14 Маусым, 2014

«Күршім» паромы күллі ауданның жүгімен жүзеді

1299 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Sequence 01.Still003 Алтай бауырындағы ауданның халқы үшін күрмеуі қиын мәселе болған өткел мәселесі бүгінде толық шешімін тапты. «Күршім» паромы өңір тұрғындарының  ғана емес, ауданға асыққан қонақтардың да көңілінен шығып тұр. Дизельді паром былтыр толығымен күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілген еді. Биыл 6 сәуірде, айдындағы мұздың көбесі сөгіле бере маусымдық тасымал қызметін қайта жалғастырды. «Күршім» дизельді электроходының ерекшелігі де осында – Алтайда алты айға созылатын қыс аяғын күтпей, қалыңдығы 30 сантиметр­ге дейін жететін мұзды еркін бұзып жарады. Бір тасымалының өзінде 70-ке жуық автокөлікті алып өтуге қабілетті. 200 тоннаға дейін жүк көтереді. Ертістің ақ айдынына көрік берген еліміздегі бірегей паромның қызметі өңір экономикасы үшін өте маңызды. Күршімдіктер ертеден паром қызметіне жүгінуге мәжбүр. Арғы жағалау мен бергі жағалауды жалғап тұрған паром 1964 жылы Ресейдің Түмен қаласында жасалған екен. 1968 жылы ол Солтүстік Мұзды мұхитты жағалай жүзіп, Ертіспен өрлеп, Бұқ­тырма су қоймасындағы өт­келді қамтамасыз ету мақсатында Шығыс өңіріне жеткізілген. Содан бері бұл пароммен кәрі де, жас та, бәрі-бәрі әрі-бері қан­шама рет қатынады десеңізші! Есебін ешкім дөп басып айта ал­майды. Бізге аяны – жарты ғасыр қатынас құралы болды. Алай­да, кез келген дүние тозады. «Енисей» есімін еншілеп, ен өзен­ді еркін жүзген паромның да соңғы жылдары «ыңқыл-сың­қылы» көбейді. Бұрандасын іл­далдалап түзеп қойып жүре беретін құрлықтың көлігі емес, бір ауылды көшіріп әкетуге қауқарлы кеменің қауіпсіздігін ойламаса болмайды. Сын сағатта 55 жыл жөндеу көрмеген паром өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың шешімімен мемлекеттік меншікке қайтарылып, Бұқтырма су қоймасынан Зырян ауданының Пер­вомай елді мекеніне жөн­деуге жіберілді. Кеменің су мүжіген сауыры мен табанын инженерлер мен техниктер, сүңгуірлер әб­ден тексеріп, толық жөндеуден өт­кізді. Корпустық жұмыстар жүр­гізіліп, электр қозғалтқышы ауыс­тырылды. Паромды жөндеген «Гид­росталь» ЖШС директоры Ана­толий Синицынның айтуынша, жөн­деу жұмыстары бір жылға созылды. Бұл уақытта толассыз жү­ре­тін халықтың күні кішігірім баржаларға қарап қалды. Оның «құшағы» электроходтай кең емес. Сыймай қалған жұрт жағалауда орынға таласып, араздасып-ақ қалатын ыңғайсыз жағдай туа бастаған. Міне, күрмеулі мәселенің түйінін тарқатқан паромның пайдалануға берілу сәтінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев: «Күршім өңірінің тұрғындары үшін паромның қаншалықты өзекті екенін бі­лемін. Сондықтан осы проб­ле­маның оң шешім табуына барын­ша күш салдық. Су көлігі сіз­дер­дің игіліктеріңізге қызмет ететін болады», – деп қуантқаны есімізде. Паромды жөндеуге облыс бюджетінен 117 миллион теңге бөлінсе, Сауд Арабиясы 80 миллион теңге көлемінде қаржылай демеушілік көрсетті. Қазіргі кезде кемеде жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Ана мен бала бөлмесі, демалыс мүйістері, газет-журнал оқуға арналған орындар, қоғамдық асхана жұмыс істейді. Қол жуатын ыстық және суық су да ағып тұр. Команда мүшелерінің тынығуына арналған жатын бөлме де қарастырылған. Паром таңғы сағат 6.00-ден кешкі 22.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Іңір қараңғысында да тоқтамайтын кемеде 30 адам екі ауысым бойынша жұмыспен қамтылған. Күршім ауданының әкімі Алтайбек Сейітовпен әңгі­мелес­кенімізде, өткен жылы тамыз айынан бастап қызмет көрсете бастаған паромның қыс түсе мұздың қалыңдығы 1,5 метр болып қатқанға дейін дамылдамағанын жеткізді. Сөз етіп отырған кеме қызметінде ауыл шаруашылығы тау­арларын өндіруші кәсіпкерлердің өнімдерін тасымалдауға 50 пайыз жеңілдік берілген екен. Соғыс ардагерлеріне  қамқорлық бар. Он жылдан астам уақыт бойы Қызылту өткелінің меңгерушісі болып еңбек етіп келе жатқан Бақытбек Нұрпейісов паромның іске қосылуымен бірге халыққа да қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді. Оның айтуынша, алты ша­қырым қашықтықтағы қос жаға­лауға күніне 16 мәрте барып-қай­татын пароммен орта есеппен ал­ған­да 150-ден астам көлік өтеді екен. – Сағат сайын жүріп тұрған­дық­тан ешқандай абыр-сабыр тірлік  жоқ. Бұл жердің желі, табиғаты қатаң. Сондықтан «Күршім» паромы кішігірім баржаларға қарағанда сенімді әрі қауіпсіз. Алты балдық толқынға шыдас береді. Жаз айларында паром арқылы өтетін жұрт та көбейеді. Әсіресе, демалысқа шыққан оқушылар көп қатынайды, – дейді Бақытбек Нұрпейісов. Паром капитаны Валерий Семенович өзінің алғашқы рейсін осы кемеде 1977 жылы 1 сәуірде бастаған екен. Бір кездері «Енисей» деп аталған паромда бүкіл өмірін өткізіп келе жатқан Валерий қазіргі «Күршімнің» техникалық жағдайының жақсы екенін жеткізді. Су астындағы бөлігінің 900 шаршы метріне күрделі жөндеу жүргізілген паром дауылда да, қалың мұзда да толығымен сынақтан өтіпті. Бүгінде Зырян ауданындағы ­зауытта «Ертіс» атты дәл осындай екінші паром күрделі жөндеу­ден өткізілуде. Оған облыс қазы­насынан қажетті қаржы бөлінді. Сәтін салса, екінші паромның да айдынға шығар күні жақын. Яғни, қос паром екі жағада тұрып, халық­тың кідіруіне жол бермейтін болады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.