, абыройлы өтеді. Бір ғана мысал айтсақ, 1978 жылы Алматыда бір апта бойы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек жөніндегі халықаралық конференциясы өтті. Әлі күнге дейін маңызын жоймаған Алматы декларациясы қабылданды. Әлем қазақ қонақжайлығын таныды. Кеңестік Қазақстанда өткен ең ірі іс-шараның табысты өтуін қамтамасыз еткен бас ұйымдастырушылардың бірі тағы да Шәңгерей Жәнібекұлы болатын.
Бүгінгі тәуелсіз елімізде аса беделді әрі белсенді, халық құрметіне бөленген екі ұйым бар. Бірі – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, екіншісі – республиканың Ардагерлер ұйымы. Міне, осы екеуінің де бастауында сонау Кеңес Одағы кезінде Шәңгерей Жәнібекұлы тұрған еді. Шеттегі қандастарымыздың атамекенге алғашқы жолын ашып еді. Қариялар қауымының құрметті орнын көрсетіп еді. Сөйткен Шәкең бүгін өзі де құрмет төрінде, кеудесінде – Тәуелсіз Қазақстанның «Парасат» ордені. Көңілінде туған елім табыстан табысқа жетіп, амандықпен жасай берсін деген ақ тілек. Лайым, абыз ақсақалдың ақ тілегі қабыл бола бергей!..
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.