Қоғам • 30 Қаңтар, 2023

Былтыр өндірістегі жазатайым оқиғалардан 203 адам қаза тапты

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдың қорытындысы бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1465 жұмыскер зардап шекті, оның 203-і қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Былтыр өндірістегі жазатайым оқиғалардан 203 адам қаза тапты

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің мәліметінше, 2022 жылы өндірістік жарақаттану коэффициенті 0,22 құрады.

Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталып отыр. Мәселен, Қарағанды облысында - 180 адам, ШҚО-да – 169 адам, Қостанай облысында – 142 адам, Павлодар облысында – 112 адам, Ақтөбе облысында – 103 адам, Алматы қаласында – 114 адам зардап шекті.

Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 16,2 % және құрылыс саласында – 15 %.

Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (33,9%); өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (29%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (9,4%); қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерін бұзу.

Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен өндірістік жарақаттануды азайту Үкімет пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі.

Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,5%-ға түсті.

Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 2800 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды «халықтық бақылаушы» ретінде тартуды көздейтін «Халықтық бақылау» әлеуметтік маңызды жобасы енгізіліп жатыр. Бүгінгі күні жобаны жүзеге асыруға республиканың 240 кәсіпорны қосылып, онда 600-ден астам жұмыскер ішкі бақылауды жүзеге асырып келеді.

2019 жылдан бастап министрлік тарапынан «Нөлдік жарақат - Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру болйынша белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Оған бүгінде 332 кәсіпорын қосылды.

Сонымен қатар «Онлайн еңбек консультанты» электронды сервисі іске қосылды. Ол жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында қашықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін еңбек заңнамасының сақталуының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сервис жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзіндік тексеруден өтуін қарастырады. Сервис іске қосылғалы бері 13 854 жұмыс беруші оны пайдаланды.