14 Маусым, 2014

ПАРЛАМЕНТ

225 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
5

"Егемен Қазақстанның" арнаулы беті

«Алтын белгі» алуға 1-2 балы жетпей қалған балалардың жұмысына өте мұқият қараған жөн Мәжілісте палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Гүлмира Исімбаева Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінеді: «Таяуда ғана елімізде мектеп түлектерінің Ұлттық бірыңғай тест тапсыруы аяқталды. ҰБТ-ны өткізу биылғы жылы біршама тәуір ұйымдастырылып, өткен жылдармен салыстырғанда жақ­сарғанын атап өту керек. Алайда, жекелеген проблемалар да жоқ емес. Парламент Мәжілісінің депутаттары – «Нұр Отан» фрак­циясының мүшелері орыс тілінде оқытатын мектептердің түлектері үшін қазақ тілі бойынша, қазақ тілінде оқытатын мектептердің түлектері үшін орыс тілі бойынша балдарды ескеру қажеттігі туралы мәселені әртүрлі деңгейлерде бірнеше рет көтерді. Бұл мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ. Осы пәндер бойынша балдар білім беру грантын алуға арналған конкурс­та ескерілмейді. Алайда, балдың төмендеуі ескеріледі. Алтын белги Мысалы, Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы №140 мек­­­теп-гимназияның «Алтын белгіге» үміткер оқушысының ата-анасынан хат алдық. Олардың баласы қазақ тілі пәнінен – 24, Қазақстан тарихы пәнінен – 24, математика пәнінен – 24, ағылшын тілі пәнінен – 24 балл, яғни 4 пәннен де 5 деген баға алып, жоғары ұпай жинаған, бірақ қазақ мектебіндегі орыс тілі пәнінен кем алған 1 балы «Алтын белгіге» 1 балл жеткізбей тастаған. Бұл оқушы он бір жыл бойы үздік оқыған. Ағылшын тілі пәнінен аудандық, қалалық олимпиадалар мен шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. ҰБТ-да берілген тапсырмадағы жауапта тыныс белгісі қойылмағандықтан қателескендігін айтып, апелляциялық комиссияға өтініш жазған. Расында да, №6224 нұсқадағы 14-тапсырманың жауаптарының бірі ретінде берілген: «Доброе начало половина дела» деген жауапта тиісті сызықша белгісі қойылмаған. Дұрысы: «Доброе начало – половина дела». Сөйлем ортасына сызықша қойылуы қажет екендігі айдан анық. Тест тапсырмасындағы қателік жауаптың дұрыс болмауына апарып соқтырған. Бұл – дұрыс ескерту. Сондықтан да, оқушының талабын ескеріп, 1 балл қосуға болатын еді. Ол заңды. Бірақ апелляциялық комиссия оның өтінішін қарамаған деп шағымданып отыр ата-анасы. 11 жыл бойы кілең беске оқып, тестілеуде де негізгі пәндердің бәрінен бес алып, «Алтын белгіге» лайық болған оқушыға қазақ мектебіндегі орыс тілі пәні, орыс мектебіндегі қазақ тілі пәні неге кедергі болуға тиіс?! Сондықтан, ол пән білім беру грантын алуда ескерілмейтіні сияқты, «Алтын белгі» алу үшін де ескерілмеуі керек деп санаймыз. Сонда ғана әділдік орнар еді. Апелляциялық комиссиялар алдағы уақытта өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, сұрақ­тардағы тыныс белгілердің, типо­графияның кінәсінен кеткен, тағы басқа қателердің де бала тағдырына әсер ететіндігін еске­ріп, білікті мамандар ретінде әділ шешім шығаруға ұмтылуы қажет. Әсіресе, «Алтын белгі» алу­ға 1-2 балы жетпей қалған бала­лардың жұмысына өте мұқият қарап, күмән жағдайдың бәрі оқу­шының пайдасына шешілуге тиіс деп есептейміз. Аталған мәселелер мұқият қаралып, оң-шешім табуына ықпал етуіңізді сұраймыз».

