29 Мамыр, 2010

ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ – ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ

1461 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақстан халқы Ассамблеясы ТМД-ға қатысушы елдердің мемлекетаралық гуманитарлық әріптестік қорының (МГӘҚ) қолдауымен 2010 жылы 27-30 мамыр аралығында саяси қуғын-сүргін және халықтарды жер аудару құрбандарын еске алуға арналған “Тарихтан тағылым – өткенге тағзым” тақырыбында халықаралық жобаны жүзеге асыруда. “Адамның басы – Алланың добы” дейді, ал бір ғана пенде емес, тұтастай халықтың тағдыры допқа айналған заманның беті әрі. Халқымыз сол зұлматта асыл перзенттерінен айрылғаны аздай, кең байтақ даласында зорлықтың күшімен, көздің жасымен, бүлін­ген тағдырлармен лагерьлер са­лын­ған аймаққа айналды. Өзі жа­рымай отырған жаны жаралы ха­лық суық­та жалаңаш бұтаны ық көр­ген, туған жерінен айрылып, тор­ғайдай тозған талай жұрттың, жел қуған қаңбақтай зардап шек­кен сан ұлттың өкілдеріне пана болды. Сол жылдардың ауыр сал­мағын көтер­ген тарихты көз ал­дың­нан өткізіп, тағылымын тану­дың бүгінгі буын үшін маңызы зор. Сол себептен де осы шараға қу­­ғын-сүргінге ұшыраған және Қа­­зақстанға жер аударылған аза­мат­­тардың ұрпақтары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ТМД-ға қатысушы елдердің мемлекетаралық гуманитарлық әріптестік қорының басшылығы мен мүшелері, академиялық тарихи ғылыммен айналысатын 300-ден аса отандық және шетел­дік ға­лым­дар, мемлекеттік орган­дардың, шетел елшіліктерінің, шығармашы­лық зиялы қауымның өкілдері, аза­маттық қоғам инсти­туттары, музей және мұрағат қызметкерлері қатысуда. Шараның екінші күні Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлттық университетінде “Тарихтан – қа­зіргі заманға” тақырыбындағы Дос­­тастық елдері тарихшылары­ның бірінші форумы – халық­ара­лық ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­циясынан басталды. Форумның пленарлық отыры­сын Қазақстан халқы Ассам­блея­сы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов пен Л.Н.Гумилев атын­да­ғы ЕҰУ ректоры, з.ғ.д., профес­сор Бақытжан Әбдірайымов жүр­гізді. Конференцияның пленарлық отырысы барысында ҚР БҒМ “Мемлекет тарихы институты” ММ директоры Бүркітбай Аяған, Ішкі Азия және Орал ұлттық ре­сурс орталығының директоры, про­фессор Уильям Фиерман, М.Си­нан атындағы Ыстамбұл уни­­вер­ситетінің профессоры Абду­­луа­хап Қара, Т.Шевченко атындағы Киев ұлттық универ­си­тетінің про­фессоры В.И. Сер­гийчук (Украи­на), сонымен қатар, отандық және шетелдік ғылыми қауымдастықтың белді өкілдері, Қазақстанға жер аударылған аза­маттардың ұрпақ­тары сөз сөйледі. Жалпы, конференция оған қатысушы ғалымдар қарасының молдығымен де, жағырапиялық жа­­ғы­нан қамтылуымен де өз ты­нысын аша түсті. Мәселен, РҒА Тіл білімі институты орал-алтай тілдер бөлімінің меңгерушісі, РҒА корреспондент-мүшесі, ф. ғ. д., про­фессор Анна Дыбо, Ресей мем­­лекеттік гуманитарлық уни­вер­си­теті көне тілдер кафедрасы­ның меңгерушісі, т.ғ.д., про­фес­сор Олег Мудрак, И.Н.Ульянов атындағы Чуваш мемлекеттік уни­версите­ті­нің профессоры Николай Егоров, Қа­зан мемлекеттік уни­верситеті та­тар әдебиеті кафедра­сының мең­герушісі, ф.ғ.д., академик Хатип Миннегулов, ТР ҒА Г.Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтынан профессор Мирфа­тых Закиев, Башқұртстан мем­ле­кет­тік универ­ситеті тарихнама және деректану кафедрасының мең­герушісі, т.ғ.д., профессор Роза Буканова, Ж.Ба­ла­сағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің кафедра мең­герушісі, т.