Саясат • 30 Қаңтар, 2023

Ортақ талап, тең мүмкіндік

183 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысты Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Ортақ талап, тең мүмкіндік

Отырысқа облыстар, Астана, Ал­маты және Шымкент қалаларының ау­мақтық сайлау комиссияларының төрағалары және әкімдердің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармаларының басшылары (бейнеконференция режімінде) қатысты. Сондай-ақ жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, Орталық сайлау комиссиясының жанын­дағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жө­нін­дегі жұмыс тобының мүшелері, мүге­дектігі бар адамдардың сайлау құқық­тарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлес­тіктердің өкілдері, саяси партиялар, БАҚ және Қазақстан Халық Жинақ банкінің өкілдері қатысты.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуын­ша, бұған дейін «Байтақ» және «Res­pu­b­lica» саяси партияларының ұсыну ке­зеңінде өңірлерде өз филиалдары мен өкілдіктері ашылған және тір­кел­ген жағдайда мәслихат депутаттарын сайлауға қатысуға мүмкіндігі бар екені хабарланған. Әділет министрлігі ұсынған саяси партиялардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуге қатысты ресми ақпаратқа сәйкес, «Қа­зақ­станның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігінің 15 филиалы және «Respublica» партиясы» қоғамдық бір­лестігінің 19 филиалы мен өкілдігі тір­келген.

Комиссия мүшесі Шавкат Өтемісов 2023 жылғы 21 қаңтардағы қаулыға сәй­кес, «Қазақстанның «Байтақ» жасыл­дар партиясы» үш облыста мәсли­хат­тар депутаттарының сайлауына қа­тыса алады. Бүгінде Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы, Шым­кент және Астана қалаларында партияның филиалдары құрылған.

«Respublica» партиясының 19 облыс­та филиалы құрылып, сәйкесінше Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қа­зақ­стан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызыл­орда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүс­тік Қазақстан, Түркіс­тан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыс­тарындағы, Алматы, Шымкент және Астана қа­лаларындағы мәслихаттар депутат­тарының сайлауына қатыса алады.

Н.Әбдіров сайлау науқанын ұйым­­дастыру мен өткізу кезеңінде азамат­­тардың сайлау құқықтарын қамта­масыз ету комиссия қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. ОСК жанында тұрақты жұмыс істей­тін мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқық­тарын қамтамасыз ету жөнін­дегі жұмыс тобының мүшелері сайлауда мүгедектігі бар азаматтардың қажет­ті­ліктерін ескере отырып, сайлау орган­дары дайындайтын ақпараттық-анық­тамалық материалдарды, сайлау құжат­тарын әзірлеуге және талқылауға белсенді қатысады.

Конституциялық заңға Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партия­лардың тізімдеріндегі әйелдер мен жас­тарға үшінші санат өкілдері мүгедектігі бар адамдар үшін квота белгілеу туралы норма қосылды. Бұл талап соңғы заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып, ағымдағы науқанда бірінші рет қолданылады. Яғни партиялық тізімдегі әйелдер, жастар, мүгедектігі бар адамдар саны жиынтығы бойынша кемінде 30 пайызын құрауға тиіс. Сонымен қатар бұл норма депутаттық мандаттарды бөлу кезінде де қолданылады: үш санат өкілдерінің – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың саны жиын­тығы сайлау қорытындылары бо­йынша партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.

