– Жұмағали Қазыбайұлы, бұрын 891 млн теңге қарызға батқан, бүгінде «International Academy of Medicine & Sciences» атауына ие болған аурухананы аралап шықтық. Өте көп жұмыс атқарылып жатқанын көріп отырмыз. Тығырықтан шығу үшін инвесторлар тартып отырсыздар. Дегенмен мұның өтеуі қандай болады?
– 2020 жылы біз осы аурухананы конкурсқа қатысып, жеңіп алып, тиісті келісімшартқа қол қойдық. Облыстық ауруханаға инвентаризация жасап қарасақ, мәселелері шашетектен екен. Ең басты мәселе – кәсіпорынның 891 млн теңге қарызы бар болып шықты. Қарыздан құтылудың төте жолы шетелдік инвесторларды тарту болды және табысты көтеру үшін бірінші кезекте негізсіз шығындарын азайтуды көздедік. Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, бізге инвестор шақыруға болады. Әрі бұдан керемет пайда көреміз деп отырған инвесторлар жоқ. Аурухананы клиникалық база әрі халықаралық медициналық мектеп ретінде жұмыс жүргізуге негіз болатын ұйымға айналдыруға мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз да – сол. Екінші жағынан, кәсіби деңгейімізге сенім арттық. Менеджментті көтеріп, аяқтан нық тұра алсақ, аурухана сапасын ұлттық стандарттарға сай етсек, қалған қиындықтарды жеңуге болады. Ең алдымен, аурухана халықаралық стандарттарға сай болуы үшін ескі құрал-жабдықтарды жаңарту маңызды болды. Сондықтан біз ғимараттың жобалық құрылымын қайта әзірледік. Шетелден арнайы консультанттар шақырып, болашақта халықаралық стандарттар үдесінен шығу үшін аккредитациядан өтуді жоспарлап отырмыз. Әзірге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Алматы сияқты мегаполистің іргесінде тұрған бұрынғы облыстық аурухананың ұлттық аккредитациядан өтпегені, қарызға әбден батып, медициналық кадрлары да жоқтың қасындай болғаны қазір құпия емес. Осындай жағдайға қалай жеткен?
– Дәрі-дәрмек, медициналық аппараттар тапшы, тағы басқа да қарыздары өте көп екен. Әсіресе 2018-2020 жылдары қарызға батпандап кірген. Әрі қарай осы деңгейде кете берсе, банкрот болудың сәл-ақ алдында қалған. 400-ден аса орынға арналған аурухананың жағдайы тіптен мүшкіл халге түсіпті. Көпсалалы аурухананың жұмысын алға ілгерілету, жұмыскерлеріне жалақы беру, оны әрі қарай дамыту – аз жұмыс емес. Бастысы, біз бүгінде бұл аурухананың қарызын өтедік. Бұл қиындықтан қалай шықтық? Біріншіден, дұрыс менеджмент қалыптастыра білдік. Екіншіден, сапасын көтердік. Ең қызығы, өзіңіз айтып отырғандай, аурухана бұған дейін ұлттық аккредитациядан өтпеген. Ол дегеніңіз – медициналық қызметі ұлттық стандарттарға сай емес деген сөз. Қазір ол өз тарихында тұңғыш рет 1 категориялы санатқа көтерілді.
– Сіздің пайымыңызға салсақ, білікті дәрігерлер даярлауда үздік мамандарды қайта оқыту әлдеқайда арзанға түседі. Сонда жас мамандар не істейді?
