Аймақтар • 29 Қаңтар, 2023

Несібені арттыратын несие

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында қолға алынған жергілікті халықтың табысын арттыруға бағытталған қанатқақты жоба енді «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылады. Осылайша, өңір тұрғындары 2,5 пайызбен несие алу арқылы кәсібінің табысын еселеуге күш салады.

Несібені арттыратын несие

2019 жылдан бастап өңірде қолға алынған қанатқақты жобаның жемісті болғанын Үкімет оң бағалап, енді бұл тәжірибені Қазақстанның әр қиырында іске асыруға басымдық беріп отыр. Тиісінше, шаруалар жұмыстарын «Ауыл аманаты» жобасында жүзеге асырмақ. Бұл, әрине, қуанышты жаңалық.

Биыл шаруаларды жеңілдетілген несиемен қамту жұмыстары Жамбыл облысында бел­сенді жүргізілмек. Шаруалардың тиісті дең­­гейде қаражатпен қамтылуына «Тараз» әлеу­­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы айрықша назар аударып отыр. Жұмысын жүргізуге ниет­ті азаматтарды несиемен қамту үшін 52,4 млрд қаржы қарастырылған.

«2022 жылдың желтоқсанынан бастап республикалық бюджеттен «Ауыл халқының табысын арттыру» жөніндегі жобаны масштабтау үшін микрокредиттер беру» бағдарламасы шеңберінде 6 047 516 000 теңге бөлінген. Мәселен, Жамбыл облысының 10 ауданына қарасты 10 ауылдық округтен жеңілдетілген несиеден үміттілер іріктелді. Олар – Жалғызтөбе, Қара­кемер, Жетітөбе, Кенен, Ақермен, Би­назар, Бірлікүстем, Абай, Жайылма, Ойық ауыл­дарының тұрғындары. Бүгінде азамат­тар­дың өтініштері қарастырылып жатыр. Қазіргі уа­қытта 200-ден аса адам қарыз алу туралы шартқа қол қойды», дейді «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыров.

Жалпы, ауыл халқының тұрмыстық әле­уетін арттыру мақсатында іске асып жатқан жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға «Тараз» ӘКК» үлкен үлес қосып келеді. Нақ­тырақ айтар болсақ, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» 2021-2022 жылдары 3 аудандағы 253 өтінімді 1,096 млрд теңгеге қайта қаржыландырды. Бұл қайтарылған ақша есебінен мүмкін болды.

Корпорацияның тиімді шарттарын ұтымды пайдалану арқылы жылқы өсіру үшін Байзақ ауданына қарасты Жалғызтөбе ауылдық окру­гінің тұрғыны Қайрат Асанбаев та тиісті қаражатты рәсімдеп, мал шаруашылығын өркен­детуге ниет білдіріп отыр. «Қазіргі таңда тиісті несиені рәсімдеп жатырмын. Мен төрт түліктің төресі саналатын жылқы малын өсіру үшін 7,5 млн теңге алуға ниеттімін. Пайыздық мөлшерлеме төмен. Жеңілдетілген несиелеу шарттары тиімді деп санаймын. Сондықтан тәуекелге бел буып отырмын», дейді ол ойымен бөлісіп.

Корпорация басшыларының айтуынша, тұрғындарға ауыл шаруашылығы бағытындағы жеңілдетілген несие беру жұмыстары 2023 жылдың наурыз айына дейін жалғасын табады. Шаруаға бейім тұрғындар межелі мерзімге дейін несиесін рәсімдеп, жұмысын бастап кетуі керек.

Д.Әбілқайыровтың айтуынша, жоба аясында несие алушыларға қойылатын талаптар қиындық тудырмайды. Бизнес жоспар жеке бизнесін ашуға ниетті әлеуетті қарыз алушыдан ғана талап етілсе, мал шаруашылығын дамыт­қысы келетін қарыз алушы үшін бизнес жоспар әзірлеудің қажеті жоқ.

«Жеңілдетілген несиені алуға ниет білдіру­шілердің қарасы қалың екені рас. Әйткен­мен біз бірінші кезекте жұмысы жоқ азаматтарға ба­­сымдық береміз», дейді Д.Әбілқайыров жағ­дайды түсіндіріп.

Үш жылдың бедерінде айтарлықтай нәтиже берген жобаның Жамбылда одан әрі қа­рай жалғасатыны тұрғындарды қуантып отыр. Ауылдағы ағайын осылайша мал шаруа­шы­лы­ғын өркендетіп, тірліктің өзін, кәсіптің көзін табуға ниетті. Қысқасы, тұрғын­дар­дың та­бысын арттыруға бағытталған жоба­ның шарапатын көрген ауыл халқының қуа­нышында шек жоқ.

 

Жамбыл облысы