ғ.д., про­фессор Айнұр Арзыматова, Баку мемлекеттік университетінің про­фессоры, т.ғ.д Эльдар Исмаилов, Шыңжаң әдебиет және көркемөнер бірлестігінің төрағасы, про­фессор Шәміс Құмарұлы және өзге де ғалымдар арнайы келіп, тұщымды ойларымен, дәйек пен дерекке құрылған тұжы­рым­дарымен бөлісті. Конференция барысында ға­лым­дар посткеңестік кеңістіктегі қазіргі тарихты зерттеудегі өзекті әдістемелік мәселелерді, ТМД ел­дері тарих мектептерінің өзара іс-қимылдары мен осы ғылымның болашағы жайын талқылады. Дос­тастық елдерінің жетекші тарих­шы ғалымдары тарихты бұрмалау әре­кеттеріне қарсы іс-қимыл тура­сында, қоғамды демократия­лан­дыру үдерісі жағдайында елдің тота­литарлық өткенін сындарлы түрде ой елегінен өткізу және ең­серу, мемлекеттің ұлттық бірегей­лігін қалыптастыру мәселелері хақында пікір алмасты. Сондай-ақ “1930-1950 жж. халықтардың Қазақ­­станға жер аударылуы: тарих ортақтығы” тақырыбындағы ха­лықаралық әлеуметтік жобаның, сондай-ақ Қарағанды “Болашақ” университетінің ғалымдары әзір­леген “КарЛАГ” ғылыми жобасы­ның тұсаукесері өткізілді. Пленарлық отырыстан кейінгі 5 секция жұмысында жасалған баяндамалар мазмұнының терең­дігі­мен, жан-жақтылығымен есте қалды. “Ортақ тарихи кеңістікте. ТМД елдері ғылыми мектептері аясындағы тарихи білім берудің теориялық-әдістемелік мәселе­лері”, “Тарих ортақтығы ғылыми зерттеулер призмасы арқылы”, “Қазақстанға мәжбүрлі қоныс аудару: тарихи жады”, “Жер ауда­ру тарихы: әртүрлі халықтар тағ­ды­ры”, сондай-ақ музей қызмет­кер­ле­ріне арналған “Ғаламдық ны­сандағы музей: үдерістер мен ба­сымдықтар” тақырыптарында жүргізілген семинар-тренингтің қатысушыларға берері мол бол­ға­нын айта кеткен абзал. Соңынан семинарға қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. ЖАРАЛЫ ЖҮРЕКТЕРДЕН ЖАЗЫЛҒАН СЫРЛАР “Халықтың өткен тарихын зерделеудің зәрулігі – түсіндіріп жатуды қажет етпейтін құбылыс”, деп жазыпты “Нәубет жылдардың жазылмас жарасы” атты кеңес тұсында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Қарағанды лагерьлерінде жазықсыз жапа шеккен жандар мен олардың туыстарының есте­лік­терін жинақтап, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде үш том етіп бастырып шығарған Қараған­ды “Болашақ” университетінің ректоры, кітап идеясының авторы, оның редакциясын басқарушы заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков. Университет шын мәнінде үлкен іс тындырған. Кітаптар қа­лың-ақ. Ішіндегі мұң-зар мен нала, қалың қайғы оны одан сай­ын қалыңдатып, кітап салмағын одан сайын ауырлата түседі. Ішін­дегі Алаштың аяулы перзент­тері­нің сүйген жарларының, апа-қа­рындастарының нақақтан төгілген көз жастары, келешек ұрпаққа сендерді нәубеттен сақтасын, біз азапты көріп, оның ащы запыран дәмін татудай таттық, бұл есте­лік­тер бір жағынан сол кермек жас жұтқан жылдарымыздың өтеуі, бір жағынан келер заманға тастап кет­кен тарихи сабағымыз деп тұр­ғандай. Өткен ғасырдың 30-шы жыл­дарында 58-ші баппен тұтқындал­ған “халық жауларының” ішінде қаншама дарын лагерь быламы­ғын қорек етіп, жастық жалынын, бойындағы Жаратушы ие берген өнерлерін нәубеттің құрбанына еріксіз шалса, “Қапастағылар қа­ла­мынан” атты үлкен альбомда осын­дай суретшілердің шығарма­шы­лық жұмыстары жинақта­лыпты. Кітаптардың Ресей Федера­ция­сының “Мемориал” халық­ара­лық тарихи-ағартушылық, құқық қорғау және қайырымдылық қоғамымен бірлесе жарық көріп отырғанын да айта кеткен ләзім. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.