Аймақтар • Бүгін, 08:48

Автобус паркі жаңартылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында жолаушылар тасымалындағы өзекті мәселенің бірі қоғамдық көліктің жай-күйі еді. Тұрғындар автобустардың ескіргені мен қыс айларында салонның суық болатынына жиі шағымданатын. Кейінгі үш жылда облыстағы 240 автобустың 113-і жаңартылды. Бұл жалпы автобус паркінің 47 пайызын құрайды.

Автобус паркі жаңартылды

Өткен жылдың өзінде өңір маршруттарына 36 жаңа автобус шығарылған. Бұл шаралар – жолаушылар тасымалы саласындағы қордаланған проблемаларды жүйелі түрде шешуге бағытталған жұмыстардың бір парасы.

Жоспарлы жаңарту бас­талғанға дейін қоғамдық көлік саласындағы жағдай автобус­тардың тозу деңгейінің жоғары болуына, көлік қолжетімділігі­нің біркелкі еместігіне байла­нысты күрделене түскен. Автобус паркі соңғы рет 2018 жылы жаңартылған, ол Қонаев қала­сында небәрі 11 көлікпен шектелген еді. Бұл қарқынды дамып, аумағы кеңейе түскен өңірдің қажеттілігін толық қамтуға мүм­кіндік бермеді. Әсіресе ішкі ауданаралық бағыттар мен шал­ғай ауылдық елді мекендерде мәселе айқын сезіліп, қоғам­дық көлік көп жағдайда жалғыз қаты­нас құралы болып қала берді.

Мәселенің өзектілігі ескеріліп, 2023 жылдан бастап облыста автобус паркін кезең-кезеңімен жаңарту тетігі қалыптастырылды. Сол жылы тасымалдаушылар өз қаражаты есебінен 33 автобус сатып алса, одан кейінгі жылы 44 автобус жаңартылды. Оның 27-сі жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында алынған. Былтыр тағы 33 автобус жеңілдетілген қаржылық құралдар арқылы сатып алынып, іске қосылды. Бұл тәсіл бірреттік сатып алудан тұрақты жаңғырту моделіне көшуге жол ашты.

Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Алматы облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, биыл тағы 31 автобусты жаңарту жоспарланып отыр. Оның ішінде 11 автобус қаңтар айында сатып алынды.

Биылға арналған жоспарды қалыптастыру кезінде әлеумет­тік жүктемесі жоғары маршрут­тарға, бұрын көлік қолжетімділігі жөнінде күрделі мәселе тіркелген бағыттарға басымдық беріліп отыр. Негізгі мақсат – тозығы жеткен автобус паркінің үлесін біртіндеп азайтып, маршрут­тық желінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.

Автобус паркін жаңғырту арқылы жолаушылар тасымалы саласындағы жүйелі мәселелер шешімін тауып, тұрғындардың қоғамдық көлікпен қатынауына қолайлы жағдай жасалып келеді.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар