Қазақстан • 26 Қаңтар, 2023

Мәулен Әшімбаев Сенат Төрағасы болып қайта сайланды

262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының отырысында Сенат Төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевты ұсынды. Депутаттар ұсынылған кандидатураны бірауыздан қолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев Сенат Төрағасы болып қайта сайланды

Сурет: senate.parlam.kz

Сенат Төрағасы өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып, артылған сенімді ақтауға тырысатынын жеткізді. 

«Құрметті әріптестер, кездесуімізге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Конституцияға сәйкес, ол мені Палата спикері қызметіне ұсынды және сол арқылы маған үлкен сенім білдірді. Мен үшін бұл - үлкен жауапкершілік. Сіздер мемлекет басшысының ұсынысын қолдадыңыздар. Бұл үшін көп рақмет. Мемлекет басшысы мен халықтың сенімін ақтауға бар күшімді саламын», деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев 1971 жылы 28 қаңтарда Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Тафтс университетін, Флетчердің құқық және дипломатия мектебін (АҚШ) бітірген. Экономист – саяси экономия пәнінің оқытушысы, халықаралық қатынастар магистрі. Саясаттану ғылымдарының кандидаты.
Еңбек өтілі:
  • 1993-1994 жылдары Баспасөз және БАҚ министрлігі жүйесінде жұмыс істеді.
  • 1994 жылғы мамырдан 1995 жылғы наурызға дейін ҚР Жоғарғы Кеңесі депутатының көмекшісі.
  • 1995 жылғы маусымнан қарашаға дейін - ҚР Қауіпсіздік Кеңесі кеңсесінің консультанты.
  • 1995 жылғы қарашадан 1999 жылғы сәуірге дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы бөлімінің аға сарапшысы, сектор меңгерушісі, бірінші орынбасары.
  • 1999 жылғы сәуірден 2000 жылғы мамырға дейін ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығының басшысы.
  • 2000 жылғы мамырдан 2002 жылғы ақпанға дейін ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығының басшысы - ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
  • 2002 жылғы ақпаннан 2005 жылғы мамырға дейін ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
  • 2005 жылғы мамырдан 2006 жылғы сәуірге дейін ҚР Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары.
  • 2006 жылғы сәуірден 2011 жылғы қазанға дейін ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары.
  • 2012 жылғы қаңтардан 2018 жылғы ақпанға дейін бесінші және алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
  • 2018 жылдың ақпанынан 2019 жылдың маусымына дейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
  • 2019 жылғы шілдеден желтоқсанға дейін ҚР Президентінің көмекшісі.
  • 2019 жылғы желтоқсаннан 2020 жылғы мамырға дейін ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.
  • 2020 жылғы мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды, алтыншы сайланған ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.