– Егер тәжірибе жинақтап келе жатқан 10 дәрігерді қайта даярлағанда оның 7-8-і қабілетін, жаңа технологияларды игергенін және оны практикада қолдана алатынын дәлелдей алса, денсаулық сақтау саласы да алға жылжиды. Керісінше 10 дәрігердің 2-3-і ғана білікті болса, ол елдің билігі де медицинасы да ойлануға тиіс. Әрине, пандемия ушығып тұрған кезде кадр жетіспеушілігін айтпағанның өзінде, мамандығынан бас тартқан дәрігерлер де болды. Қазір де медицина саласының нағыз майталмандары, аса білікті дәрігерлер аз. Ең алдымен кадр даярлайтын мамандардың сапасын арттыру маңызды. Жоғары оқу орындарында медициналық білім беретін мұғалімдер кімдер? Олардың деңгейі қандай? Олар сапалы кадр даярлауға әзір ме? Осы жағына көп көңіл бөлуіміз керек. Сапасы, деңгейі, қабілеті, тәжірибе алмасудағы құзыреті қандай? Ғылыми жұмысының деңгейі, педагогикалық әдістемесі қандай, осының бәрін зерделеген жөн. Мықты кадр жоқ десек, онда сапалы кадрлар даярлайтын білікті адамдар жоқ деген сөз.
– Өзіңіз білесіз, мемлекет-жекеменшік серіктестік деген бар. Бірақ ел тиісті ақысын төлесең, дұрыс емдейді деген үмітпен жекеменшік емханаға қаралғысы келіп тұрады. Қазір дәрігерлер мен мұғалімдерге мемлекеттің беті бері бұрылды. Ендігі жерде мемлекет-жекеменшік серіктестік дегенді қалай жолға қоюға болады?
– Халықаралық тәжірибеде бюджет тапшылығы жағдайында инвестиция тарту, жеке менеджмент енгізу – тиімді шешімдердің бірі. Бірақ Қазақстанда осының толық зерделеніп қандай нәтижеге жеткеніміз жайлы ақпараты жоқ. Қанша медицина ұйымы, қанша жеке серіктес, кімдер, қанша көлемде инвестиция салды-алды, қандай мәселелер шешілді, ұйымдардың қазіргі жағдайы, сондай сұрақтар көп. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық деңгейде сараланған жоқ. Жекеменшік медициналық ұйымдарда менеджмент жақсы жолға қойылған. Олар қаржылық ресурстарды тиімді пайдалануға ұмтылады. Соның нәтижесінде жақсы кадр таңдауға және олардың әрі қарай дамуына қажетті деңгейде жақсы жағдай жасап отыр. Біліктілік тестінен жиі өтеді. Шетелдерге тәжірибе алмасуға жиі барады. Сондықтан олар пациенттерге де жақсы қарайды, дұрыс емдейді. Ал мемлекеттік медициналық ұйымдарға шағым неге көп? Біріншіден, дәрігерлердің біліктілігі. Екіншіден, науқастардың аз-көптігі. АҚШ-та жасалған бір зерттеуді мысалға келтірейін. Құрылымы, науқастардың саны, кадрлық құрамы бірдей екі аурухананы салыстырып көріпті. Бір клиникада арыз-шағым деңгейі екіншісіне қарағанда жоғары. Неге? Олар зерттей келе, бір нәрсеге тоқталыпты. Сөйтсе, арыз-шағымы аз аурухананың дәрігерлері науқастармен қарым-қатынас жасауға көбірек уақыт бөледі екен. Көрдіңіз бе? Емделушімен жұмыс істеуде коммуникацияның да әсері мол. Сондықтан науқас пен дәрігердің арасында жақсы қарым-қатынас маңызды рөл атқарады.
– Аурухана, емдеу мекемелерінің өзін әлеуметтік жоба деп танитын болсақ, мұндай жағдайда мемлекет қандай стандартқа көшкені дұрыс?
