Жайық бойындағы көне шаһарда осынау түбі бір туысқан ұлттардың достық байланыс іздері сайрап жатыр. Талай ғасырдан бері мәдениеті мен дәстүрі бір-біріне етене жақын екі ұлттың музыка саласындағы ортақ байланысын зерттеп, насихаттап жүрген жанның бірі – Светлана Тенишева. Татар халқының әйгілі композиторы Назиб Ғаязұлының шығармашылығын дәріптеп, жыл сайын түрлі шара өткізетін Светлана Владимирқызы биыл бұл тақырыпқа ерекше қырынан келіпті. Яғни Қапан Мусин мен Назиб Жигановтың классикалық туындыларын қатар ұсынып, ағайынды аралас-құраластықты өнермен өріп жіберді.
– Ұлттар арасындағы достық олардың бір-біріне деген шынайы да терең құрметінен туады ғой. Бұл орайда олардың дәстүрі мен мәдениетін біліп, терең тану өте маңызды. Соның ішінде саз әлемінің тұңғиығына бойлап, әсемдігін жан-тәніңмен сезінудің орны бөлек. Көпшілік мойындаған шедевр шығармалар ұлттық классикаға айналады. Қазақ және татар музыкасының білгірі Қапан Мусин мен Назиб Жигановтың шығармашылығы осындай құрметке әбден лайық, – дейді «Назиб Жигановтың халықаралық шоқжұлдызы» атты жеке қордың құрылтайшысы Светлана Тенишева.
Көп жылдан бері татар классигінің шығармашылығын зерттеп, кеңінен насихаттап жүрген өнертанушы Назиб Жиганов пен Қапан Мусиннің өмірі мен шығармашылығында ұқсастық өте көп екенін байқапты.
Назиб Ғаязұлы 1911 жылғы 15 қаңтарда Орал қаласында дүниеге келсе, Қапан Әубәкірұлы 1921 жылғы 1 қаңтарда Орал облысы, Жәнібек ауданындағы Ақоба ауылында туған.
Н.Жиганов 1916 жылы 5 жасында тұл жетім қалып, Орал қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, тегі мен туған жылы өзгертілген. Ал 1930 жылы 8 жасында әкесіз қалған Қ.Мусин 12 жасынан Алматы қаласындағы алыс туыстарының қолында тәрбиеленіп, туған жылы өзгертілген.
Н.Жиганов 1929-1931 жылдары Қазан қаласындағы Шығыс музыкалық техникумы фортепиано және виолончель сыныбының студенті атанса, Қ.Мусин 1934-1939 жылдары Алматыдағы музыкалық драмалық техникумында скрипка сыныбының студенті болған.
1931-1935 жылдары Мәскеу консерваториясының жанындағы музыкалық техникумының студенті Н.Жиганов профессор Г.Литинскийдің композициялық сыныбында оқыса, Қ.Мусин 1939-1941 жылдары Мәскеу мемлекеттік консерваториясының жанындағы қазақ студиясында профессор Е.Голубевтен тәлім алыпты.
Н.Жиганов 1930 жылы тұңғыш рет фортепианоға арналған камералық-аспаптық «Прелюдиясын» жазса, Қ.Мусин 1943 жылы скрипка мен фортепианоға арналған алғашқы «Прелюдиясын» шығарған.
1937 жылы татар композиторы алғашқы симфониясын, ал қазақ композиторы 1960 жылы тұңғыш симфониясын жазыпты.
Н.Жиганов 1935-1938 жылдар аралығында Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын профессор Г.Литинскийдің сыныбында бітірсе, Қ.Мусин Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын профессор Е.Брусиловскийдің сыныбында аяқтаған.
1938 жылы Н.Жиганов Емельян Пугачев көтерілісі туралы «Качнын» атты тұңғыш татар операсын жазып шықса, Қ.Мусин 1967 жылы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық»трилогиясының желісімен «Таңшолпан» деген қазақ операсын жарыққа шығарды.
Н.Жиганов 1944-1988 жылдары КСРО және ТАССР композиторлар одағы басқармасының мүшесі болса, Қ.Мусин 1944 жылы КСРО және Қазақ КСРО композиторлар одағының мүшесі атанған. Татар композиторы Қазан мемлекеттік консерваториясының ректоры бола жүріп, арнайы музыка теориясы сыныбында дәріс берсе, қазақ композиторы Алматы мемлекеттік консерваториясының аға оқытушы қызметінде болып, арнайы музыка теориясы сыныбында сабақ үйреткен.
1947-1959 жылдары татар композиторы соғыс кезінде жау тұтқынында болып, хас ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Мұса Жәлелге арнап «Шагырь-Джалиль» операсын дүниеге әкелсе, қазақ композиторы 1946 жылы майданда өшпес ерлік үлгісін көрсеткен генерал Иван Панфилов пен сержант Мәншүк Мәметованың құрметіне скрипка мен фортепианоға арналған сонаталар жазды.
Сол сияқты Н.Жиганов 1942 жылы бостандық жолында күрескен татар халқына арнап «Туляк-Су-Сулу» операсын жазса, Қ.Мусин азаттық жолында құрбан болған Сәкен Сейфуллин жайында музыкалық-хореографиялық поэма-балладаны 1965 жылы дүниеге әкеліпті.
«Бір топырақта туған қос өнер тарланының өміріндегі мұндай ұқсастық тегін емес қой. Қапан Мусин 50 жасқа толмай, өмірден ерте кетті. Әйтпесе шығармашылықтың бұдан да биік шыңына шығар ма еді», дейді Светлана Владимирқызы.
Классикалық музыканы сүюшілердің құлақ құрышын қандырған тамаша концертке Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншілері мен музыканттары, Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері және Дина Нұрпейісова атындағы саз мектебінің оқушылары қатысып, өнер көрсетті.
– Музыка ұлтқа, ұлысқа бөлінбейді, оның мәні мен мағынасы аударуға келмейді. Сондықтан саз әлемінің тілі жалпыға ортақ. Осындай бесаспаптығымен де киелі өнер халықтар мен ұлттар арасындағы алтын көпір болып тұрады, – дейді Светлана Тенишева.
Батыс Қазақстан облысы