Спорт • 29 Қаңтар, 2023

Бап кем бе, бақ кем бе?

229 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бокстан Бангкокта өткен жастар арасындағы (U-22) Азия чемпионаты аяқталды. Бұған дейін біз Қазақстанның қыздар құрамасы 2 алтын мен 7 қолаға қол жеткізгені жайында хабарлаған едік. Әрине, бұл көрсеткішке көңіліміз толды деп айта алмаймыз. Содан кейін біз ерлердің жолына үлкен үмітпен қарадық. Қыздардың жарысы аяқталған соң келесі күні қазақтың алты жуан жұдырықты жігіті рингке жұлқынып шықты.

Бап кем бе, бақ кем бе?

Финалға шыққан боксшыларымыздың арасынан алғашқы болып рингке 20 жастағы Санжар Тәшкенбай көтерілді. Аса жеңіл салмақтағы қазақтың өр мінезді өрені өзбек Шодиержон Мелкузиевпен қолғап түйістірді. Бұл тартыста Санжардың үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Мелкузиевтің еркін ойқастауына еш мүмкіндік бермеген ол бірден бәсеке тізгінін өз қолына алып, чемпионы Азии атанды. 54 килодағы Нұрсұлтан Алтынбек филиппиндік Флинт Джарамен жұдырықтасты. Бәсеке біздің жігіттің басымдығымен өтіп, ол да бас жүлдені олжалады. 57 кило салмақ дәрежесіндегі Махмұд Сабырхан таиландтық Саравуд Сукхетпен сайысқа түсті. Кольцо қожайыны өз көрермендерін қуанту үшін барын салды. Бірақ Махмұдқа оның тісі батпады. Қашан да қаймықпай айқасатын 22 жастағы қандасымыз бұл жолы да табандылық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, Сукхетті сан соқтырды. Осылайша, жарыс күнінің алғашқы жартысында шаршы алаңға шыққан үш боксшымыз жеңіске жетіп, қазақ жанкүйерлерін бір желпіндіріп тастаған еді. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады.

Одан кейін тағы үш қандасымыз Өзбекстанның өкілдерімен айқасты. 67 килодағы Абзал Серік Бекзод Хамидовпен, 71 килодағы Сабыржан Аққалықов Нұрислам Исмоиловпен және 75 килодағы Диас Молжігітов Алохон Абдуллаевпен айқасты. Ең өкініштісі, олардың барлығы да өз қарсыластарына есе жіберді. Осы үштіктің арасынан Сабыржан ғана «жақсы жұдырықтасты» деп айтуға болады. Екінші раунда оның сілтеген соққыларының бірі Нұрисламға оңбай тиіп, ол есеңгіреп қалды. Бірақ жеме-жемге келгенде, төрешілердің бүйрегі бәрібір өзбек боксшысына бұрды.

Жартылай финала сүрінген Талғат Сырымбетов (60 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Ерасыл Жақпеков (80 кг), Ерхат Бекзат (92 кг) және Аманат Сабырғали (+92 кг) қола медальді қанағат тұтты. Ал Даниял Сәбит (51 кг) пен Сағындық Тоғамбай (86 кг) сенім үдесінен шыға алмай, елге еңселері түсіп оралды. Нәтижесінде 3 алтын, 3 күміс және 5 қоланы еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте өзбектерді алға жіберіп, екінші орынды иеленді. Бұл жарыста көршілес елдің тоғыз бірдей өрені жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Сөз орайы келгенде, көңілге кірбің кельтірген жайттар жайында айтпай кетуге арымыз жібермеді. Жартылай финала үш бөріктіміз бен үш бұрымдымыз Өзбекстанның өкілдеріне есэ жіберді. Нақтылап айтсақ, Ерасыл Жақпеков (80 кг) Жасурбек Юлдошевтан, Ерхат Бекзат (92 кг) Нусратбек Тохировтан және Аманат Сабырғали (+92 кг) Жахонгир Зокировтан жеңілді. Оның алдында ғана Сағындық Тоғамбайды (86 кило) Шохжахон Абдуллаев ауыр нокаутқа жіберген еді. Қыздардың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Нигина Уктамова (54 кило) Әнел Сақышты екі рет есеңгіретіп барып ұтты. Ситора Турдыбекова (57 кг) Виктория Графееваны жақсылап тұрып сабады. Найбахор Хамидова (66 кг) Ақнар Ищанованың адымын аштырмады. Абырой болғанда Жасмин Қизатова (70 кило) финала Әзиза Закировадан айласын асыра алды. Ақтық сында Өзбекстан құрама командасымен бет-бет келген төрт қандасымыздың арасынан Санжар Тәшкебай ғана басымдық танытты. Қалған үшеуі ұтылды. Соңғы кезде көптеген дүбірлі додада біздер Өзбекстан құрамасына жиі есе жіберіп жүргеніміз жасырын емес. Тіпті оған «етіміз де үйреніп қалған» секілді. Сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегі деректерге назар аударайық:

Ересектер арасындағы соңғы төрт Азия чемпионатының нәтижелері: 2017 жылы Ташкент: Өзбекстан 9 (9 алтын+0 күміс+0 қола) жүлде олжаласа, Қазақстан 8 (1+3+4) медальді еншіледі. 2019 жылы Бангкок: Өзбекстан (4+1+4), Қазақстан (2+2+7). 2021 жылы Дубай: Өзбекстан (6+1+3), Қазақстан (0+5+1). 2022 жылы Амман: Өзбекстан (5+2+3), Қазақстан (3+6+3). Сары құрлықтың басты додаларында өзбектер үнемі алдымызды орап жүргенін өздеріңіздер де байқап отырған боларсыздар.