– Мемлекет Конституцияда көрсетілген өзінің әлеуметтік функциясын атқаруға тиіс болғанымен, нарықтық экономика болған соң, оның өз заңдары болады. Қазір елімізде медициналық қызметтің жүйелі жұмыс істеуіне бағытталған МӘМС бар. Бірақ бұл жағдайда да түйткілді дүниелер баршылық. Жекеменшік мекемелердің көбі қордан қаражат алып отыр. Мысалы, біз басқаратын облыстық көпсалалы аурухана 2020 жылдан бері мемлекет-жекеменшік серіктестік ретінде қызмет көрсетеді. Біздің міндет – осы аурухана жұмысын жаңартып, уақтылы іске қосу. Екінші, тиісті деңгейде менеджментті қалыптастырып, халыққа қолжетімді, сапалы медициналық қызмет көрсету.
– Озық медициналық технологияларға қол жеткізіп алып, оның тілін білмей отырған емдеу мекемелері де болған...
– Сіз кадр мәселесі туралы сұрағыңыз келіп отырған болар?! Қазір бізде жас мамандар көп. Олардың біліктілігін арттыру үшін шетелден білікті дәрігерлерді тартып, тәжірибе алмасу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Ол бір жағынан науқастарға сапалы көмек көрсету болса, екінші жағынан біздің кадрларды үйретуге бағытталған. Жақын арада бір топ мамандарымызды тәжірибе алмасу барысында Үндістанға жібердік. Клиника дұрыс дами түссе, жақсы жұмыс істеуге болады. Бірнеше мамандарымызды өз тарабымыздан ақысын төлеп магистратурада, докторантурада оқытып отырмыз.
– Айналдырған екі жылдың ішінде аурухана 27 түрлі жоғары технологиялық операция жасауға қол жеткізгенін айтып отырсыз?
– Бұрын осы ауруханада екі ғана жоғары технологиялық операцияның түрі жасалып келген. Қиын да күрделі операцияларды тәжірибелі мамандар ғана жасай алады. Сондықтан ауруханаға қажетті мамандарды дұрыс таңдап, шетелдерде тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасасақ, заманауи құралмен жабдықтасақ, медицина саласы да ілгерілейді. Істің тетігін тапсаң, кез келген аурухананы жоғары деңгейде ұстауға болады. Мейлі, ол жекеменшік, не мемлекеттік болсын, бәрі басшысының кәсіби деңгейіне байланысты. Жақсы басшы қызметкеріне де дұрыс жағдай жасай біледі. Қазір бізде травматология-ортопедия, нейрохирургия, кардиология-кардиохирургия, лор, урология бағыттарында 27 түрлі жоғары технологиялық операциялар жасалады. Осы көрсеткішпен клиника республикада алдыңғы қатарға шықты. Келешекте біздің аурухана ультразаманауи клиника болатынына сенемін.
– 2022 жылдың соңында БАҚ беттерінде «International Academy of medicine and sciences» компаниясы Қонаев қаласында медициналық университет, фармацевтикалық зауыт пен аурухана салады екен деген жақсы хабар шықты. Осы рас ақпарат па?
– Біз бұл жобаларды да шетелдік серіктестерімізбен бірге жүргіземіз. Халықаралық медицина және Ғылым академиясы мемлекет-жекешелік әріптестік тетігі бойынша облыс орталығында 350 төсектік орын көпсалалы мамандандырылған аурухана салуға ниеттіміз. Жоба 2023-2026 жыл аралығына межеленген. Оған қоса Алматы облысында дәрі-дәрмек шығаратын зауыт салу жоспарланған. Қалада жүзеге асырылатын үшінші жоба – қос дипломды бағдарлама, яғни Үндістан-Қазақстан халықаралық ақпараттық технологиялар университетін ашу көзделген. Бұл ретте жеке инвестициялар жалпы көлемі 30 млрд теңгені құрайды. Осы әлеуметтік жобаларымызды облыс әкімдігімен бірге жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
– Сіз 2016-2017 жылдары туберкулезді ауыздықтауға байланысты республикалық ауқымдағы реформаның басында жүрдіңіз. Сол кезде пікірлер қарама-қайшылығы да болғаны есімізде. Нәтижесі немен аяқталды?