Тамыры – бір, мақсаты – айқын, болашағы – ортақ

Бакуде Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблея­сының (ТүркПА) 5-пленарлық отырысы өтіп, оған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған парламенттік делегация қатысты. DSC_8548   Осыдан 5 жыл бұрын дәл осы Бакуде ТүркПА-ның алғашқы пленарлық отырысы өткен болатын. Құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия елдері кіретін Парламенттік Ассамблея Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Осы уақыт аралығында ұйым түркілік бірлікті жақындастыру мен нығайтуда тиімді үнқатысу алаңына айналды. Кезекті пленарлық отырыс Ассамблеяның дамуына қа­тыс­ты және күн тәртібіндегі сал­мақ­ты сауалдарды қамтыды. Маңыз­ды шара басталмас бұрын төрт елдің парламенттік деле­гация жетекшілерін Әзер­бай­жан Президенті Ильхам Әлиев қабылдады. Кездесуде Мәжі­ліс Төрағасы Қабиболла Жақы­пов «Туризм саласындағы ынты­мақ­тастық» тақырыбында Бодрумда өткен Түркі кеңесінің 4 саммитінің қоры­тындысы экономиканың атал­ған маңызды бағытын дамытуға серпін беретінін жеткізді. Түркітілдес елдер іс-әре­ке­тіндегі бірлік-берекеге айрықша назар аударылды. Ильхам Әлиев пен Қабиболла Жақыповтың атап өткеніндей, мұнай және газ тасымалдау бойынша бірлескен жобалар аясында инвестиция саласын, ауыл шаруашылығын, көлік және коммуникацияны дамыту екі ел арасындағы ықпалдастықты күшейтудің басым бағыттары болып табылады. ТүркПА жиыны ұйым төра­­ға­лығын Түркиядан Әзербай­жанға өткізу рәсімінен бас­талды. Түркия Ұлы Ұлттық Жина­лы­сының Спи­кері Джемиль Чи­чек өз елі төра­ғалық еткен бір жыл ішін­дегі жұмыс нәтиже­лері­не тоқ­талды. Сондай-ақ, халықаралық қа­рым-қатынастар, әлеуметтік-мәдени, гуманитарлық, экономика, сауда және қаржы, сондай-ақ, құқықтық мәселелер жөніндегі комиссиялар 2013 жылы атқарылған жұмыстар бойынша өз есептерін тапсырды. ТүркПА 5-пленарлық отырысында барлық парламенттік делегация басшылары алдағы жұмыс бағытына қатысты өз ойларын ортаға салды. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов өз әріптестерін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Шанхайда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 4-саммитінде АӨСШК негізінде Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын құру туралы идеясын қолдауға шақырды. Қабиболла Жақыпов: – Аталған ұйым Азия кеңіс­тігіндегі бейбіт даму үдерісін қамтамасыз етуде маңызды құрал­дардың біріне айналары сөзсіз. Сондықтан, біздің Ассамблеяның осы бастаманы қолдап, өз ұсы­нысын енгізетініне сенімім зор, – деді. Мәжіліс Төрағасы, сондай-ақ, Әзербайжан, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Түркия парламент­шілерінің түркітілдес елдер жас­тарының білім саласына қатысты көтерген сұрақтарына да назар аударды. Қабиболла Жақыпов ТүркПА ықпалын одан әрі күшейтудің маңыздылығын сөз ете келіп: – Біздің елдеріміз парла­­­­мент­тері ынтымақтастығы­­ның ұзақ мерзімді стратегиясы­ қажет.­ Осы жолда «Түркітілдес елдер парламенттері ынтымақтастығын дамытудың жол картасын» әзірлегеніміз жөн болар еді. Онда көпжақты ынтымақтастықтан басқа, біздің заңнамаларымызды одан әрі үйлестіруге бағытталған жеке тараулар болады, – деді Мәжіліс Төрағасы. Жиын барысында жаңа комиссия құрылды. Жаңашылдықтың қолданыстағы 4 комиссияның үшеуіне тікелей қатысты болмақ. Енді халықаралық қарым-қатынас және құқықтық мәселелер бірың­ғай комиссия аясында қа­ралады. Экономика, сауда және қаржы мәселелері толықтай Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия еншісінде. Қосымша тағы да Экология және табиғи ресурстар жөніндегі комиссия құрылуда. Ал Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссияға өзгеріс енгізілмейді. Мәжіліс Төрағасының атап өткеніндей, Каспий теңізі эко­­жүйе­­сін сақтау, сондай-ақ, транс­шекаралық өзендерді пайдалану Экология және табиғи ресурстар жөніндегі комиссия жұмысының басым бағыттарының бірі болмақ. Одан әрі Қабиболла Жақыпов: – Баламалы және жаңғырты­латын энергия көздеріне ар­нал­­ған «Болашақ энергиясы» тақырыбында 2017 жылы халық­аралық ЭКСПО көрмесін өткізу қарсаңында Астанада осы тақырыпқа қатысты аталған комиссияның отырысын өткізген дұрыс болар еді, – деді. Пленарлық жиында, сондай-ақ, комиссиялар төрағалары сай­ланды. Экономикалық ын­тымақтастық жөніндегі комиссияны Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Серікжан Қанаев басқаратын болды. Ал мәжілісмен Нұрлан Әбдіров Халықаралық қарым-қатынас және құқықтық мәселелер жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары атанды. Жиын барысында атал­ған ұйымға кіретін елдер парла­ментшілері Венгрия Мемлекеттік жиналысына ТүркПА-да бақы­лаушы мәртебесін ұсыну мүмкін­дігін де сөз етті. Жиын қорытындысы бойынша Баку декларациясы қабыл­данды. ТүркПА шаралары аясында Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, Түркиядан келген әріптестерімен кездесті. Тараптар халықаралық бірлестіктер аясында ынтымақтастық пен өзара қолдау аталған елдер арасындағы стратегиялық әріптестіктің жарқын көрінісі екенін сөз етті. Парламентшілер келе­сі­ жылы маусым айында АстанадаТүркПА-ның 6-пленарлық отырысында бас қосатын болып белгіленді. Сәулебек БІРЖАН.

