Әдебиет • 26 Қаңтар, 2023

Сені осылай сүйемін

248 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сені осылай сүйемін

Ақын я жазушы туралы сөз қоз­ғағанда әуелі неге туған жері айтылады деп ойлайсыз? Ақын-жазушы ғана ма, жалпы адам туралы сөйлегенде туған жеріне тоқталуға мәжбүр кім де болса. Өйткені жерсіз ешкім, ештеңе жоқ өмірде. Кейін сол ақын туған атырап оның атымен аталып кетуі де бек мүмкін. Семейді Абайдың, Торғайды Ахметтің елі деп айта береді қазақта. Қызық қой, қаншама алып атырапты жалғыз ғана жұмыр басты пенденің атымен атай салған. Адам туып-өскен топырағының өскіні екені осыдан-ақ аңдалады.   

 

«Уа, дариға, алтын бесік

туған жер,

Қадіріңді келсем білмей кеше гөр.

Жата алмас ем

топырағыңда тебіренбей

Ақын болмай тасың болсам

мен егер»,

деді Қасым. Кейінде «осы шумақтағы «ақын болмай» сөзін автор о баста «Қасым болмай тасың болсам мен егер» деп жазғанына бәс тігемін», деді Жүрсін Ерман. Солай шығар, негізі біз туған жер немесе Қасым туралы әспеттегелі отырғанымыз жоқ. Жер жүзіндегі жазаның ауыры туралы есімізге түсіп отыр. Ол да туған жерінен айырудан басталады екен ғой. Қадыр Мырза Әли қалай керемет жырлаған осы тақырыпты?!

 

«Осы өмірдің азсынғандай азабын,

Ойлап тапқан зұлымдар

неше түрін жазаның:

Ойлап тапқан сауырға

қызған темір басуды,

Ойлап тапқан арқанмен

буындырып асуды.

Ойлап тапқан бір-бірлеп

қабырғаны сөгуді,

Ойлап тапқан тірідей

қара жерге көмуді...

Бірақ соның бірі де

жасытпаған батырды,

Бірақ соның бірі де

жасытпаған ақынды!

Сосын патша олардың

қанатын қайырып,

Жер аудара бастаған

туған жерден айырып.

О, зұлым-ай, зұлым-ай!

О, ант атқан, ант атқан!

Осал жерін ерлердің қалай

ғана дәл тапқан!»

Демек жазаның да ауыры адамды туған жерінен айыру. Тамырынан қиып, топырағынан айыру. Адамзат оның да есебін тапқан сияқты. Туған жер мен елден ұзап кетпес үшін пошта, телеграф, әуе толқыны, ғаламторды шығарды. Бәлкім, атақонысынан ұзап кетсе де ойы-қырын тамашалап тұ­руға, жел суылын естіп, су сылдырын тыңдап тұруға үнтаспа, бейнетаспаны ойлап тауып, кейін әуе толқыны арқылы таратқандай сезіледі. Сөйтсе де «Уа, дариға, алтын бесік туған жер», деп көкірегі қарс айырылады. Тіпті кіндік қаны тамған топырағынан жырақтап, оған деген сағыныш өміріне айналып кеткендер қаншама. Басқа жұртты білмеймін, қазақ баласы табиғатында туған жерімен біте-қайнасып кеткенін жыраулар поэзия­­сынан бастап ХХ ғасыр ақын-жазу­шылар шығармаларынан анық пайым­дауға болады. Аспан мен жердің арасын­да – он бесінші қабатта тууы мүм­кін ендігі ақындардың туған жер туралы түйсігі қалай сөйлерін қайдан білеміз. Олар Жәркенше (Бөдеш) сүйе алса ғаламат қой, әрине. Ол үшін Ота­нын сүйген жүрекпен шекарадан Қазақ­станға өтіп кетіп, бірнеше жыл бойы туған жері Жайырға жете алмай, араға қаншама жыл салып барғанда, шөп өсіп кеткен ауылының орнын таппай қалуы керек пе? Жоқ дер едік біз. Ол үшін Жәркенді оқыса да жеткілікті шығар.

 

«Туған жердің қар-мұзы,

Аязыңмен жуындыр.

Туған жердің бал қызы,

Бұрымыңмен буындыр.

Туған жердің бұлағы,

Толқыныңмен ат мені.

Туған жердің жыланы,

Шырылдатып шақ мені.

Туған жердің шеңгелі,

Тырна аямай бетімді,

Туған жердің желдері,

Аузыма құй өтімді.

Туған жердің доңызы,

Қан жоса ғып жарып кет.

Туған жердің қоңызы,

Домалатып алып кет.

Туған жердің қасқыры,

Кемір ақын сүйегін.

Туған жердің тас құмы,

Сені осылай сүйемін».