Қазақстан халқы Ассамблеясы ТМД-ға қатысушы елдердің мемлекетаралық гуманитарлық әріптестік қорының (МГӘҚ) қолдауымен 2010 жылы 27-30 мамыр аралығында саяси қуғын-сүргін және халықтарды жер аудару құрбандарын еске алуға арналған “Тарихтан тағылым – өткенге тағзым” тақырыбында халықаралық жобаны жүзеге асыруда.
“Адамның басы – Алланың добы” дейді, ал бір ғана пенде емес, тұтастай халықтың тағдыры допқа айналған заманның беті әрі. Халқымыз сол зұлматта асыл перзенттерінен айрылғаны аздай, кең байтақ даласында зорлықтың күшімен, көздің жасымен, бүлінген тағдырлармен лагерьлер салынған аймаққа айналды. Өзі жарымай отырған жаны жаралы халық суықта жалаңаш бұтаны ық көрген, туған жерінен айрылып, торғайдай тозған талай жұрттың, жел қуған қаңбақтай зардап шеккен сан ұлттың өкілдеріне пана болды. Сол жылдардың ауыр салмағын көтерген тарихты көз алдыңнан өткізіп, тағылымын танудың бүгінгі буын үшін маңызы зор.
Сол себептен де осы шараға қуғын-сүргінге ұшыраған және Қазақстанға жер аударылған азаматтардың ұрпақтары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ТМД-ға қатысушы елдердің мемлекетаралық гуманитарлық әріптестік қорының басшылығы мен мүшелері, академиялық тарихи ғылыммен айналысатын 300-ден аса отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекеттік органдардың, шетел елшіліктерінің, шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, азаматтық қоғам институттары, музей және мұрағат қызметкерлері қатысуда.
Шараның екінші күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде “Тарихтан – қазіргі заманға” тақырыбындағы Достастық елдері тарихшыларының бірінші форумы – халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясынан басталды.
Форумның пленарлық отырысын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов пен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, з.ғ.д., профессор Бақытжан Әбдірайымов жүргізді.
Конференцияның пленарлық отырысы барысында ҚР БҒМ “Мемлекет тарихы институты” ММ директоры Бүркітбай Аяған, Ішкі Азия және Орал ұлттық ресурс орталығының директоры, профессор Уильям Фиерман, М.Синан атындағы Ыстамбұл университетінің профессоры Абдулуахап Қара, Т.Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінің профессоры В.И. Сергийчук (Украина), сонымен қатар, отандық және шетелдік ғылыми қауымдастықтың белді өкілдері, Қазақстанға жер аударылған азаматтардың ұрпақтары сөз сөйледі.
Жалпы, конференция оған қатысушы ғалымдар қарасының молдығымен де, жағырапиялық жағынан қамтылуымен де өз тынысын аша түсті. Мәселен, РҒА Тіл білімі институты орал-алтай тілдер бөлімінің меңгерушісі, РҒА корреспондент-мүшесі, ф. ғ. д., профессор Анна Дыбо, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті көне тілдер кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Олег Мудрак, И.Н.Ульянов атындағы Чуваш мемлекеттік университетінің профессоры Николай Егоров, Қазан мемлекеттік университеті татар әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., академик Хатип Миннегулов, ТР ҒА Г.Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтынан профессор Мирфатых Закиев, Башқұртстан мемлекеттік университеті тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Роза Буканова, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Айнұр Арзыматова, Баку мемлекеттік университетінің профессоры, т.ғ.д Эльдар Исмаилов, Шыңжаң әдебиет және көркемөнер бірлестігінің төрағасы, профессор Шәміс Құмарұлы және өзге де ғалымдар арнайы келіп, тұщымды ойларымен, дәйек пен дерекке құрылған тұжырымдарымен бөлісті.
Конференция барысында ғалымдар посткеңестік кеңістіктегі қазіргі тарихты зерттеудегі өзекті әдістемелік мәселелерді, ТМД елдері тарих мектептерінің өзара іс-қимылдары мен осы ғылымның болашағы жайын талқылады. Достастық елдерінің жетекші тарихшы ғалымдары тарихты бұрмалау әрекеттеріне қарсы іс-қимыл турасында, қоғамды демократияландыру үдерісі жағдайында елдің тоталитарлық өткенін сындарлы түрде ой елегінен өткізу және еңсеру, мемлекеттің ұлттық бірегейлігін қалыптастыру мәселелері хақында пікір алмасты. Сондай-ақ “1930-1950 жж. халықтардың Қазақстанға жер аударылуы: тарих ортақтығы” тақырыбындағы халықаралық әлеуметтік жобаның, сондай-ақ Қарағанды “Болашақ” университетінің ғалымдары әзірлеген “КарЛАГ” ғылыми жобасының тұсаукесері өткізілді.
Пленарлық отырыстан кейінгі 5 секция жұмысында жасалған баяндамалар мазмұнының тереңдігімен, жан-жақтылығымен есте қалды. “Ортақ тарихи кеңістікте. ТМД елдері ғылыми мектептері аясындағы тарихи білім берудің теориялық-әдістемелік мәселелері”, “Тарих ортақтығы ғылыми зерттеулер призмасы арқылы”, “Қазақстанға мәжбүрлі қоныс аудару: тарихи жады”, “Жер аудару тарихы: әртүрлі халықтар тағдыры”, сондай-ақ музей қызметкерлеріне арналған “Ғаламдық нысандағы музей: үдерістер мен басымдықтар” тақырыптарында жүргізілген семинар-тренингтің қатысушыларға берері мол болғанын айта кеткен абзал. Соңынан семинарға қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
ЖАРАЛЫ ЖҮРЕКТЕРДЕН ЖАЗЫЛҒАН СЫРЛАР
“Халықтың өткен тарихын зерделеудің зәрулігі – түсіндіріп жатуды қажет етпейтін құбылыс”, деп жазыпты “Нәубет жылдардың жазылмас жарасы” атты кеңес тұсында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Қарағанды лагерьлерінде жазықсыз жапа шеккен жандар мен олардың туыстарының естеліктерін жинақтап, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде үш том етіп бастырып шығарған Қарағанды “Болашақ” университетінің ректоры, кітап идеясының авторы, оның редакциясын басқарушы заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков.
Университет шын мәнінде үлкен іс тындырған. Кітаптар қалың-ақ. Ішіндегі мұң-зар мен нала, қалың қайғы оны одан сайын қалыңдатып, кітап салмағын одан сайын ауырлата түседі. Ішіндегі Алаштың аяулы перзенттерінің сүйген жарларының, апа-қарындастарының нақақтан төгілген көз жастары, келешек ұрпаққа сендерді нәубеттен сақтасын, біз азапты көріп, оның ащы запыран дәмін татудай таттық, бұл естеліктер бір жағынан сол кермек жас жұтқан жылдарымыздың өтеуі, бір жағынан келер заманға тастап кеткен тарихи сабағымыз деп тұрғандай.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында 58-ші баппен тұтқындалған “халық жауларының” ішінде қаншама дарын лагерь быламығын қорек етіп, жастық жалынын, бойындағы Жаратушы ие берген өнерлерін нәубеттің құрбанына еріксіз шалса, “Қапастағылар қаламынан” атты үлкен альбомда осындай суретшілердің шығармашылық жұмыстары жинақталыпты.
Кітаптардың Ресей Федерациясының “Мемориал” халықаралық тарихи-ағартушылық, құқық қорғау және қайырымдылық қоғамымен бірлесе жарық көріп отырғанын да айта кеткен ләзім.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.