– ДДҰ мәліметі бойынша Қазақстан туберкулездің резистенттік формасы кенінен тараған мемлекеттерге жатады және бұл індеттің таралу деңгейі республиканың Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі орнына әсер етеді. Бұл мәселені жүйелі шешу жолы – туберкулезге қарсы қызметпен бастапқы медико-санитарлық қызметтерінің горизонталды-вертикалды ингеграциясы, бақылау жүйесін қалыптастыру. Осы жүйенің негізін 2016-2017 жылдары қалыптастырдық. Сонымен қатар Туберкулез проблемалары орталығын фтизиопульмонология орталығына айналдырдық. Себебі тыныс ағзалар аурулары таралуынан еліміз – бірінші орында. Өкінішке қарай, бұл мәселемен айналысып жатқан ғылыми орталық жоқ. Кешегі пандемия кезінде бұл орталық аталған мәселе бойынша ғылыми-клиникалық жетекші болуға тиісті еді.
– Медицина үздіксіз дамып жатқан кезеңде ана мен баланың өлім-жітімі неге азаймай тұр?
– Қазір ана мен бала өлімі қайта өршіп тұрғаны рас. Бұл – мені ең көп ойлантатын, жанымды ауыртатын мәселе. Қазіргі Түркістан облыстық денсаулық сақтау саласын басқарып жүрген кезде осымен көп айналыстым. Бұл – мемлекет үшін де стратегиялық маңызы зор мәселе. Сондықтан бала туатын жастағы әйелдердің денсаулығын түземей, әсіресе жүктілікке қарсы көрсеткіштері бар әйелдердің денсаулығын түзеуге бағытталған кешенді шара қолданбай, жағдай өзгермейді. Акушерлік, педиатриялық көмектің сапасы мен қолжетімділігінде, Отбасын жоспарлау орталықтарының қызметі, скриниг сапасы, шұғыл-қатерлі акушерлік жағдайларға дайындық ісінде түйткілдер бар. Бұл – бір-бірімен сабақтас себептердің бер жағы ғана. Айтылған қағидалар – аксиома, өлім-жітімді азайтуда нақты нәтиже беретініне еліміздің әрбір төртінші, бесінші нәресте дүниеге әкелетін оңтүстік өңірінде қызмет атқарып жүргенде көзім жеткен.
– Денсаулық сақтау ісіндегі жұрттың көңілі толмай жүрген талай мәселені осы жүйе, осы қаражатпен-ақ шешуге болады деп ойлайсыз ғой?
– Бірде-бір мемлекет денсаулық сақтау жүйесі толық қаржыландырылды деп айта алмайды. Алайда қаражат қаншалықты тиімді пайдаланылады, осы жерде мәселе көп. Ақиқатын айту керек, мемлекет тарапынан біздің саланың қаржыландырылуы жаман емес. Мұндағы мәселе – бюджеттен бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану. Бір ғана мысал, туберкулезге оралайық. Скринингпен қамту пайызы 100%-дан асады, ал анықтау пайызы өте төмен, басқа скринигтердің жағдайы шамалас. Фокустық топтар құрылымы, сапасы, статистиканың растығы, дәрі-құралдар шығындарының негізі, тариф саясаты, мамандандырылған қызметтердің қаржыландыру құрылымы, осының бәрі – көзге көрініп тұрған, бейжай қарауға болмайтын мәселелер.
Жоғарыда айтылғандай, клиникамыздың кредиторлық қарыздарынан құтылу бір жолы негізсіз шығындарды жою, госпитальдық формулярды баға-сапа саясатын қайта қарау болды. Қазір біз әр жеке пациенттің шығынын бухгалтерияның 1С бағдарламасына байланыстырып, жеке бақылап, нақты мониторинг жасап отырамыз. Бұл – бір ғана мысал. Егер жұмысты дәл осылай жүйелейтін болсақ, медицинадағы мәселелерді ұлттық деңгейде толық шешуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