Қоғам • 26 Қаңтар, 2023

Қазақ баспасөзі мемлекет қолдауына зәру - Досымбек Өтеғалиев

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін елордада өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының екікүндік форумы өтіп жатыр. Форумда сөз сөйлеген «ЗАҢ» медиа-корпорациясының директоры Досымбек Өтеғалиев еліміздегі БАҚ-ты дамыту бойынша өз пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақ баспасөзі мемлекет қолдауына зәру - Досымбек Өтеғалиев

«Қазақ баспасөзі мемлекеттің қолдауына зәру екендігі кешеден бері айтылып жатыр. Өйткені елдігімізді сақтап қалатын, сапалы, бойында ұлттық рухы бар, қазақ әдебиеті мен мәдениетінен хабары бар ұрпақ қалсын десек қазақ журналистикасына оң көзбен қарау қажет. Себебі ұлттың, жердің, елдің, тіл мен ділдің мәселесін тек қазақ баспасөзі, қазақ журналистикасы қозғап келеді», деді Д.Өтеғалиев.

Оның айтуынша, қазақ журналистикасында түрлі салаларға бейімделген журналистер жоқтың қасы. Ал өңірдегі редакциялар мүлдем маман таппай, қиналып отыр. Қазақ тілді журналистер арасында экономиканың жілігін шағып, тарихтың қойнауын ақтарып, заңның бабына бойлап беретіндер аз.

«Біз осыған дейін журналистика әмбебап мамандық деген ұғымды ұстанып келдік. Журналистика міндеті – «хабар тарату» деген түсінік бүгінде мерзімді баспасөзде жүрмейді. Бүгінгі баспасөз салмақты, салиқалы сараптамаға негізделуі тиіс. Ал, мұндай сараптаманы саланы жетік меңгерген маман ғана жасай алады. Бір салаға бейімделген журналистерден ұтарымыз көп. Бұл жолға қойылса аудиторияға сапалы ақпарат ұсынатын журналистер қатары пайда болар еді», деді «ЗАҢ» медиа-корпорациясының директоры.

Досымбек Өтеғалиевтің айтуынша, журналистика факультеті, бірінші кезекте, сала бойынша білім беруге ден қою керек. Төрт жыл бойы журналистика тарихын ғана оқытып қана қоймай, екінші курстан соң шәкірттердің қызығушылығын арттырып, икеміне қарай бейімдеп, өзге факультеттермен тығыз байланыста білім беру қарастырылуы қажет. 

«Біз мерзімді баспасөз - жаңалық беруден жар салмаймыз. Сондықтан әр мамандықтан хабары бар сапалы журналистердің сараптамасына бәс тігіуміз қажет жеп ойлаймын. Өйткені бір саланы жетік меңгерген маман бүгінгі БАҚ-тың бағы болары анық», деп қорытындылады сөзін Досымбек Өтеғалиев.