Мәдениет саясаты тұжырымдамасы

заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілетін болады

Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Пре­зи­денттің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы ая­сында еліміздің  Мәдениет саясаты тұжы­рымдама­сының әзірлену барысы және оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету туралы» тақырыпта дөңгелек үстел  өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Отырысқа Парламент де­путаттары, салалық ми­нистр­ліктер мен мекемелердің өкіл­дері, ғалымдар, еліміздің белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төр­ағасы Ақан Бижанов отырыс­ты аша келіп, талқыланып отырған Мәдениет саясаты тұжырымдамасының жобасы мен оны келешекте іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Сенатор Қазақстанды әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына шығару Президент стратегиясындағы қоғамды мәдени тұрғыда жаңғыртуда негізгі міндеттерінің бірі екеніне назар аударды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қоғамның мәдени деңгейі жоғары болған сайын оның даму әлеуетінің тиімділігі де жоғарылай береді, деп атап өтті А.Бижанов. Осыған байланыс­ты, уақыттың өзі Мәдениет сая­саты тұжырымдамасын әзір­леуді талап етуде және біздің мем­лекетіміздің дамуының стра­тегиялық міндеті болып отыр. Отырыста баяндама жа­саған Мәдениет министрі А.Мұ­хамедиұлы әзірленіп жат­қан Мәдениет саясаты тұ­жырымдамасының негізгі ережелері туралы айта келіп, атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.  Министр Қазақстанда жеке тұлғаны дамытуды басты мақсат ететін, барлық азаматтарды біріктіруді көздейтін отандық төл мә­де­ниетті дамытуға баса назар аударылатынын атап өтті. Мәдени саясаттың негізгі мақсаты – еліміздің біртұтас көпұлтты мәдени кеңістігін қалыптастыруға бағытталған бүкілқазақстандық мәдени және идеологиялық бағдарды дамытуға жаңа серпін беру, мәдени тұрғыда бәсекеге қабі­летті және рухани деңгейі биік қазақстандықтарды қалып­тастыру, еліміздің қарқынды дамуы мен халықаралық салада тартымды келбетін паш етуге ықпал ететін қазіргі заманғы мәдени кластерлер жасау. Дөңгелек үстел отыры­сын­да күн тәртібіндегі мә­селелерді талқылауға Байла­ныс және ақпарат агенттігі төр­ағасының орынбасары А.Әбибуллаев, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Е.Аманшаев, Му­зыка қайраткерлері одағының төр­айымы А.Мұсақожаева, Қа­зақстан Суретшілер ода­ғы­ның төрағасы Б.Өмірбеков, «Қазақстан Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Н.Ерімбетов, Театр қайраткерлері одағының төрағасы Т.Жаманқұлов, Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті О.Батурина, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Б.Тілеухан қатысты. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының  төр­ағасы Н.Ора­залин отандық мәдениеттің өзек­ті мәселелері мен келешегі жайында өз ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстел отыры­сы­ның қорытындысы бойынша Мәдениет саясаты тұжырымдамасының жобасын жетілдіру және оны заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудегі шаралар жөнінде мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірл­е­нетін болды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».