Соңғы төрт әлем чемпионатың нәтижелері: 2015 жылы Дохада (өзбектер – 0+3+3, қазақтар – 0+2+0), 2017 жылы Гамбургте (өзбектер – 1+3+2, қазақтар – 1+2+3) және 2019 жылы Екатеринбурге (өзбектер – 3+1+1, қазақтар – 1+1+4). Осы жарыстардың үшеуінде де өзбектер озды. Тек 2021 жылы Белградта жалауы желбірген жарыстың жалпы есебінде жерлестеріміздің асығы алшысынан түсті. Сербияның бас шаһарында біздер 5 (2+2+1) жүлде алсақ, олар 2 (0+1+1) медальмен шектелді.

Соңғы екі Олимпиаданың нәтижесі: 2016 жылы Рио-де-Жанейро (өзбектер – 3+2+2, қазақтар – 1+2+2) және 2021 жылы Токио (өзбектер – 1+0+0, қазақтар – 0+0+2) . Төртжылдықтың басты додаларында да көршілеріміздің көші ілгері болды. Ол аз десеңіздер, 2018 жылы Жакартада өткен Азия ойындарында да Өзбекстанның былғары қолғап шеберлеріне есэ жібердік.

Әйелдер боксының да жағдайы мәз емес. Өткенге зер салсақ, спорттың бұл түрінің Қазақстанда кеңінен құлаш жайғанына талай жылдың жүзі болды. Әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдеге сонау 2006 жылы қол жеткіздік. Осыдан 17 жыл бұрын Нью-Делиде өткен жарыста Назгүл Боранбаеваның қола медаль олжалағаны есімізде. Алғашқы алтынның сыңғырын 2014 жылы естідік. Чеджуде Назым Қызайбай қарсылас шақ кельтірмеді. Төрткүл дүниенің ең үздік боксшылары жиналған жарыста бұрымдырымыз барлығы 23 (5 алтын+5 күміс+13 қола) жүлде олжалады. Осы көрсеткіш жағынан Қазақстанның әйелдер құрамасы әлемдегі ТОП-10 команданың қатарына еркін еніп отыр.

Осыдан 11 жыл бұрын Лондон Олимпиадасында Марина Вольнова (75 кило) қола медальді қоржынға салды. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Дариға Шәкімова (75 кило) дәл сол межеден көрінді. Ал өзбектердің әйелдер боксына көңіл бөле бастағанына аса көп уақыт бола қойған жоқ. Аталған мемлекеттің бірде-бір бұрымдысы Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілген емес. Соған қарамастан, күні кеше ғана Бангкокта аяқталған жастар арасындағы Азия чемпионатында олар жерлестерімізді жақсылап тұрып сабап, жалпыкомандалық есепте алдымызды орап кетті. Соған қалай күйінбейсің?

Шыны керек, спорттың бұл түрінде біз өзбектерден көп қалып қойдық. Олардың боксы қарыштап дамып, өсіп-өркендеп жатыр, ал біз тұралап қалдық. Они мойындамасқа лаж жоқ. Токио Олимпидасы мен соңғы жылдардағы Азия чемпионаттарында оңбай сүрінуіміз осы сөзіміздің айқын дәлелі. Өзбекстан құрамасы медальдерді «күреп» алып жатқанда, біз олардың артынан сығалап қалдық. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақ елі боксына үлкен реформа қажет. Жаттығу жүйесіне өзгеріс енгізіп, бокс өнерін дамытудың басқа да жолдарын іздестіруіміз керек. Ескі жүйемен жүре берсек, ештеңе өнбейді. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалады. Бүгін өзбектерден ұтылсақ, ертең басқалары «басынады». Соны мықтап қаперге түйген жөн. Қазіргі кезде федерация мүшелері мен бапкерлердің «Бәріне де кінәлі төрешілер. Солардың арамза әрекеттерінің «құрбаны» болдық. Ал біз сүттен ақ, судан тазамыз» деп ақталағанына ешкім де сенбейді. Өйткені көрермендер соқыр емес. Олар бәрін көріп, бақылап отыр. Міне, осы жағдай спорт саласының басы-қасында жүрген азаматтарға ой салуға тиіс. Дәл қазір ел боксы еңсе тіктемесе, ертеңгі күні опық жеп қалуымыз мүмкін.