Кітапхана – ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылықтың киелі ордасы. Ал осындай киелі орданың жүрегі – кітапханашы.

Кітапхана жұмысы көзге көріне бермейтін ағысы баяу терең өзен секілді. Осы қызықты да жауапты жұмысты атқаратын кітапханашылардың алға қойған мақсаты – ертеңі бар елдің жастарын өркениет әлеміне бастайтын жол көрсету, мәдениет көшінен қалдырмай, тәрбиелі, білімді ұрпақ қалдыру ісіне ықпал ету. Кітапхана өмірі – сырт көзге біліне, байқала бермейтін ағысы баяу, тулаған толқындар ішінде жататын өмір. Сол өмірге бойлап, дендеп енген адам ғана бұл шаңырақтың қасиеттілігін, кітапханашы мамандығының қыры мен сырын аңғара алмақ.
Қазіргі таңда кітапхана құндылығы қандай? Кітапханашы – үлкен құрметке ие мамандық. Себебі ұрпақтарды тәрбиелейтін ұстаз да, болашақтың басшысы да, данасы да, ғалымы да, еңбекқор егіншісі де, кеншісі де кітапханашы алдына келеді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты білімді болуға, ұлтжандылыққа тәрбиелеп жүрген кітапханашыларды да солай ардақтауға міндеттіміз. Сондықтан да, бұл мамандықтың абыройын көтеретін істер жасалынуға тиіс деп ойлаймын.
Қазіргі таңда елімізде кітапхана ісі мамандарын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті секілді іргелі оқу орындары даярлап келе жатыр. Аталған оқу орындарын бітірген жас мамандар өздері бітірген оқулары бойынша маман болып қалыптасып, жанашырлықпен еңбек етуі керек. Сол кезде ғана мамандық өз құндылығын көтереді.
Кітапханашы жас буынға рухани бағдар беретін тұлға ретінде танылуға тиіс. Заман көші ілгері жылжып, қазіргі ақпараттандыру кезеңінде оқулықтар, басқа да басылымдар электронды форматқа көшіріліп жатыр. Жаhандану заманында кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану – кітапхана саласын дамытып, оқырман қатарын толықтыруға септігін тигізері мәлім. Сондықтан да, заман талабына сай кітапхана қызметкерлері де жаңа белестерден көрінуге тиіс. Болашақта еліміздің кез келген өңірінде, шет аймақтарда жаңа технологиямен жабдықталған заманауи кітапханалар бой көтерер болса, бәсекеге қабілетті азаматтар қатары көбейері анық.
Бүгінгі таңда кітапхана – пайдаланушыларға ақпараттық қызмет көрсетудің негізгі қоғамдық-мәдени орталығы. Ал кітапханашы кітап қарауылы емес, сол кітаптарды және елімізде болып жатқан жағдайларды насихаттаушы, жаңашыл көзқарастағы тұлға, рухани мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші.
Болашақта еліміздегі кітапхана саласының дамуына өз үлесін қосар және осы мамандықты дәріптейтін жастар қатары толыға түссе, Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуға үлкен үлестерін қосқаны деп білеміз.
Ал кітапхана өркениетке жетелейтін күш екенін ұмытпайық.
Гүлмира СӘБДЕНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Жансая ҚОСМЫРЗА,
«Кітапханалық ақпараттық жүйе»
мамандығының докторанты
Қазақстанда запастағы офицерлер әскери қызметке шақырылады
Әскер • Бүгін, 10:27
Латын әліпбиіне көшетін түркітілдес елдерге қолдау көрсетіледі
Қоғам • Бүгін, 10:12
«Нурикамал» әнінің шығу тарихы
Өнер • Бүгін, 10:03
Еліміздің екі қаласында ауа сапасы нашарлайды
Экология • Бүгін, 09:55
Алматы тауларында адасып кеткен туристер құтқарылды
Қоғам • Бүгін, 09:45
Алматыдағы танымал фастфуд дүкені өртенді
Қоғам • Бүгін, 09:30
Ұқсас жаңалықтар