Тиісті қадамдар тиімділікті арттырады

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа  Жолдауын және «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заңды іске асыру аясында «Аймақ экономикасының салалық және кластерлік басымдықтарын дамыту» тақырыбы бойынша Павлодар облысында көшпелі отырыс өткізді. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарла­масын іске асыруға бағытталған заңнамалық негіз жасауда салалық комитет мүшелерінің тікелей қатысуымен Парламент 50-ден астам заңдарға тиісті өзгерістер енгізіп, қабылданғаны туралы хабардар етті. Таяу­да «Инновациялық технологиялар паркі» инно­вациялық кластері туралы» Заң қабылданды. «Біздің еліміздің экономикасын ұзақ мерзімде дамыту үшін келесі бесжылдық шешуші рөл атқарады. Бір жағынан Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа енуі мен алдағы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты бұл өз кезегінде қатаң нарықтық жағдайдағы бәсекелестікті аңғартады. Сондықтан күрделі мәселелерді сындарлы түрде ойластырып, қазіргі кезде мемлекеттік органдар мен бизнестің үйлесімді жұмысын дұрыс жоспарлау керек», деп атап өтті Т.Абайділдин. Көшпелі отырысқа қатысушылар бұл тақырыптың жан-жақты талқыланғаны индустриялық-инновациялық дамуды ынталандыру жөніндегі жаңа тиімді шешімдерді табуға, отандық өндірістің тиімділігін арттыруда жаңа қадамдарды іске асыруға және аймақтағы барлық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі іс жүзіндегі ұсыныстарды әзірлеуге жәрдемдесетінін атап өтті. Шараға Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Индустрия және жаңа технологиялар министрінің, Мұнай және газ министрінің орынбасарлары, сондай-ақ, облыстық мәслихат пен бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Көшпелі отырыс аясында сенаторлар шағын және орта бизнестің бірқатар кәсіп­орын­дарын аралап, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.

Өзара іс-қимылды үдеткен ұтымды

Сенаторлар Икрам Адырбеков пен Дулат Құсдәулетов ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер комитетінің төрайымы, Португалия Парламенті­нің депутаты Изабель Сантушпен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. И.Сантуш жылы шырайлы кездесулер үшін депутаттарға алғыс айтып, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясындағы қазақстандық делегацияның белсенді жұмысын атап өтті. Қазақстан эконо­мика­сы­ның соңғы жылдардағы дамуын оң бағалай келіп, ол Хель­синки Қорытынды актісінің 40 жылдығы қарсаңында Ассам­блея­ның аймақтағы елдермен ынтымақтастықты үдетуде Аста­на­ның оң рөліне сенім артатынын жеткізді. ЕҚЫҰ ПА-дағы Қазақстанның парламенттік делегациясының мүшесі, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы И.Адырбеков португалдық әріптесінің Астанаға алғашқы сапарын құптай отырып, ЕҚЫҰ қызметін оның барлық үш өлшемінде күшейту жөніндегі Парламенттік Ассамблея басшылығының күш-жігерін Қазақстан тарапы жан-жақты қолдайтынын нақтылады. Біз «Хельсинки+40» үдерістерін» жаңару, тиімділікті және біздің Ұйымның беделін  арттыру жолындағы маңызды қадам ретінде қарастырамыз», – деді сенатор. Кездесу барысында, сондай-ақ, Демократия, адам құқықтары және гумани­тарлық мәселелер комитетінің аясындағы Қазақстан мен ЕҚЫҰ Парла­менттік Ассамб­­леясының бірлескен жұмыста­рындағы басымдықтар да тал­қы­ланды. Атап айтқанда, депутат Д.Құсдәулетов жүздесушіні Пар­ламент­тегі заң шығару жұмыс­тарының үдеріс­терімен, сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ, Еуропа Кеңесі және ЕҚЫҰ секілді халық­аралық ұйымдармен өзара сындарлы іс-қи­мылымен жан-жақты таныстырды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының биылғы 28 маусым – 2 шілде аралығында Бакуде болатын ХХІІІ жыл сайынғы сессия­сы қарсаңында өзара іс-қимылды үдетуге уағдаласты.