Оқиға • 25 Қаңтар, 2023

7 000 тарихи құжат елге жеткізілді

188 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел астанасында Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет, архив, бас­па ісі салаларына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Алқалы жиынға Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, мәдениет саласының қызметкерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

7 000 тарихи құжат елге  жеткізілді

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ең алдымен 2022 жылы атқарылған жұмыстардың қорытын­дысын баяндап, алдағы жоспарларды да атап өтті. Сала басшысының айтуынша, биыл мәдениет саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға баса назар аударылмақ. Еске салсақ, был­тыр ұлттық мәртебесі бар мәдениет ұйым­дары қызметкерлерінің еңбекақысы екі есеге өскен еді. Қазір елімізде осындай бес ұйым бар. Министрлік ұлттық мәртебесі бар нысандардың санын көбей­туді жос­парлап отыр. Сондай-ақ биыл мәдениет саласының мән-маңы­зын арттыру үшін өңірлерде жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады. Мәсе­лен, сала қызметкерлерінің – ЖОО кон­цертмейстерлерінің, үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің, би ансам­бльдері әртістерінің және басқа да өнер адам­дарының еңбекақысы артуы мүмкін. Ол үшін министрлік заңнамалық өзгерістерді қабылдау бойынша жұмыс жүргізу керек.

А.Оралов жас жазушылар мен ақындар үшін де жағымды жаңалықты жеткізді. Осы жылдан бастап тұңғыш рет Президенттің әдеби сыйлығы тапсырылады. Әр аталымның жеңімпазына 4 млн теңге көлемінде сы­йақы берілмек. Министр жас талант­тарды қолдау мақсатында бастау алған игі жобаның заманауи әдебиеттің қа­лып­тасуына мүмкіндік беретінін айтты.

Сонымен қатар мәдениет қызмет­кер­леріне де айрықша көңіл бөлу жоспар­ланған. «Мәдениет қызметкерлерінің шет­елдік әріптестермен танысып, тәжірибе алмасып, жаңа білім алуына арналған халықаралық форум өткізу жоспарланып отыр. Бұл басқосуға аға буын өкілдерінің бас болып атсалысуы аса маңызды. Олардың тәжірибесі мен білімі жастарға үлгі болатыны сөзсіз», деді Асхат Оралов.

Алқа отырысында Премьер-министр­дің орынбасары Алтай Көлгінов Мәде­ниет және спорт министрлігіне бірқатар тапсырма берді. Солардың бірі – монументалды өнер, археология саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту. Оған қоса монументтер жөніндегі комиссияның жұмысын жолға қойып, әкімдіктермен бірлесіп көрнекті тұлғаларға ескерткіштер орнату бойынша бақылауды күшейту керек екенін атап өтті. Сондай-ақ тарихи мұраны қорғау жөніндегі өңірлік инспекциялардың қызметін күшейту, өңірлерде мониторингтік тексеруді ұйымдастыру қажет деді.

Премьер-министрдің орынбасары театр өнерін дамытуға ерекше назар аударды. «Театр өнері қоғамның мәдени дамуында, адамның рухани баюында ай­рықша рөл атқарады. Сондықтан министр­лік азаматтарымыздың, әсіресе жас­тардың театрға баруын арттыру үшін барлық жағдайды жасау қажет», деді Алтай Көлгінов.

Министрлік отандық театрлар мен киностудияларды жаңғырту және қалпына келтіру мақсатындағы жос­парларымен бөлісті. Мәселен, бұл жұмыстар, ең алдымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» кино­студиясында, одан соң қалпына кел­тіру жұмыстары 2026 жылы 100 жылдық мерейтойын атап өтетін М.Әуезов атындағы Ұлттық академиялық қазақ драма театрында да жүргізілмек.

Мәдени ағартудағы бұл өзгерістерден бөлек туризмді дамыту үшін де жағдай жасалады. Атап айтсақ, тұрғындардың жазғы демалыстарын ұйымдастыруға арнал­ған төрт сапар-орталық құрылады. Биыл «Ордабасы», «Сауран», «Сарай­шық» және «Есік» визит-орталықтары­ның құрылысы аяқталмақ. Сапар-орта­лықтар барлық заманауи стандарттарға сай. Сонымен қатар Астанада «Бозоқ» ұлттық паркін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Алматыда Орталық мемлекеттік архив жанынан архив қоймасын салу – алға қойылған маңызды міндет. Орталық мемлекеттік архив қойма­сын кеңейту – тарихи-мәдени мұраның бай қабатын сақтау және оған тың құжаттардың қосылуына жағдай жасау үшін жасалып отыр», деді А.Оралов.

Сондай-ақ кітапхана қорларын толық­тырып, оқырман жинау үшін, жалпы заманауи кітапхана жүйесін қалыптастыру жолында бірқатар іс-шара ұйымдастырылмақ. Былтыр өңір кітапханаларына 506 мың дана кітап таратылды. Биыл бұл бағыттағы жұмыс күшейтіледі. Әсіресе, министрлік оқушылар арасында кітап оқуды насихаттауға ерекше назар аударып отыр.

Өткен жылы аталған ведомствоның жүйелі жұмысының нәтижесінде 7 000 тарихи құжат шетелден елге жеткізілді. Бағалы құжаттарда ұлт тарихындағы түрлі кезеңдегі оқиғалар туралы ақпарат бар, олармен қазір тарихшылар мен ға­лым­дар жұмыс істеп жатыр. Айта кете­йік, құжаттар Германия, Италия сияқты еуропалық мемлекеттерден әкелінді.

Бұдан бөлек былтыр 18 архео­логиялық зерттеу жүргізіліп, еліміздің түрлі өңірлерінде 30 ескерткіш қалпына келтірілген. Оның ішінде Әзірет Сұлтан музей-қорығы, Отырар қаласы, Жаркент мешіті, Ботай кенті, Бөкей ордасы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі, Бекет ата жер­асты мешітінің нысандары бар.

«Министрлік шетелден әкелінген тарихи құжаттардағы ақпаратты ғалым­дардың зерттеулерінен кейін жариялай­ды. Бұл оқушылардың  еліміздің тарихы тура­лы жаңа білім алуына жол ашады. Соны­­мен қатар министрлік сапалы кі­таптар шығаруға да көңіл бөлмек.  Біз елі­міз­дің кітапханаларына сапалы әде­биет­тер жеткізетін боламыз», деді министр.

Алқа отырысы барысында сала өкілдері архив қоймаларының жүктелу мәселесін шешу жолын саралап, 500 мың сақтау бірлігіне 20-ға жуық мемлекеттік архив ғимаратын салу ұсынылды.

Жиын соңында А.Оралов аталған орган Мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасын қабылдайтынын айтты. «Мәдени саясатты дамыту тұжы­ры­м­дамасының жобасында Ұлттық жоба мен Президенттің сайлауалды бағ­дарламасындағы көрсеткіштер интеграцияланып, халықаралық тәжірибеге шолу жасалды және мәдени саясаттың басым бағыттары қамтылды», деді ол.