Қай жағынан алып қарасақ та, еліміздегі байырғы жоғары оқу орындарының ішіндегі іргелісі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті, қазір беделді білім ордаларының студенті атанғысы келетін түлектердің көпшілігі бір кездері Қазақстанда екі ғана университет болса, оның біріншісі де бірегейі – Алматыдағы «КазГУ» екендігін, егемендіктің ар жағындағы алпыс жылда еліміздің әр қиырынан арман қуып келгендердің С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне қабылдануы аспандағы Айға қолы жеткенмен бірдей болғанын біле бермейді-ау?! Ол кездегі жастардың миына шетелдерде оқу деген кіріп те шықпайтын...
«Елу жылда – ел жаңа» деген осы. Көз алдымызда өзгеріп жатқан әлем. Жаһанданудың өзі жаңару үдерістерін де тым жылдамдатып жіберді-ау. Тек соңғы жиырма жылдың ішінде түсініктер мен қағидаттардың өзі жаңа сипатқа ие болды. Осы тұрғыдан қарағанда қайта түлеген ҚазҰУ түлектерінің өзі танымастай құлпырып шыға келіпті.
«Түлектер» дегеннен шығады, төл университетіміз торқалы мерейтойы аясында салтанатты шаралар легін ұйымдастырып, арнаулы онкүндік аясында «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» дегендей, бас газеттті барша БАҚ өкілдерінен даралап, басылымымыздың алдағы 95 жылдық мерейтойына орай, «Егемен Қазақстан» – ел газеті» атты кездесуге журналистика, филология факультеттерінің студенттерін ортақтастырған-ды.
Бұл оқиғаға университет ректоры, академик Ғалым Мұтанов бас болып, бас газеттің арғы-бергі тарихынан ақпар берсе, «Егемен Қазақстан» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов басылымның ақпарат айдынындағы орны жайлы, сипаты өзгеріп бара жатқан БАҚ-тың қазіргі бағыттары туралы студенттермен ой бөліскен болатын. Сирек болатын мұндай емен-жарқын кездесудің екі жақ үшін де тағылымды болғанын жоққа шығара алмаймыз.
Осы жүздесуде біз 2013 жылы ҚазҰУ Орталық Азия және Қазақстан жоғары оқу орындары арасында бірінші болып QS World Universiti Rankings халықаралық рейтингі бойынша әлемнің 800 үздік университетінің ішінен 299 орынды ойып алғанын тағы да хабардар болып, көз алдымызда құлаш жайып бара жатқан ҚазҰУ жетістіктеріне қосыла мерейленіп қайтқанбыз.
Айтқандай, ТМД елдерінен бұл топқа тек үш жоғары оқу орны ғана енгенін, олар – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт-Петербург университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғана екендігін атасақ та жеткілікті.
Осыдан үш жыл бұрын ғана әлемдік рейтингте ҚазҰУ 650-дің ішінде болса, осы аралықта 350 университетті артқа тастау оңай деп кім айтар екен! Бұл үшін қаншама қыруар жұмыстар атқарылуы керек екендігі айтпаса да түсінікті.
ҚазҰУ қалашығы – студенттерге берілген тәңірдің тартуы
ҚазҰУ қалашығының өз қызығы өзінде. Кешегі көшетті тал-дарақтары саялы орманға айналған. Кәдімгі демалысты аймақтан бір мысқал да кем емес. Қайта гүлзарларымен, білім іздеген өндірдей сұлу қыз-жігіттерімен «Иран бақтай» әсер етеді. Бұл да болса ұлт перзенттерінің көрегендікпен келешекті болжап, осындай қалашықтың іргетасы қалануына ықпал етіп, қазақ жастарына қалдырып кеткен қолтаңбалары іспеттес.
Біртуар азаматтың ол да бірі болған дегендей, Өмірбек Жолдасбековтей көрнекті ғалым ҚазМУ ректоры болған тұста «ҚазҰУ қалашығы» атты айрықша құрылыстың екпінмен жүргендігін айтып өту әділдік болар еді.
Қазір бұл қалашықта 20 мыңға тарта студент, 5 мыңға жуық оқытушы-қызметкердің өмірі өтіп жатыр. Мұны кәдімгідей моноқалалардың халқымен пара-пар деуге болады.
Ал шежіреге көз салсақ, осыдан 80 жыл бұрын университетті құруға атсалысқан оқытушы-профессорлар құрамы тым аз еді. Бастапқыда физика-математика және биология факультеттеріне 54 студент қабылданған екен.
Қалай десек те, қадірін білген студентке ҚазҰУ қалашығы – тәңірдің берген тартуы. Мәселен, жуырда ғана пайдалануға берілген «Керемет» атты студенттерге қызмет көрсету орталығы мен жаңадан салынған әл-Фараби атындағы алып кітапхана – біз көрмеген игіліктердің қатарында. Ақиқатын айту керек қой, бұл кітапхана оңтүстік астанадағы ҚР Ұлттық кітапханасынан да еңселі әрі бұл нысандар – ҚазҰУ-ді интеллектуалдық қалаға айналдырған студенттік өмірдің жаңа стандарттары да!
Қазір бүкіл ТМД кеңістігінде «Керемет» сияқты студенттерге қызмет көрсететін, аумағы 7300 шаршы метрді алып жатқан орталық біреу ғана. Бұл кешенде университеттің оқу үдерістерін мүлтіксіз қадағалайтын тіркеу-кеңсесінен бастап, бухгалтерия, төлқұжат беру кеңсесі, тәжірибеден өту, жұмысқа орналасуға қатысты кез келген жедел ақпарат алуға мүмкіндіктер жасалған. Медициналық диагностикалық бөлімше заманауи технологиялармен жабдықталған.
Айтып отырмыз ғой, студентке ғана емес, мұнда адам жанына керектің, осы замандағы қызметтің барлық түрі табылады. Қалашықтан қарыс қадым да шықпай-ақ, бүкіл шаруаңды тындыруға болады.
Ардагерлер – ақыл-ой қазынасы
«Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» дейтін ақын Расул Ғамзатовша айтқанда, өткенге тағзым етіп, оны келешекке үлгі етіп отыру да жастарға өнеге.
Университет өз атына жарасар тірліктер аясында «Қариялар – алтын қазына» атты мерекелік күнді ұйымдастырып, алдымен осы университетке ғұмырларын сарп еткен ақсақалдарының ақ батасын алып, университет ректоры, академик Ғалым Мұтанов ұстаздар қауымын «ҚазҰУ-ге 80 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттап, естелік сыйлықтар табыстаған болатын.
Мұны бөле-жарып айтып отырғанымыз, қазір ел өмірінің барлық саласындағы белгілі тұлғалар мен елжанды азаматтар осы ардагер-ұстаздардан дәріс алған шәкірттер. Осындай мерейлі күнге жетіп, марапатталған ұстаздар қатарында: Сұлтан Сартаев, Тұрсынбек Кәкішев, Мая Шығаева, Әбілфайыз Ыдырысов, Зұлхайыр Мансұров, Ажар Жұбанова, Кеңесбай Қожахметов, Виктор Ли, Үмбетбай Уайдин, Төреғали Қаратаев, Өтеғали Шеденов, Мануар Тапатаева, Хабибулла Оспанов, Сұлтан Нысанбаев, Роза Утешева, Жасұлан Садықов, Иса Байтулин, Бегәлі Айтқожа, Күләш Дәуітбаева, Сағымбай Қозыбаев, Тамара Максимова, Шота Уәлихан, Сәкен Қанағатұлы, Любовь Сухова сынды аяулы жандар бар. Бұлардың әрқайсысы өз алдына бір-бір жеке мектеп.
Майдан үшін мейірбикелер, дәрігерлер, радист-операторлар, рентгенологтар, аудармашылар даярлады
Қарап отырсақ, университет тарихында уақыттың да іздері жатыр. Мәселен, Ұлы Отан соғысы жылдарында университет қысқартылған бағдарламаларға көшіп, ең алдымен майдан үшін мамандар дайындауға тура келгенін бүгінде көбіміз біле бермейтініміз рас.