Жиында жергілікті атқарушы орган­дарға сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасау жө­нінде қажетті шаралар қабылдау, сайлау комиссияларына мүгедектігі бар сай­лаушылардың дауыс беруі үшін жағдай­ды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа жәрдемдесу, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері өкіл­дерінің қатысуымен мүгедектігі бар адам­дардың дауыс беруі үшін учаске­лердің қолжетімділігіне тексеру жүргізу, сондай-ақ мүгедектігі бар сайлау­шылардың дауыс беруі үшін учаскелерде ерекше жағдайларды қамтамасыз етудің қосымша шараларын ұсынды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қо­р­ғау министрлігіне жергілікті атқа­рушы органдармен бірлесіп дауыс беру кезінде ерекше жағдайлар қажет бола­тын мүгедектігі бар сайлаушылар туралы мәліметтерді өзектендіру, қолже­тімділіктің интерактивті картасында сайлау учаскелері туралы мәлі­меттерді жаңарту ұсынылды. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астананың, аудандар, қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына мүге­дектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін жағдайды қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцова Орталық сайлау комиссия­сы мүгедектігі бар азаматтардың сай­лау құқықтарын қамтамасыз ету жөнін­дегі шаралар кешенін жүзеге асырып жатқанын хабарлады. Мәселен, 2021 жылдан бастап комиссия отырыс­тарының трансляциясы, сондай-ақ барлық ақпараттық бейнематериалдар сурдоаудармамен қамтамасыз етіледі. 2022 жылғы президент сайла­уында ал­ғаш рет Брайль қарпін пайдалана отырып, трафарет жасалды. Жергілікті атқа­рушы органдар мүгедектігі бар сайлау­шылардың дауыс беруіне жағдай жасау жөніндегі жұмыс шең­берін­де сурдоаудармашыларды, дауыс беру күні инватакси қызметтерін және жеке көмекшілердің қызметтерін қамта­масыз етеді. ОСК жергілікті атқару­шы ор­ган­дарға мүгедектігі бар адамдар­дың қо­ғам­дық бірлестіктерінің өкіл­дерін сай­лау инфрақұрылымының қолже­тім­ді­лігін тексеруге белсенді тартуды ұсынады.

Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұс­тафина отырысқа қатысушыларға бір­мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депу­тат­тығына кандидаттарға, сондай-ақ пар­тиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін саяси партияларға кандидаттар тіркелгенге дейін және олардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін сайлау жарнасының қанша сомасын енгізу қажеттігін түсіндірді. Заңнамаға сәйкес бұл науқанда Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар үшін сайлау жарнасының сомасы – 15 ең төменгі жалақы мөлшері (1 млн 50 мың теңге), мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін – 5 ең төменгі жалақы мөлшері (350 мың теңге).

Егер сайлау қорытындылары бо­йынша кандидат мәслихат депутаты болып сайланған немесе дауыс беру қо­рытындылары бойынша кандидат немесе саяси партия сайлаушылардың кемінде 5 пайызын жинаған жағдайда, сондай-ақ кандидат немесе партиялық тіз­імге енгізілген жалғыз кандидат қай­тыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа немесе саяси партияға қай­тарылады. Басқа жағдайларда енгізіл­ген жарна қайтаруға жатпайды және рес­пуб­ликалық бюджеттің кірісіне есептеледі.

Сондай-ақ ОСК мүшесі кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау қор­ларының шекті мөлшері мен көздерін айтты. Осылайша, сайлау қорлары кан­дидаттардың жеке қаражатынан, саяси партиялардың қаражатынан және респуб­лика азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылықтарынан құрылмақ. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Парламент Мә­жілісі депутаттығына кандидаттың сайлау қорының мөлшері 700 ең төменгі жа­лақы мөлшерінен (49 млн теңге) аспауға тиіс.

Парламент Мәжілісінің депутат­тығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсынған саяси партияның сайлау қорының мөлшері 15 000 ең төменгі жалақы мөлшерінен (1 млрд 50 млн теңге), облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттығына – 3000 ең төменгі жалақы мөлшерінен (210 млн теңге) аспауға тиіс.

Бірмандаттық округтер бойынша сайланатын облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәсли­хаттарының депутаттығына кандидат­тың сайлау қоры 300 ең төменгі жалақы мөл­шерінен (21 млн теңге), аудандар мен қалалар мәслихаттарының депутат­тығына 150 ең төменгі жалақы мөл­ше­рінен (10,5 млн теңге) аспауы керек.

Заңнаманың жаңалықтарына сәйкес әрбір жеке және заңды тұлғадан ерікті қайырымдылықтардың тиісті шекті мөлшері белгіленгенін атап өткен жөн.