Қоғам • 31 Қаңтар, 2023

Жалған хабар таратқанға жаза қатаң

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы терроризм туралы жалған хабарлама беруге қатысты 181 қылмыстық іс қозғалып, 25 адам сотталған. Жалпы, Қылмыстық кодекстің 273-бабы, яғни терроризм актілері туралы жалған хабарлама беру бойынша тіркелген деректер 2022 жылы күрт өскенін байқауға болады.

Жалған хабар таратқанға  жаза қатаң

«Жарылғыш зат қойылды», «ғи­маратта бомба бар» деген сы­ңай­дағы жалған ақпарат беру­дің арты біраз жұртты әуре-сар­саңға салары белгілі. Оның үстіне аталған фактілерді тексеру біраз уақыт пен қаржыны талап етеді. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтер, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел тергеу топтары жұ­мылдырылады. Кәсіп­орын­дар­дың қалыпты жұмыс режімі бұзылады.

Бұл күштік құрылымдар жұ­­­мы­сының айтарлықтай ауыт­қуына әкеп соқтырады, тек­­сері­летін коммерциялық кәсіп­­орын­дар миллиондаған шы­ғынға ұшы­райтыны тағы бар. Тер­рор­лық шабуыл туралы жал­ған хабарламалар адамдарды эвакуа­ция­лау кезінде дүрбелеңмен аяқ­талып жататыны да жасырын емес.

Естеріңізде болса, өткен жылы жазда Қостанай облысының бір тұрғыны дәл осындай қыл­мы­сы үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған еді. Ол көршісінен кек алу мақ­са­тында оның электрондық пош­тасын бұзып, соның атынан Астана және Алматы қала­ларының 13 нысанына (сауда орта­лықтары, әуежайлар, банк­тер және т.б.) терроризм актісі туралы көрінеу жалған ха­бар­лама жіберген. Ал Алматы облысында құрдастарымен бәс­тесіп, электронды пошта арқы­лы 3 мектепті миналау туралы хабарлама жіберген 13 жасар бала анықталған болатын. Ақыр аяғы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамаған үшін оқушының ата-анасы жауапкершілікке тартылды.

Айта кету керек, құқықтық тәр­­тіпті қорғау органдарында қыл­­мыстық жауапкершілікке тарту үшін осындай құқық бұзу­шыларды жедел анықтау прак­тикалық тәжірбиесі бар. Тәжірибе көрсеткендей, қылмыскерлер тек ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де әрекет етеді.

Мәселен, қазіргі таңда Бас прокуратураның үйлестірумен Же­дел өзара іс-қимыл мақса­тын­да шет мемлекеттермен интернет кеңістіктегі анонимді ха­­бар­ламалардың авторларына қа­тысты деректер алмасу бо­йынша Будапешт конвенциясына («Компьютерлік қылмыстар туралы») қосылу мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Сон­дай-ақ Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бір­ле­сіп көрінеу жалған терроризм бойынша қылмыстық жауап­ты­лықты күшейту және құқық бұзушылықтың осы түрін «ауыр» санатқа жатқызу (7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мер­зімі) туралы мәселені көтеріп жүр.