Ұлы Отан соғысы жылдары ҚазМУ-ге Ресей, Украина, Белоруссияның үздік ғылыми-зерттеу институттары және зертханалары орналастырылып, айтулы оқымыстылар шоғырланған. Нәтижесінде университеттің ғылыми көкжиегі кеңейе түседі. Мәселен, химия факультетінде көптеген техникалық мекеме мен әскери бөлімшелердің кеңес беру орталығы, әскери химияның ғылыми мектебі ашылады. Соғыстан соң факультеттердің саны көбейіп, аспирантураға қабылдау қатары өсе түсті. Жаңа оқу ғимараттары салынды, биостанция, биологиялық мұражай құрылды.
Тәуелсіздік бедерінде, 1991 жылдан бастап, университет ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби есімімен аталып, 1993 жылы университет дербес мемлекеттік жоғары оқу орны дәрежесін иеленіп, кейін Елбасының Жарлығымен Қазақстандағы бірінші оқу орнына маңызды ұлттық университет мәртебесі берілді. Кадрларды дайындауда екі сатылы «бакалавриат – магистратура» жүйесіне ауысып, университет құрамында ҒЗИ жүйесін және технологиялық парк құрудың алғашқы қадамдары жасалды.
Ұлы Хартияға бірінші болып қол қойды
Сол сияқты ҚазҰУ елімізде алғашқы болып 2003 жылдың қыркүйегінде Болонья қаласында (Италия) әлемдік университеттердің Ұлы Хартиясына қол қояды. Сол арқылы Қазақстан жоғары оқу орындары және Орталық Азия елдері арасынан бірінші болып еуропалық білім беру кеңістігіне енді.
Осы кезде ҚазҰУ қалашығының екінші кезектегі құрылысы басталып, жаңа оқу ғимараттары пайдалануға берілді. Осыншама ауқымды тірліктердің іске асуына университетті Ө.Жолдасбековтен кейін басқарған ректорлардың қай-қайсысының да еңбектері зор екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Әлемдік білім беру жүйесінде қабылданған талаптарға жақындай түсу университеттің білім беру бағдарламаларына AQUIN және ASIІN жетекші шетелдік агенттіктерден халықаралық аккредиттерін алуға мүмкіндік берді. Халықаралық деңгейде мойындалудың бір белгісі – қосдипломдық білім беру бағдарламасының іске асуы болды.
Осылайша университет БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бастамасымен құрылған «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған бірден-бір жоғары оқу орнына айналды.
Мұның бәрі қазір ҚазҰУ-ді табысы толымды, бірегей құбылысқа айналдырып отыр. Бір ғана мысал, бүгінгі таңда QS халықаралық агенттігінің ұсынысы бойынша алыс-жақын шетелдердегі ірі жоғары оқу орындары ҚазҰУ-мен алыс-берісті, барыс-келісті дамытуға мүдделі.
Сол сияқты оқытушылар мен студенттердің Нобель сыйлығы лауреаттарымен кездесуі игі дәстүрге айналған.
Осы арада ҚазҰУ студенттері алғаш рет «UNIFORM Project» халықаралық консорциум аясында Токио университетімен бірге бірінші қазақстандық наноспутникті жасауды іске асыруға кіріскенін айта кету керек. Бұл жұмыс өзге де жобалармен бірге ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылады деп күтілуде.
Жұмыс берушілер ҚазҰУ түлектерін бағалайды
Бүгінде ҚазҰУ дипломы бірнеше мамандықтар бойынша әлемдегі беделді университеттер – Лотарингия университеті, Страсбург менеджмент мектебі, Валенсия политехникалық, Ланьчжоу университеті сияқты айтулы білім ордаларының деңгейіне жетті.
Бетке ұстар университетімізбен әлемнің жетекші жоғары оқу орындары әріптес болуға мүдделі болып отырғанда, тек магистранттар мен докторанттар ғана емес, бакалавриаттағы студенттер де барып білім ала алады. Соңғы үш жылда әлемдегі беделді оқу орындарында университеттің 3,5 мың студенті білімін байытуға мүмкіндік алды.
Қазір университетте 30 шақты ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар жұмыс атқарады. Мұнда студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге толық мүмкіндіктері бар. Студенттік бизнес-инкубаторлар қарқынды жұмыс істеуде.
Еуропалық одақ жоғары рангы сарапшылары бағалауынша, ҚазҰУ ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуеті бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында теңдессіз көшбасшы.
Университеттің халықаралық қауымдастық тарапынан ғылыми әлеуетінің мойындалуының тағы бір белгісі ҚазҰУ-де әлемге танымал «Hewlett-Packard», «Cisco», «Konica minolta», «Microsoft», «Intel» компанияларының оқу-ғылыми орталықтары мен зертханаларының ашылуы.
Ең бастысы, университетте білім іздеген жастың білімін тереңдетіп, ғылым іздеген түлектердің жұмыстарын ілкімді ғылыми-зерттеулерге айналдыру үшін барлық үйлестіру, оқыту жұмыстары жолға қойылып келеді.
Гранттық қаржыландырудың 10 пайызы студенттер қолға алған ғылыми жұмыстарды қолдауға бөлінеді, яғни жыл сайын 400 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалады. Мұның бәрі ертең студент диплом алып шыққанда жұмыс іздеп жүрмей, кіші инновациялық кәсіпорын ашып, жұмыс берушіге айналуы үшін жасалуда.
Мынадай бәсекелі заманда жұмыс берушілер тарапынан ҚазҰУ бітіргендердің сұранысқа ие болуы да көп жайды аңғартпай ма?!
ҚазҰУ түлектері бүгінде өндірісте, ғылымда, бизнесте жетекші рөл атқаратынын айтсақ, оның мысалы бірнеше томға жүк болары сөзсіз. Іс тетігін білетін танымал түлектердің көпшілігі бүгінде Түлектер қауымдастығы жұмысына тартылған, университеттің әжетіне жарап, мұқтаждығына болысады.
БҰҰ Жаһандық саммитінде өз секциясын ашқан ТМД елдеріндегі жалғыз университет
Жоғарыда атап өткендей, ҚазҰУ Орталық Азиядағы халықаралық ЖОО-лар қауымдастығы құрамына енген және Қазақстандағы университеттер арасынан БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасына мүше жалғыз университет болғандықтан, оған осы бағдарлама аясында тұрақты даму бойынша БҰҰ хабын басқару сенімі жүктелген.
Сол сияқты университетте әлеуметтік мәселелерді шешуге де үлкен маңыз беріледі. Соңғы екі жылда жаңа 270 жұмыс орны ашылған. Университеттің 127 қызметкері мен оқытушылары Алматыдағы «Ақкент» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтер кілттерін алды. Жыл сайын талантты студенттерді қолдауға 30 миллион теңгеден жоғары көлемде атаулы демеушілік шәкіртақы беріледі.
Кураторлар институты даму үстінде, соның аясында студенттік топтарға оқытушылар педагогикалық тәлімгерлік жасайды. ҚазҰУ-де әлемнің үздік университеттерінде кең таралған әрі қолдау тапқан студенттермен клубтық жұмыс формасы да қолға алынып жатыр.
Бетке ұстар университеттің студенттері спорт жағынан да ақсаған емес. ҚазҰУ үш маусым қатарынан еліміздің жоғары оқу орындары арасында Жазғы Универсиадада жеңімпаз атанды. Университет тарихында бірінші рет спортпен айналысатын 11 студент Лондондағы Олимпия ойындарына қатысса, студент Светлана Подобедова ауыр атлетика бойынша Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды.
Орталық Азияда теңдесі жоқ кітапхана
ҚазҰУ қалашығында соңғы кезде бой көтерген еңселі ғимарат – Орталық Азияда теңдесі жоқ жаңа бес қабатты әл-Фараби ғылыми кітапханасы.
Сәні де мәні де келіскен әл-Фараби кітапханасы мен мұражайын көріп, дизайнына көңіліміз толып, ҚазҰУ-ге әлемнің беделді оқу орындарының үрдісін алып келіп жатқан университет ректорына риза болғанымызды айту парыз.
