Жаңа сенаторларға төсбелгілер мен куәліктерді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров табыс етті.
«Осылайша, сіздердің Парламент Сенатының депутаттары ретіндегі өкілеттіктеріңіз ресми түрде басталды. Сіздер заң шығарушы билікті жүзеге асыратын елдің жоғары өкілді органы – Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары атандыңыздар. Осы жылдың 19 наурызына тағайындалған Мәжіліске кезектен тыс сайлау өткізуге байланысты сіздер Парламент Сенатының депутаттары ретінде конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау бойынша бүкіл Парламент үшін заңнамалық функцияларды орындайсыздар», деді ОСК төрағасы.
2023 жылдың 14 қаңтарында өткен сайлау нәтижесінде Сенатқа 20 депутат сайланған еді.
Президенттің 24 қаңтардағы Жарлықтарымен тағы 10 сенатор тағайындалды, оның бесеуі – Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан ұсынылған.