Қоғам • 29 Қаңтар, 2023

Әскери топограф

494 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соғыс өнері теориясының негізін қалаушылардың бірі Ллойд: «Жер бедері – соғыстың ұлы және жалғыз кітабы. Оны оқи алмайтын адам батыл сарбаз атағына қанағаттануы керек және генерал болуға талпынбағаны абзал», дейді. Жауынгер ұрыс даласында табысты әрекет етуі үшін қаруды қалай меңгерсе, жергілікті жерді де жақсы бағдарлай білуі қажет. Ол үшін белгіленген ауданға қысқа мерзімде топогеодезиялық барлау жүргізу, барлық биіктіктер мен нысандардың координаттарын анықтап, оны бекіту ауадай қажет. Сол себепті әскери топографтардың қызметі маңызға ие.

Әскери топограф

30 қаңтарда Қазақстан Қа­рулы Күштерінде әскери топо­граф­тар күні атап өтіледі. Әс­кери топограф – бұл ерекше ма­ман­дық. Олар заманауи жоғары тех­нологиялық жабдықтарды, электронды 3D-картаны және жер­­дің белгілерін пайдалану арқылы бөгде жерлерде бағытын жақ­сы біліп, геодезиялық жүйелер­ді құрумен қатар басқа да күрде­лі инженерлік тапсырмаларды орындайды.

Қызметтері былайғы жұрт­тың көзіне көп көріне бермейтін олар өздеріне жүктелген мін­дет­терді абыроймен атқарып ке­леді. Бүгінде сала мамандары қа­тарында еңбегімен еленген офи­церлер аз емес. Солардың бірі – Әуе қорғанысы күштерінің то­по­графиялық қызмет бастығы, по­дполковник Руслан Бақытұлы Бекбаев.

Руслан үшін өткен жыл же­місті болды. Халықаралық армия ойындарының Қазақстан аума­ғында тұңғыш рет өткізілген «Ме­ридиан» сайысына қатысып, ел намысын қорғады. Жарыста біз­дің әскери топографтар жеңімпаз атанды. Бұл жетістігі үшін майор Бекбаевқа Қорғаныс министрі­нің бұйрығымен подполковник кезекті әскери атағы мерзімінен бұрын берілді.

– Шоқан Уәлиханов атында­ғы әскери колледждің «Аман­дық» полигонында өткен сайыста ­біз­дің жігіттердің мерейі үстем бол­ды, – дейді подполковник Руслан Бекбаев. – Сегіз команда қа­тысқан жарыс «Атыс шебі», «Азимут» және «Топографиялық квадратлон» деп аталатын үш ке­зеңнен тұрды. «Атыс шебінде» әскери топографтар АК-74 автома­тынан оқ ату дағдыларын практика жүзінде көрсетіп, жеңім­паз жи­наған ұпай санына қарай анықталды.

Ал «Азимут» кезеңінің жат­тығуларында орман ішінде өз­дерінің орындарын, азимуттарын табу бойынша және компаспен сайысқа түсті. Көлемі 12 шаршы шақырым ауданның орташа қиы­лысқан жерімен қозғала оты­рып, берілген бағыттар мен так­тикалық тапсырмада көрсетіл­ген бақылау нүктелерін жүріп өтуде біздің әскери топограф­та­­ры кәсіби шеберліктерін көрсетті. Топогеодезиялық есептоптар са­йы­сында 41 минут 53 секундта же­ңіске жеткен біздің команда жеңімпаз атанды, – дейді Руслан Бақытұлы.

«Топографиялық квадрат­лон» сайысында біздің топограф­тар бас­қа елдің топогеодезия­лық бөлімшелерімен бірге арнайы мақсаттағы геодезиялық жұмыс­тарды орындай отырып, жолақ­тар­дан өтуден сайысқа түсті. Ұзын­дығы 1850 метрлік жарыс жолында түр­лі кедергі жолақтарын еңсере білді.

Бұдан өзге біздің топо­гео­де­зиялық есептоптардың «Фазл» жинау сайысында да бөлшектел­ген топографиялық карталар­дан әртүрлі нысандардың координат­тарын уақытында анықтай ал­ғанын да ерекше атап өту керек.

Руслан Шымкенттегі Сабыр Рахимов атындағы әскери мектеп-интернаттың түлегі. 2003 жылы Санкт-Петербург қаласындағы А.Ф.Можайский атындағы Әс­ке­ри-ғарыш академиясына оқуға түсіп, 2009 жылы «аэрофотогео­дезия» мамандығын алып шыққан.

Алғашқы қызметі Қараған­ды облысының Абай қаласын­да­ғы әскери бөлімде басталған ол аға офи­цер, бөлім бастығы лауазым­дарында болды. 2017 жылы Мәскеудегі М.Ф.Фрунзе атындағы әскери академияға оқу­ға түсті. 2019 жылы ака­де­мия­­лық білімі бар жас маман Әуе қор­ғанысы күштеріне топо­гра­фия­лық қыз­мет бастығы лауазымына таға­йындалды.

Сақина алмасқан өмірлік сері­гі Анар екеуі Шайхислам, Шах­аслан, Ляйсан, Расул атты кішкен­тайларды тәрбиелеп отыр.

Ер – елінің қорғаны. Ол үшін жігітке талмас қанаттай талап, қайтпас қажыр мен қайрат керек. Русланды отбасында кішкентай күнінен осыған тәрбиеледі. Ата-анасы нағыз азамат болып қа­лыптасу үшін қайсар мінезді болу керек­тігін үнемі айтып отыратын. Соған сай ол да бала кезінен офицер болуды армандап өсті. Ал арманның орындалғаны қан­дай жақсы!