Кітапхана көлемі 19 мың шаршы метрді алып жатыр, 60, 100, 300 адамдық үш бірдей мәжіліс залы бар. Бірінші қабатында 1000 шаршы метрлік әл-Фараби мұражайы орналасқан, екінші қабатында студенттерге арналған 1700 орындық атшаптырым оқу залы, үшінші қабатында компьютер залдары орын тепкен. Қазірдің өзінде зәулім кітапхананың 2,5 миллион томдық кітап қоры бар көрінеді.
Университет ректоры Ғалым Мұтанов жас ғалымдар мен магистаранттар үшін 500 орындық және шетелдерден дәріс оқуға шақырылатын профессорларға арналып 4500 шаршы метрлік жаңа жатақхана салынып жатқанын жеткізді. Ректор іргетасы қаланып қойған қонақүй тектес жатақханаларда замана игіліктерінің бәрі де болатындығын айтады.
Сол сияқты білім мен демалысты ұштастырып, әлеуметтік мәселелерді ұмыт қалдырмауға ұмтылған ҚазҰУ қолға алған жаңа жобаның бірі – жабық 25 метрлік бассейнін іске қосатын күн де жақындап келеді. Оған қоса университеттің Қырғыз еліндегі Ыстықкөл жағасында 5 қабаттық демалыс орнында бір мезгілде 361 студенті мен оқытушылар демала алады. Биыл әлемдік стандарттық сапаға сай қызмет көрсететін медициналық диагностикалық орталық қолдануға берілмек. Әлемдік тәжірибе негізінде университетті әлемдік деңгейге көтеретін инновациялық және биомедициналық екі ірі кластер жасалуда. Бұған мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қағидасы пайдаланылып, Оңтүстік Кореяның, Гонконг және Сингапурдың жетекші компаниялары тарапынан жарты миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып жатыр.
«Инновациялық технологиялар паркінің» әріптесі
Жаңалыққа бір табан жақын адам Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» атауына ие, қаладан 25 шақырым қашықтықтағы Алатау кентінде Инновациялық технологиялар паркі бар екенін біледі.
Қысқасы, мемлекетіміз үшін маңызды фактор – ғылым мен білімді біріктіру болып тұрғанда, «Алатау» инновациялық технологиялар паркі дамуының үшінші кезеңін 2014 жылдан бастап ҚазҰУ базасында жүзеге асыру шешімі үлкен стратегиялық маңызға ие екендігін айрықша атап өтуіміз қажет.
Оған қоса, университеттің жаңа формациясын жасау мақсатында ҚазҰУ биыл «Аl-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасын іске қосты. Қарап отырсақ, XXI ғасырда университет қалаларының аймақтық жағдайы үздік инфрақұрылымдармен, қаржылық және материалдық ресурстармен ғана анықталмайтындығын көрсетіп отыр. Оған қоса замана талабы заманауи университеттерге жоғары рухани және адамгершілік деңгейді меңгеруді де меңзеуде.
Сонымен, 2020 жылдарға қарай еліміздің кемінде, екі жоғары оқу орны әлемнің үздік топ университеттері рейтингінің қатарына енуі қажет болса, «Al-Farabi university smart city» жобасы ел Президенті алға қойған осы мемлекеттік маңызды тапсырманы жүзеге асырудың методологиялық негізіне айналмақ.
Осы уақытқа дейін әлемнің ең ірі 400 университетімен әріптестік орнатып үлгерген ҚазҰУ жаһандық мәселелер тоғысқан алаңға айналды. Мәселен, мамыр айында университетте Азия аймағы елдері университеттері ректорларының ІІІ форумы өткенін қаперге ала кету керек.
Азия даму банкінің деректеріне қарағанда, республика жоғары оқу орындары жүргізіп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының тең жартысы ҚазҰУ-ге тиесілі. Ал енді, әлемдік жоғары рейтингті ғылыми журналдарда жарық көрген Қазақстан ғалымдары мақалаларының жалпы санының төрттен бірі – ҚазҰУ ұстаздарының үлесінде. Бұл деректерді де әрі қарай сандармен, нақты мысалдармен дәйектей беруге болады.
Ең бастысы, университет өзінің даму даңғылына түсті, ұлттық білім брендіне айналып, басқа жоғары оқу орындарына тағылым бола алатын ілкімді істерімен ілгерілеуге көшті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.