Экология • 30 Қаңтар, 2023

Қазақстанда ауасы ең лас қала аталды

1766 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Экологиялық әл-ауқат пен қоршаған ортаны қорғау әлемнің көптеген елдерінің басты міндеттерінің бірі. 155 мемлекет өз азаматтарының ұлттық заңнамаға немесе адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясындағы халықаралық келісімдерге сәйкес салауатты ортада өмір сүруге құқығы бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда ауасы ең лас қала аталды

Осыған қарамастан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдегі жалпы өлім-жітімнің 23 пайызын ауаның, судың ластануы және химиялық заттардың әсер етуі секілді экологиялық қауіптермен байланыстырады.

Бүгінде экологиялық мәселелер Қазақстанда да өзекті болып отыр. Соңғы 5 жылда, яғни 2018-2022 жылдар аралығында Астана, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында атмосфералық ауаның ластануы қалыпты деңгейден жоғары екені байқалған. Ал Астанада ауа қыс мезгілінде көбірек ластанады. Бұған жылу электр станциялары мен жеке жылыту секторларының қарқынды жұмыс істеуі себеп болған.       

Қазақстанда ауасы ең лас қала - Қарағанды. Атмосфералық ауаның ластануына жылу электр станциялары мен жеке жылыту секторларынан шығатын түтін мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың ауаны ластайтын қалдықтары әсер етеді.

Теміртауда өнеркәсіптік және металлургиялық кәсіпорындар мен қысқы-жылу электр станциялары бар болғандықтан ауа барлық маусымда ластанып тұрады.

Ал Ақтау, Алматы, Жезқазған, Қостанай, Түркістан, Теміртау, Петропавл, Өскемен қалаларының ауасы 50 пайызға дейін ластанған болса, Ақсай, Ақтөбе, Балқаш, Жаңаөзен, Жаңатас, Көкшетау, Павлодар, Риддер, Рудный, Сәтпаев, Семей, Талдықорган, Тараз, Орал, Шу, Шымкент, Бурабай қалалары 20 пайызға дейін ластанған. Ал Ақсу, Алтай, Аркалық, Атбасар, Атырау, Әуезов, Аягөз, Екібастұз, Қаратау, Кентау, Құлсары, Қызылорда, Саран, Степногорск, Талғар елді мекендерінде ауа ең таза болып шықты.            

Осындай экологиялық проблемалар жағдайында кез-келген мемлекет қоршаған ортаны қорғау үшін айтарлықтай инвестицияларды қажет етеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2018 жылдан 2021 жылға дейін осы бағыттағы инвестициялар көлемі біршама өскен, ал 2022 жылы көрсеткіштер айтарлықтай төмендеп кеткен. Мәселен, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған күрделі салымдар 80,6 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50,8 пайызға аз. Жалпы алғанда, соңғы 5 жылда (2018-2022 жж) инвестиция көлемі 600 млрд теңгені құраса, алдыңғы бесжылдық кезеңде бұл көрсеткіш 235,9 млрд теңгеге төмендеген.

Сонымен бірге кейбір квазимемлекеттік және жеке сектор субъектілері экологиялық мәселелерді кәсіпорындарды басқарудың стратегиялық деңгейіне шығарды. Қоршаған ортаны қорғауда еліміздің тау-кен өндіруші компаниялары, атап айтқанда, Қазақстан экономикасы үшін басым маңызы бар мұнай-газ секторының алыптары ерекше рөл атқарады. Мәселен, еліміздің алғашқы және ірі мұнай-газ өндіруші компанияларының бірі Теңізшевройл (ТШО) компаниясы 2000 жылдан бері табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыруға 3,15 миллиард доллардан астам инвестиция салған.

Соңғы 20 жылда ТШО мұнай өндіруді 2,6 есе ұлғайта отырып, ауаны ластайтын зиянды заттардың шығарылуын 65 пайызға төмендеткен. Бұл нәтижеге ірі жобаларға инвестиция салу арқылы қол жеткізілген.

Қалалардағы ауа сапасы мәселесіне қайта оралсақ, Қазгидрометтің деректері бойынша Атырау облысының Құлсары мен Атырау қалалары - ластану деңгейі ең төмен аймақтар.

 

Айтолған ЖҮНІСХАН,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті